Қазақстандықтардың дүние-мүлікті қалай жиғаны тексеріледі

Жарияланды
Бұл бастама бес жылдан соң жүзеге асырылмақ

2025 жылға дейін жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлкі, сондай-ақ жалпыға бірдей декларацияда көрсетілген басқа да дүние-мүлік, активтерді қалай тапқаны тексерілмейді. Тек 2025 жылдан бастап бұл активтердің заңды немесе заңсыз жолмен келгені тексеріле бастайды. Қаржы министрлігі тәуекелдерді басқару жүйесін (ТБЖ) қолдана отырып, жеке тұлғаларды санаттарға бөлу үшін өз нормативтік актілеріне өзгерістер енгізді. Жеке тұлғаларды жалпыға ортақ декларациялауды енгізу барысын талқылаған Үкімет отырысында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ТБЖ бірқатар критерийлерге негізделгенін атап өтті.

Атап айтқанда, жеке тұлғаның кірісі мен дүние-мүлкі туралы декларацияда көрсетілмеген шетелдік активтер мен шоттары болса, оның активі жылдық жиынтық табысынан екі және одан да көп сомаға артса, шетелдік интернет-дүкендерден түрлі қымбат тауарлар сатып алса немесе шетелден әкелсе, сонымен қатар, қаржылық міндеттемелерін бірнеше рет орындамағаны анықталса, тексеріске негіз болады.

Алдағы бес жылда елдің бәрін қамтитын жалпыға ортақ декларацияда Қазақстан Республикасындағы және оның шегінен тыс жерлердегі мүлік туралы деректер, бағалы қағаздар, тұрғын ғимаратындағы үлес, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік, авторлық құқық нысандары, айлық есептік көрсеткіштің 10 000 еселенген шегіндегі қолма-қол ақша, дебиторлық/кредиторлық берешек және және құны 1000 есе АЕК мөлшерінен асатын басқа да мүліктер қамтылады.

Қаржы министрі жалпыға ортақ декларациялаудың мақсаты — жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін бақылаудың тиімді жүйесін құру екені айтып өтті. Сонымен қатар бұндай жүйе көлеңкелі экономикаға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған, бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз етуге ықпал етпек.

Декларация тапсыру кезең-кезеңімен енгізіледі, мемлекеттік қызметкерлерден басталып, 2025 жылы елдің бәрін қамтиды. Биыл 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар үшін жалпыға ортақ декларациялауды енгізудің бірінші кезеңі басталған еді.

Ал 2023 жылдан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері мен олардың жұбайлары декларация тапсыра бастайды.

2024 жылдан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары, ал 2025 жылдан бастап азаматтардың барлық қалған санаттары тапсыра бастайды.

Қазақстанда декларацияларды қабылдау бойынша электрондық сервистер жұмыс істейді: салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz), «Электрондық үкіметтің» веб-порталы және «Е-Salyq Azamat» арнайы мобильді қосымшасы.

Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, «Азаматтарға арналған үкімет» МК инфрақұрылымын кеңейту бойынша шаралар қабылданған. Атап айтқанда, салықтық декларацияны қағаз түрінде халыққа қызмет көрсету орталықтары, мемлекеттік кірістер органдары немесе пошта бөлімшелері арқылы ұсынуға болады. Корпорацияның фронт-офистері «Connection Point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторымен жабдықталған.

«Халыққа ыңғайлы болу үшін декларация тапсыруға электрондық қызметтер – салық төлеуші кабинеті, «Электрондық үкімет» веб-порталы және «Е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы бар. Тұрғындар электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) алуға онлайн өтінім бере алады, ал «Салық төлеушінің кабинетіне» смс-код арқылы ЭЦҚ-сыз кіруге болады» деп түсіндірді Е. Жамаубаев.

Мемлекеттік кірістер комитетінің веб-порталында «Жалпыға бірдей декларациялау» бөлімі құрылды, онда қажетті ақпарат және жиі қойылатын сұрақтар бойынша жауаптар жинағы орналастырылған.

Декларациялауды оңайлату мақсатында декларациялауға жататын мүліктің тізбесін нақтылау және жыл сайынғы қысқаша декларацияны беру жөніндегі міндеттемені алып тастау бойынша заңнамалық шаралар қабылданды.

Жалпыға бірдей декларациялау жүйесінде активтер мен міндеттемелер туралы «кіріс» декларациясы ұсынылады.

Декларацияны тапсыру мерзімі: қағаз түрінде – 15 шілдеге дейін, электронды түрде – 15 қыркүйекке дейін.

«Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген адамдар кейіннен кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынуы тиіс. Бұл ретте активтер мен кірістер бойынша айналымдар болмаса, кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсынбауға болады. «Кіріс» декларациясын тапсыру қорытындысы бойынша камералдық бақылау жүргізілетін болады. Содан кейін заңнаманы жетілдіру және ақпараттық жүйелерді пысықтау жөнінде шаралар қабылданады» деді Е. Жамаубаев.

Декларациялаудың бірінші кезеңі аясында бүгінгі күні 437 мыңнан астам адам салық есебін ұсыныпты. Бұл жоспарланған көрсеткіштің 91% құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз