Биыл қаңтар–ақпан айларында мемлекеттік бюджет шығыны 2,6 трлн теңгені құраған. Бұл сома былтырмен салыстырғанда 20 пайызға артық. Қаржы негізінен әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және білім беру салаларына жұмсалған деп жазады Finprom.
Салыстырар болсақ, 2020 жылдың осы кезеңінде мемлекеттік бюджет шығысы 2,2 трлн теңгені құраған болатын.
Жыл басындағы екі айда мемлекеттік бюджет шығынының төрттен бір бөлігі әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қолдауға жұмсалған: 665,1 млрд теңге. Бір жыл бұрынғы шығыннан 11,7 пайызға көп.
Екі айлық бюджет шығынының 18,6%-ы, яғни 488,6 млрд теңгесі денсаулық сақтау саласына кеткен. Сарапашылар денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы бір жылда 70 пайызға өскенін айтады.
Денсаулық сақтау саласынан кейін ең көп қаржы бөлінетін сала – білім беру. Екі айда білім беру саласына 482, 2 млрд теңге жұмсалған.
Жалпы биыл барлық салаларға жұмсалған шығын көлемі артқан. Дегенмен, мемлекеттік қызмет, мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық сала, отын-энергетикалық кешен мен жер қойнауын пайдалану, сондай-ақ өнеркәсіп, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласына жұмсалатын шығын біршама қысқарған.
ҚР Үкіметінің ресми ақпараттық сайты еліміздің қаржы министрі Үкімет қарауына 2021 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын ұсынғанын хабарлаған болатын.
Бұл бюджет жобасында «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру іс-шаралары, мемлекет басшысының стратегиялық бастамалары мен тапсырмалары, пандемиямен күрес жөніндегі шаралар ескерілді. Оларға жұмсалатын бюджет шығыны 1,3 трлн теңгеге артып, жалпы республикалық бюджет шығыстары 15 334 млрд теңге көлемінде болжанған. Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге қатысты 3,5% деңгейінде қалуы тиіс.
2021 жылдың екі айында денсаулық сақтау саласына жұмсалған мемлекеттік қаржыны жан басына шақсақ, 25,8 мың теңгеден келер еді. Былтыр жыл басындағы екі айда денсаулық сақтау саласына 2 трлн теңге жұмсалған. Яғни алдыңғы жылмен салыстырғанда, 50 пайыз өскен.