Жекелеген өңірлерде ауыл шаруашылығы дақылдары мен ірі қараны ерікті агросақтандыру механизмі жұмыс істейді. Айта кету керек, сақтандыру сыйақылары субсидияланады. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі 2020 жылдан бастап агроөнеркәсіп кешенінде жаңа сақтандыру жүйесі қолданысқа енгізілгенін еске салды:
– сақтандырудың ерікті сипаты: бұрынғы міндетті сақтандыру болмайды. Енді жауапкершілік ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өзідеріне жүктеледі;
– сақтандыруды мемлекеттік қолдау формасын өзгерту: бұрын сақтандыру төлемдері субсидияланған, енді сақтандыру сыйақылары субсидияланады;
– шарт жасасудан төлемдерге дейінгі барлық процесс автоматтандырылған және электрондық платформада жүргізіледі. Бұл – адами факторды болдырмайды және процестің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандыру операторы – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ.
Бүгінгі күні сақтандыру сыйақыларын, сондай-ақ мал шаруашылығы және Өсімдік шаруашылығы (құрғақшылықтан және артық ылғалдың салдарынан) саласындағы сақтандыру өнімдерін субсидиялау қағидалары бекітілді.
Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарының аумағындағы дәнді (бидай, сұлы, арпа) және майлы дақылдарды (күнбағыс, зығыр, рапс, жүгері) сақтандыруға болады.
Мал шаруашылығында «ірі қараны сақтандыру» өнімі бекітілді. Оның бірқатар тәуекелі бар. Тәуекелдердің қатарына инфекциялық және аса қауіпті аурулар, өрт, үшінші тұлғалардың қасақана жасайтын әрекеттері, қауіпті табиғи немесе стихиялық құбылыстар, сондай-ақ жазатайым оқиғалар – найзағай түсу, жыртқыш аңның шабуылы, қауіпті жарақат және т.б. кіреді.