Маңғыстау облысының тұрғыны үйінде бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз сақтаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 26 сәуірінде Түпқараған аудандық Полиция бөлімінің кезекші пультіне Форт-Шевченко қаласында жекеменшік үйде бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз сақтау дерегі туралы хабарлама келіп түсті.
Тінту іс-шараларын жүргізу барысында жеті тоңазытқыштан жалпы салмағы екі тонна 730 келі болатын 633 дана бекіре балығы табылды.
Полиция қызметкерлері балықты тәркілеп, «ҚазақОсетр» ЖШС балық фермасына тапсырды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 339-бабы 3-бөлігі (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.