Инвестиция

Үйге арналған қай тауарға ақша шығындап қажет емес?

Мына заттарды қымбатқа алмаған жөн

Қазір тұрмыстық тауардың түрі көп. Көзіміз қызығып, бағасына қарамай ала салатын кез бәрімізде болатын шығар. Алуын алып, қайда қоярымызды білмейтін сәттер тіпті жиі болуы мүмкін. Ас бөлмесі кең, орын мол үйдің жөні бөлек. Ал қарапайым 10 шақты шаршы метр ас бөлмесінен орын табу көбіне мұң болатыны рас. Ендеше, қандай затты аларда он ойлану керегі жайлы топтаманы назарыңызға ұсынамыз. 

Көп қолданбайтын тұрмыстық техника

Бүгінгі тақырып ас бөлмесіне қатысты болғандықтан, тұрмыстық техниканың да ас үйге арналғандарын талдайық. Техника сататын дүкенде таңдау көп. Әсіресе, вафля, құймақ, фондю, нан, шашлык пісіретін арнайы құрылғылар самсап тұрады. Жарнамадан жиі жарқ етіп, әлеуметтік желіде фудблогерлердің аспандатып мақтайтыны тағы бар. Соған қызығып, кейде арнайылап сатып аламыз. Әлбетте, арнайы техникамен істеген тағамның дәмді шығу ықтималы жоғары. Десек те, айына бір не одан да аз істейтін болсаңыз, бекер ақша шығындаудың қажеті жоқ. Ал егер тіпті алғыңыз келіп бара жатса, жиі пісірмейтін жағдайда арзандауын алыңыз. Жиі пайдаланбаған соң бұзылып қалу қаупі төмен, қалтаңыздан да қақпайды. Ал негізі құймақтың арнайы табасын алмай-ақ, үйдегі қолданып жүрген табаға пісіріп үйрену қиын емес. 

Ыдыс-аяқ

Қымбат әрі сапалы ыдыс дегенде бірінші кезекте қазан, таба, кәстрөлді ойлаңыз. Өйткені оны күнде қолданып қана қоймай, ұзақ ұстайтыныңыз, денсаулығыңыз үшін маңызды екенін де ұмытпаңыз. Ал енді шыны ыдыс-аяққа қатысты ондай талап жоқ. Себебі қымбатын алсаңыз, сынбайды деп айта алмаймыз. Сонымен қатар, элит ыдыс-аяқтардың сыртында көбіне түрлі ою-өрнек, жазу, принт болады. Демек, оны күнде қолдана берген соң, уақыт өте келе жазуы мен бояуы кетеді. Қымбат ыдыстың кейбірін қысқа толқынды пешке салуға келмейтіні тағы бар. Сондықтан күнделікті қолданысқа бағасы арзандау болса да, әдемі ыдыстарды таңдаған дұрыс. 

Ас үйге арналған сүрткіштер, майлықтар

Тамақ істейтін жерде бірдеңенің төгіліп, майдың шашырауы қалыпты. Ондайда майлықпен сүртіп аламыз. Сол сүрткіштерді жиі ауыстырып не жуып тұру керек. Әйтпесе, иістеніп, матасы қатты болып кетеді. Оның соңы бактериялардың жиналуына әкеліп соғады. Сол себепті ас үйге арналған майлықтардың қымбатын алудың аса қажеті жоқ.

Тақтайлар 

Нан тілетін, ет, жеміс-жидек турауға арналған тақтайдың қазір түрлі материалдан жасалған түрі бар. Әсіресе, ағаштан жасалғандары көз тартып, әдемі көрінеді. Бағасы да соған сәйкес қымбаттау. Десек те, уақыт өте келе әлгі ағаш тозып, ішіне бактериялар жинала бастайды. Сондықтан ақыры жиі ауыстыру қажет болса, пластик тақтай ала салған жөн. Ал егер әдемілікті қалап, қыруар ақша төлеуден тайынбасаңыз, өте қымбат бағаға тастан жасалған түрін алсаңыз болады. Ол расында тиімдірек. Бірақ қалтаға ауырлық қылуы мүмкін.  

Балаларға арналған тауарлар

Әдетте, алғашқы балаға бәрін алғымыз келіп тұрады. Салмағын сағат сайын өлшеу үшін таразы алудан бастап, жөргектерін салуға арналған утилизатор, балаларға арналған блендер деп жалғастыруға болады. Ас бөлмесіне қатысты тауарларды талдасақ. Мысалы, блендердің арнайы түрін алмай-ақ, үйдегі барымен базар болғанда тұрған ештеңе жоқ. Ал сүт не су ішетін бөтелкелерін стерилизация жасау үшін құрылғы алып аса қажет емес. Қайнаған суда, қысқа толқынды пеште жасауға әбден болады.   

Кілем таңдағанда есіңізде болсын!

Ас бөлмесінен бөлек, бірнеше тауарларға да тоқталайық. Мәселен, кілемдер. Түкті кілемдердің бағасы қымбат, ұзаққа жарайды, үйге ерекше сән береді. Әрі жұп-жұмсақ, жылу сақтайтын қасиеті тағы бар. Дегенмен мұндай кілемдердің күтімі қиын. Үстіне бірдеңе төгіп алсаңыз, дұрыстап тазалап, кептіру қажет. Ал үй жануарын ұстайтындарға тіпті қиын. Өйткені бүрге шығып, кілемнің үстіне түссе, оны әбден өңдеп, ыстық бумен тазалау керек болады. Мол сумен жуған жағдайда оны дұрыстап кептірмесе, асты көгеріп кетеді. Егер мұндай күтім жасауға әзір болмасаңыз, қазір сәнге айналған түгі жоқ, синтетикалық кілемді таңдаған жөн. Оларды тазалау оп-оңай, бағасы да әлдеқайда арзан.