Ертіс-Баян өңірінде шыбын-шіркей улау жұмыстары – көктем келе күн тәртібіне шығатын өзекті мәселе. Жергілікті әкімдіктің хабарлауынша, биыл барлығы 27 мың гектар аумақ өңделеді. Бұл былтыр өңделген көлемнен 10 мың гектарға артық.
Осы орайда «ТЕК.А.ТЕК» ЖШС – ғылыми, ал «Казахсельмаш-Строй» ЖШС улау жұмыстарымен айналысады. Бұл мақсатқа үш жылға барлығы 1,5 млрд теңге қарастырылып отыр. Яғни, жыл сайын шыбын-шіркей улауға 500 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалады.
Ғылыми сүйемелдеу сәуірдің ортасында басталып, дернәсілдердің даму сатысын бақылау жұмыстары жүргізілді. Соның қорытындысы бойынша Ертіс өзені мен жағалауында дезинсекция шаралары басталды. Ертіс өзенінің негізгі және жылы ағысына биологиялық препарат – «Бактицид» құйылды. Биыл «Бактицидтің» 70 тоннасы пайдаланбақ. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 тоннаға көп. Сонымен қатар, өсіп-жетілген масаларды улау үшін химиялық препарат қолданылады.
«Бактицидтің» адам, жануарлар мен өсімдіктерге кері әсері жоқ. Ол тек шыбын-шіркей дернәсілдерін жояды. Химиялық препараттан да келер зиян жоқ. Аллергия болмауы керек» дейді «Казахсельмаш-Строй» ЖШС өкілі Қайрат Байбосынов.
Өңдеу жұмыстары кезінде шашыратқыш құралдар, «ыстық тұман» генераторы, АН-2 ұшағы пайдаланылмақ. Дезинсекциялық шаралар маусым айына дейін жалғасады. Мердігерлердің жұмыс нәтижесі 80 пайыз тиімді болса ғана, мемлекеттік қазынадан оларға қаржы төленеді.