Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы да өзгеріссіз қалдырды
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1,0 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 9,00% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды ҰБ баспасөз қызметі.
Тиісінше өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 10,00% және өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме – 8,00% болады.
«Шешім нақты инфляцияның шамалы баяулауына қарамастан проинфляциялық факторлар әсерінің сақталуымен негізделген. Бағаның өсу тәуекелдері электр энергиясына тарифтердің өсуіне, бензин бағасының жоғарылауына, мемлекеттік бюджет өлшемдерін нақтылауға, азық-түлік тауарларының сыртқы бағалары өсуінің жалғасуына, сауда әріптес елдердегі инфляцияның жеделдеуіне және вакцина егуден туындаған проблемалар аясында әлемде COVID-19-ға байланысты ахуалдың нашарлау ықтималдығының ұлғаюына байланысты. Ішкі секторда сұраныстың біртіндеп жандануын көрсете отырып, іскерлік белсенділіктің қалпына келу белгілері байқалды, бұған халықтың нақты ақшалай кірісінің өсуі ықпал етеді» делінген ресми хабарламада.
Регулятор жылдық инфляция серпіні Ұлттық Банктің бағалауынан төмен қалыптасатынын айтады. 2021 жылдың наурыздағы қорытындысы бойынша ол 2021 жылғы ақпан мен қаңтардағы 7,4%-бен салыстырғанда 7,0%-ға дейін төмендеді.
Азық-түлік компоненті бағаның жылдық өсу қарқынының 2021 жылғы ақпандағы 11,6%-дан наурызда 10,7%-ға дейін баяулауына қарамастан инфляцияға негізгі үлесін қосуды жалғастыруда. Азық-түлік тауарларының құрылымында азық-түлік өнімдерінің басым бөлігіне бағаның жылдық өсу қарқынының баяулауы байқалады, бұл көбінесе сұраныстың артуы және жеткізілімдердің кідірісі аясында бағаның айтарлықтай өсуі байқалған 2020 жылдың жоғары базасымен түсіндіріледі. Бұл ретте, жекелеген тауарлар (күнбағыс майы, жұмыртқа) құнының жылдық өсуі жалғасуда.
Ұлттық банк дерегне жүгінсек, азық-түлікке жатпайтын компоненттер инфляциясы 2021 жылғы ақпандағы 5,2%-дан 2021 жылғы наурыздағы 5,6%-ға дейін артқан. Бұл, атап айтқанда, аяқ киім, киім және бензин бағасының көтерілуіне байланысты. Бұл тауарлар бұрын азық-түлікке жатпайтын инфляцияға негізгі тежеуші әсер еткен еді.Ақылы қызметтер бағасының өсу қарқынының төмендеуі байқалады. Бұл компоненттің инфляциясы 2020 жылғы желтоқсандағы 4,2%-дан 2021 жылғы наурызда 3,7%-ға дейін баяулады. Реттелетін коммуналдық қызметтерге жылдық дефляция және тұрғын үйді жалдау мен көлік қызметтері бағасының жылдық өсу қарқынының баяулауы төмендеудің негізгі факторлары болды.
Базалық инфляцияның әртүрлі бағалаулары инфляциялық процестердің басым түрде нысаналы дәлізден жоғары қалыптасуын көрсетеді. Экономикада жекелеген азық-түлік тауарларына бағаның жоғары өсуі әлі де сақталып келеді, ал азық-түлікке жатпайтын кейбір тауарлар мен қызметтерге бағаның өсу серпіні тұтынушылық сұраныстың біртіндеп қалпына келуін көрсетуі мүмкін.
«Инфляциялық күтулердің жоғарылауы байқалады. 2021 жылғы наурызда бір жылға инфляцияны сандық бағалау 6,9% болды (2021 жылғы ақпанда 6,7%). Келесі 12 ай ішінде қазіргі өсудің сақталуын не бағаның неғұрлым жылдам өсуін күтетін респонденттердің үлесі 44%-ға (2021 жылғы ақпанда 42%) дейін жоғарылады.Ішкі экономикадағы ахуал біртіндеп жақсарып, Ұлттық Банктің болжамдарына сәйкес дамып келеді (2021 жылы 3,4-3,7%-ға өсті). Қазақстан экономикасы 2021 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша жылдық мәнде 1,6%-ға қысқарды. Қаңтарда ІЖӨ-нің төмендеуінен кейін ақпанда экономиканың қысқару қарқыны баяулады. Наурызда ІЖӨ серпіні өсу аймағына өтті. Өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ақпарат және байланыс, ауыл шаруашылығы және мемлекеттік сектор салалары тұрақты өсуді көрсетті. Тау-кен, сауда және көлік салалары ІЖӨ серпініне негізгі теріс үлес қосты» деп хабарлайды ҰБ.
Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім алдағы «2021 жылғы мамыр-маусым» болжамды раундының нәтижесіне сай қабылданады және инфляция мен басқа макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша жаңартылған болжамдарға, сондай-ақ тәуекелдер теңгеріміне негізделеді.