Жаңалықтар

Қай саланың мамандары 500 мыңнан жоғары жалақы алады?

Елдегі айлық атаулы орташа жалақы – 230 829 теңге

Елімізде ең  жоғары атаулы жалақыны тау-кен өндіру өнеркәсібі саласы мен карьер қазатын мамандар алады. Олардың айлығы 509,8 мың теңгеге жетеді. Бұл ел бойынша орташа жалақыдан 2,2 есе көп. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2021 жылғы І тоқсанда бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 230 829 теңгені құраған. Атаулы жалақы индексі 2020 жылғы тиісті тоқсанында 115,2%, ал нақты жалақы индексі 107,4%  болған.

Айта кетейік, халықаралық стандарттарға сәйкес, бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы қосымша ақы, үстемақы, сыйақы, сондай-ақ салық пен басқа да ұсталымдарды (табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналарын) есепке ала отырып қалыстастырылады.

 Тау-кен өнеркәсібінен кейін қаржы және сақтандыру саласы келеді. Қаржы саласы мамандарының жалақысы 420,8 мың теңгенің айналасында. 

 Ал кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтегі мамандар орта есеппен  345,7 мың теңге айлық алса, ақпарат және байланыс саласында қызмет ететіндердің айлығы 328,1 мың теңге көлемінде. 

Ал ең төменгі атаулы жалақыны ауыл, орман және балық шаруашылығының қызметкерлері алады: 116,1 мың теңге.  Сонымен қатар, сумен жабдықтау, қалдық жинау, өңдеу және жоюмен айналысатын қызметкерлерді жалақысы аса жоғары емес. Олардың орта атаулы жалақысы 141,8 мың теңге көлемінде қалыптасқан. 

Өңірлер бойынша алсақ,  ең жоғарғы орташа айлық жалақы –  Атырау облысында –  405,8 мың теңге, орташа республикалық көрсеткіштен шамамен 1,7 есе жоғары. 

Солтүстік Қазақстан облысында атаулы жалақы  166,7 мың теңгені құраған,  бұл көрсеткіш елдегі орташа деңгейден 27,8%-ға төмен.

29042021-1k.PNG