Қаржы нарығындағы ахуал қандай?

Жарияланды
Жылдық инфляция 7 пайызды құрады

Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша 2021 жылғы наурыз айындағы  инфляция – 0,6%, ал жылдық инфляция 7,0% деңгейінде қалыптасқан.  Жылдық инфляция құрылымында азық-түлік – 10,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 5,6%, ақылы қызметтер 3,7%-ға қымбаттаған. Ұлттық банк жариялаған хабарламада осындай мәлімет келтіріледі. 

Халықаралық резерв көлемі қанша?

Ұлттық Банктің халықаралық резерві 2021 жылғы наурызда 3,3%-ға (жыл басынан бастап 5,9%-ға) төмендеп, 33,5 млрд АҚШ долларын құраған.

 Халықаралық резервтің азаюына алтын бағасының құлдырауы, еуробондтарды өтеуге негізделген Ұлттық Банктің шоттарындағы ЕДБ қаражаты көлемінің қысқаруы, сондай-ақ сыртқы борышты төлеу әсер еткен. 

Алдын ала дерек бойынша, еліміздің жалпы халықаралық резервтері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (57,1 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, 2021 жылғы наурыздың соңында 90,7 млрд АҚШ долларын құрады.

Базалық мөлшелеменің жайы 

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бірнеше рет өзгеріссіз қалдырды. Ақша нарығында ақша-кредит саясаты операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) мөлшерлеме – TONIA индикаторы  2021 жылғы наурызда пайыздық дәліз ішінде қалыптас. 2021 жылғы наурызда TONIA орташа алынған мәні жылдық 9,2%-ды құрады (2021 жылғы ақпанда – 8,7%). 

Теңге неге құнсыздана береді?

2021 жылғы наурызда теңгенің биржалық айырбастау бағамы 1 АҚШ доллары үшін 417,97 -424,97 теңге аралығында өзгерді. 2021 жылғы наурыздың соңында теңгенің АҚШ долларына биржалық бағамы бір айда 1,9%-ға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 
424,97 теңге болды.

Теңге – АҚШ доллары валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 10,5 млрд АҚШ долларын құраған, соның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі – 2,5 млрд АҚШ доллары, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі – 8,0 млрд АҚШ доллары. Биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлемінде бір еншілес банктің үлесі 77,2% немесе 6,2 млрд АҚШ долларын құрады (2021 жылғы ақпанда – 72,3% немесе 6,2 млрд АҚШ доллары), бұл оның меншікті капиталды валюталық тәуекелдерден хеджирлеуіне байланысты болды. Бұл операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасына сұраныстың немесе ұсыныстың арақатынасына әсер етпейді.

Банк депозиттерінде қанша қаржы жатыр?

Халықтың депозитте сақтаған ақшасы бір айда 3,7 пайызға өсіп, 23 378,4 млрд теңгені құраған. Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 4,7%-ға артып, 11 896,4 млрд теңгеге жетсе, жеке тұлғалардың депозиттері 2,6 пайыз өсі,  11 482,0 млрд теңге болған. 
Соның ішінде 14 751,8 млрд теңге – ұлттық валютада, 8 626,6 млрд теңге шетел валютасында сақтаулы.   Долларландыру деңгейі 2021 жылғы наурыздың соңында 36,9% болды. 

Кімде қанша кредит бар? 

Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 1,7%-ға артып  2021 жылғы наурыздың соңында 14 792,7 млрд теңгені құраған. Заңды тұлғаларға берілген несие көлемі 7 058,9 млрд теңгеге жетсе, жеке тұлғалар 7 733,7 млрд теңге несие алған. 

Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі бір айда 1,7%-ға 12 983,2 млрд теңгеге дейін өсті. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 1,0%-ға, жеке тұлғаларға кредиттер – 2,3%-ға өсті. Шетел валютасындағы кредиттер көлемі 1,1%-ға 1 809,4 млрд теңгеге дейін жетті. Кредиттердің теңгедегі үлес салмағы 2021 жылғы наурыздың соңында 87,8% құрады (2020 жылғы желтоқсанда – 87,0%). 

 Есесіне шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берілген несие 5 пайызға қысқарған. 
 

Сондай-ақ оқыңыз