Адамдар пойыз бен автокөлікке қарағанда әуе сапарына ерекше жауапкершілікпен қарайды. Өйткені ұшақ бір минут кешігуді кешірмейді. Қаншалықты жылдам әрі жайлы жеткізсе, қызметі мен талаптары да соншалықты қатал. Бұл орайда біз біліп, әрдайым жадымызда ұстауға тиісті бірқатар деректер бар.
Рейс кешіккен жағдайда әуе компаниясы жолаушыларға қандай қызметтер ұсынады?
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 86-бабына сәйкес, тасымалдаушының кінәсінен рейс орындалмаған немесе кешіктірілген немесе әуе кемесінің кеш келуі, тасымалдау маршрутының өзгеруі салдарынан рейс кідірген, орындалмаған кезде тасымалдаушы жолаушылар үшін жөнелту пункттері мен аралық пункттерде мынадай қызметтерді көрсетуге міндетті:
• Жолаушыға ана мен бала бөлмесін ұсыну (болған кезде);
• Рейстің жөнелтілуін екі сағаттан аса күткен кезде ұзақтығы бес минуттан аспайтын екі телефон қоңырауын шалу, оның ішінде халықаралық байланыс желісі бойынша қоңырау шалу немесе электрондық почта арқылы екі хабарлама жіберу;
• Рейстің жөнелтілуін екі сағаттан аса күткен кезде салқындатылған сусындармен қамтамасыз ету;
• Рейстің жөнелтілуін төрт сағаттан аса және әрі қарай күткен кезде: күндізгі уақытта – әрбір алты сағат сайын; түнгі уақытта әрбір сегіз сағат сайын ыстық тамақпен қамтамасыз ету;
• Рейстің ұшуын күндізгі уақытта сегіз сағаттан аса және түнгі уақытта алты сағаттан аса күткен кезде тасымалдаушы ұсынған қонақ үйге орналастыру;
• Қонақ үй қосымша ақысы алынбай ұсынылатын жағдайда тасымалдаушы ұсынған көлікпен әуежайдан қонақ үйге дейін және кері қарай жеткізу.
Багаж құрамы жоғалған немесе бүлінген жағдайда не істеу керек?
«Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 540 бұйрығының 4-тармағының 73-тармақшасына сәйкес, багажды жеткiзу кiдiртілген, ол жетiспеген, зақымданған (бұзылған) немесе жоғалған, сондай-ақ багаж түбiртегi мен багаждық нөмiр белгiсiнiң үзбелi талонын ұсынусыз багаж берiлген жағдайда тасымалдау кезiндегi ақаулар туралы акті жасалады, оған багажды алушы адам мен әуе компаниясы қол қояды. Ақаулар туралы акт жасау қажет.
Қайтарылмайтын тариф бола ма?
Иә, болады. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 4 мамырдағы № 274-IV Заңының 8-1-бабы 2-тармағының 4) тармақшасына сәйкес, қайтарылмайтын тарифтер бойынша әуе билеттерін сатып алу шарт жасасу кезінде тұтынушылардың құқықтарын бұзатын және (немесе) кемсітетін шарт болып табылмайды.
Коронавирусқа байланысты тоқтатылған рейстердің билет құны қайтарыла ма?
Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысының 2020 жылғы 16 наурыздағы №1 хаттамасына сәйкес әуе компанияларына ҚР-ға рейстерге шетелдік азаматтардың билеттерін сатуға және бортқа қонуына тыйым салу, сондай-ақ ТЖ режимінің әрекет ету кезеңінде айыппұлсыз және толық көлемде әуе билеттері құнын қайтаруды ресімдеу тапсырылды.
Халықаралық рейстер билетін кері қайтару бойынша қандай шара істеу қажет?
Билетті қайтаруды жүзеге асыру үшін сатып алу орны бойынша билетті қайтаруға өтінім беру қажет (әуе компаниясының сайты, әуе компанияның кеңселері, делдалдар, туристік агенттіктер).
«Бек Эйр» әуе компаниясының билеттерін қайтаруды қалай жүзеге асыруға болады?
«Бек Эйр» әуе компаниясы қызметінің белгісіз уақытқа тоқтатылуына байланысты, әуе компаниясы рейстеріне билеттері бар жолаушыларға билеттерді қайтару және айырбастау жүргізулері тиіс.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті әуе компаниясының билеттерін қайтару бойынша жолаушылардың атынан сотқа талап-арыз берді.
Әуе компаниясына сотқа қайта талап қою үшін жолаушылардың қосымша тізімі қалыптастырылады. Осыған байланысты, билет құнын қайтару бойынша сізден сотқа талап арыз беру үшін өтініш нысанын (қоса беріліп отыр) толтыруыңызды және Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне хабарласуыңызды сұраймыз.
Билет үшін ақша қаражатын қайтарудан бас тартқан жағдайда, әуе компаниясының билеті бар жолаушы да тұрғылықты жері бойынша сотқа өз бетінше жүгінуге құқылы.
Өтініштерді жіберу тәсілдері:
• Қолма-қол, пошта арқылы мына мекен-жай бойынша: Нұр-Сұлтан қ, Мәңгілік ел даңғылы 8, Министрліктер Үйі 2 кіреберіс;
• E-Gov электрондық үкіметі арқылы.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 2021 жылдың 23 сәуірінде жария еткен мәліметі бойынша Қазақстан аумағында әуе тасымалын жүзеге асыратын сегіз әуе компаниясының жұмысы тоқтатылған.
Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, 2020 жылы авиациялық әкімшілік 65 инспекциялық тексерс, 9 сертификаттау, аэронавигация саласында 17 аудит, аэродромдарды 31 сертификаттау және аэродромдарға 19 инспекциялық тексеріс жүргізген. Осы тексерудің нәтижесінде қауіпсіздік талаптарын сақтамаған 8 әуе компаниясының қызметіне шектеу қойылған. Оның ішінде «Бек Эйр» әуе компаниясы да бар.
Ведомство дерегіне сүйенсек, 2020 жылы ұшу қауіпсіздігіне әсер ететін өрескел бұзушылықтарды жою туралы бұйрықтардың орындалмауына байланысты немесе лицензияланған авиакомпаниялардың талаптары бойынша алты оператордың қызметі тоқтатылған. Олар – Jet Airlines, Jenis Air, Azee Air, Phoenix, Qazaq Helicopters, MS AIR KZ. Тағы екі компанияның лицензиялары қайтарылған: «Бек Эйр» және Sigma Airlines.