Өмірді сақтандыру — өзекті мәселе
Дамыған елдерде өмірді сақтандыру әдеттегі жағдайға айналғалы қашан. Ал біздегі тенденция енді ғана қарқын алып келе жатыр. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сүйенсек, 2019 жылы өмірді сақтандыру сыйақыларының ЖІӨ-дегі үлесі бойынша 49-орында тұр екен. Яғни елдің ЖІӨ көрсеткішінің 0,1 пайызын ғана сақтандыру сыйақылары құраған. Ал көшбасшы елдердің қатарында Тайвань (ЖІӨ-нің 18,7 пайызы), Гонконг (ЖІӨ-нің 16,6 пайызы), ОАР (ЖІӨ-нің 9,9 пайызы), Дания (ЖІӨ-нің 7,9 пайызы) және Сингапур (ЖІӨ-нің 7 пайызы) бар.
Қазақстанда қазіргі таңда өмірді сақтандыратын 9 компания бар. Атап айтқанда, «Халык-Life», Nomad-life, Freedom Finance Life, «Еуразия», «Еуропалық сақтандыру компаниясы», Standard Life, Мемлекеттік аннуитеттік компания, «Сентрас Коммеск Life». Сақтандыру сыйақысының мөлшері соңғы бес жылда екі есеге жуық өскен. 2020 жылы 229 млрд теңгені құраған. Аталған сыйақының ішіне төлемдерге, агенттік сыйақыны төлеуге, сақтандыру келісімшартын бұзған жағдайда сыйақының бір бөлігін қайтаруға кететін шығындар кіреді.
Ал енді өмірді қандай жағдайлардан сақтандыруға болады? Бірнеше нұсқасын атап өтсек. Мысалы, кредиті бар адам өмірден өтті делік. Оның қарызын мұрагерлерінің мойнына іледі. Өйткені кредит — марқұмның мұрасы. Қазіргі таңда кредит рәсімдеп жатқан кезде құжатта мұрагерді көрсетуге болады. Осылайша сол адамға сақтандыру төлемі беріледі. Спорт саласындағылардың өмірі үнемі қыл үстінде. Өйткені ойда жоқта жарақат алып қалуы әбден мүмкін. Статистикаға сүйенсек, футболда жарақат алу 1000 жағдайдың отызында кездеседі екен. Хоккейде бұл шама екі есе аз деседі. Алысқа бармай өзімізден мысал келтірсек. Ел біріншілігінде «Оқжетпес» футбол клубының ойыншысы жарақат алып қалып, жедел медициналық көмек көрсетілді. Ал оның рәсімдеген сақтандыру полисінің арқасында ол төлемді уақытылы алған. Сол сияқты өзге де оқыс жағдайлардан өмірді сақтандыруға болады. Яғни сондай жағдайларда сізге бірден сақтандыру полисі арқылы ақша аударылады.
Автокөлік өртеніп кетсе не жантүршігерлік жол апаты болған кезде де сақтандырылған адамға төлем жасалады. Тірі қалса, еміне жұмсалады. Ал соңғы қайғылы жағдайға ұласса, туыстарына беріледі. Мәселен, 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында ер адам жол апатына түсіп, қайтыс болған. Оған дейін банктен қарыз алып, сол кезде сақтандыру рәсімдеген. Сол төлемнің арқасында банктегі кредитін туыстары бірден жауып тастаған. Бір айта кетерлігі, мұндай сақтандыру полисін рәсімдеу процесі міндетті емес. Яғни заңға сәйкес, банктер қарыз алушының мойнына міндеп қылып іле алмайды. Барлығы ерікті түрде жасалуға тиіс. Яғни бәрі де клиенттің келісімен жүзеге асырылады. Сақтандырудан бас тартқысы келсе, онда ол — клиенттің құқығы. Банктердің статистикалары бойынша, кредиттердің жартысынан астамы өмірді сақтандыру қызметінсіз беріледі екен.
Десек те, кепілді несие кезінде сақтандыру міндеттелуі бек мүмкін. Себебі банктер сақтандыруды ұсыну арқылы бірінші кезекте кредитті қайтармаған жағдайдағы өздеріне артылатын тәуекелді есепке алады. Өмір болған соң, түрлі жағдай орын алатыны белгілі. Банктер әдетте кредит алған кезде сақтандыруды белгілі бір азаматтар категориясына ұсынады. Бірінші кезекте, қарыз алушының жасына қарайды. Егер жасы егде адам болса, оған өмірін сақтандыру ұсынылады. Кей банктер зейнеткерлерге мүлдем кредит бермейді. Ал кейбірінде несиені төлеп біткен кезде жасы 75-тен аспауы керек деген шарт қояды. Қалай десек те, бастысы келісімшартты дұрыстап оқу маңызды.