Ресурстар

Жүкті әйелдерге тегін көрсетілетін медициналық қызметтер

Жұмыс істесе де, істемесе де олар сақтандырылады

Жүкті әйелдер жұмыс істесе де, жұмыс істемесе де міндетті медициналық сақтандыру (МӘМС)  аясында сақтандырылады. Демек, ол бірқатар қызметті тегін алады. Өйткені елімізде жүкті әйелдер жеңілдік алуға құқылы азаматтар қатарында. Ендеше, МӘМС шеңберінде сізге қандай қызметтер көрсетілуге тиіс, соны талдайық. 

МӘМС жарнасын кім төлейді?

Айтқандай, кез келген жүкті келіншек сақтандырылған. Егер ол жұмыс істейтін болса, МӘМС жарнасын жұмыс беруші қызметкерінің жалақысынан төлейді. Ал енді жұмыссыз әйелдерге мемлекет береді. Яғни елдегі соңғы екі жылдағы орташа айлық жалақы мөлшерінің 1,6 пайызын төлейді. Жеңілдіктің бұл түріне, сондай-ақ, үш жасқа дейінгі баласы бар, күндізгі бөлімде оқитын қыз-келіншектер, батыр аналар да ілінеді. Ал енді ресми жұмысы жоқ, бірақ бірыңғай жиынтық төлем төлейтін әйелдер МӘМС аясында сақтандырылып қана қоймай, босанғанға дейінгі берілетін бір реттік төлемді де ала алады.  

МӘМС-те сақтандырылғандықтан, жүкті әйелдер тегін медициналық көмектің барлық түрін алуға құқылы. Сонымен қатар, қымбат диагностикалық тексерістерден де өте алады. Мысалы, 2020 жылдың қорытындысы бойынша жүктілердің қаралуына байланысты 300 мыңнан астам биохимиялық скриниг, 522 мың УДЗ, 4 617 инвазим пренаталдық диагностика жасалған. Оның ішінде млоекулярлық цитогендік зерттеулер де бар. Сондай-ақ, 83 мың генетик кеңесіне қаралуға мүмкіндік берілген. 

Қабылдау қалай жүруі керек?

 Жүкті әйелдер жүктіліктің 12-аптасына дейін есепке тұрып, тіркелуге тиіс. Ол үшін әйел алдымен өзі тіркелген емханаға барады. Жалпы тәжірибелік дәрігердің алдынан өтіп, гинекологқа жіберіледі. Осылайша толық тексеріс өткізіліп, қажетті анализдерді тапсыруға бағытталады. Кейіннен жүкті әйелді бақылауға қатысты жеке жоспар жасалады. Ол дегеніміз оның денсаулық жағдайын, мүмкін болатын тәуекелдерді ескеріп жасалуы керек. Негізі қалыпты өтетін жүктілік кезінде босанғанға дейін акушер-гинекологтың қабылдауына жеті рет барады. Осы қабылдаулар кезінде түрлі зертханалық, ультрадыбыстық және өзге де қажетті зерттеулер тегін жасалады. 

Босандырғандар ақысын мемлекет төлей ме?

Пациент бекітілген скринигтерге үш күн ішінде келмеген болса, үйіне акушер мен медбике баруға міндетті. Ол да тегін. Ақысыз жүретін қызметтің ендігі түрі — босану процесі. Жұмыс істейтін де, істемейтін де әйел тегін босанады. Дәрігерлердің босандырып алғаны үшін Медициналық сақтандыру қоры төлейді. Ал төлем болса, белгілі бір тарифтерге байланысты. Айталық, былтыр жылдың алғашқы бөлігінде босандыру ақысы жеңіл босанған жағдайда 85 мың теңгеден басталған. Ал күрделенген сайын, яғни операция жасауға мәжбүр болғанда 579 мың теңгеге дейін болған. Бұл тарифтің ішінде аман-есен өмірге келген сәбиге көрсетілетін медициналық көмектің де ақысы кіреді. Ал енді балаға қандай да бір қосымша процедуралар, ем, профилактика, реабилитация қажет болса, оны да медициналық ұйым тегін өткізуі керек. Себебі жаңа туған балалар үшін де жасалуы керек төлемді Медициналық сақтандыру қоры жүргізеді. Айтпақшы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қазақстандық әйелдер эксртакорпоральдық ұрықтандыру, яки ЭКО қызметіне де жүгіне алады.