Теміртауда 6 миллион теңгенің мүлкі жанып кетті
Теміртауда контейнер өртеніп, алты миллион теңгенің мүлкі жанып кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысы, Теміртау қаласының ПБ-на контейнер өртенгені туралы хабарлама келіп түсті. Онда құрылыс және химиялық материалдар болған. 47 жастағы жәбірленуші контейнерде алты миллион теңгенің мүлкі болғандығын мәлімдеді.
Оқиға болған жерде бейнебақылау камерасы арқылы анықтау жұмыстары жүргізілді. Бейнежазбада белгісіз біреу контейнердің жанына орнатылған қоқыс жәшігін өртегені анықталды. Жалынның ұшқындары құрғақ шөпті тұтатып, көп ұзамай от контейнерге жеткен.
Криминалдық полиция қызметкерлері 28 жастағы ер адамды ұстады, ол кінәсін мойындады. ҚР ҚК-нің 204-бабы (Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.