Коронавирус инфекциясының кең таралуына байланысты қоғамда түрлі тәртіп пен талаптар пайда болып жатыр. Азаматтардың қауіпсіздігі үшін билік ашық және қатаң талаптарға баруға мәжбүр. Соның бірі – Ashyq қосымшасы. Аталған мобилді қосымша тек кәсіпкерлер үшін ғана емес, жеке адамдар үшін де қолданылмақ.
Бұдан былай Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының әуежайына жолаушыларды Ashyq қосымшасы арқылы ғана кіргізеді. Алматыда бұл жоба биыл 21 мамырда басталмақ. Бас санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша мобилді қосымшаның денсаулық сақтау министрлігінің ортақ базасымен интеграциялануы нәтижесінде жолаушы мәртебесі (дәл қазіргі сәтте ол вирус тасымалдаушы ма, жоқ па) анықталады.
Нұр-Сұлтан қаласының әуежайында аталған қосымша 12 мамырдан қолданысқа енгізілмек. Осыған байланысты барша жолаушылар алдымен мобилді қосымшаны жүктеп, өз мәртебесін тексеріп алуы тиіс. Терминалда сары және қызыл мәртебе көрсеткен жолаушылар рейске жіберілмейді.
Еске салсақ, бұл мобилді қосымша 2021 жылдың 17 қаңтарынан бастап шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін қолжетімді болған еді.
Осыған дейін Нұр-Сұлтан қаласында Ashyq жобасы бойынша спорттық шараларды көрермендердің қатысуымен өткізуге рұқсат етілген еді. Жаңа қаулыға сәйкес Ashyq жобасы келесідей нысандарда жұмыс істейді:
• Фитнес-клубтар, йога-орталықтар;
• Спа-орталықтар;
• Сауна, бассейндер;
• Компьютерлік клубтар;
• Боулинг-клубтар;
• Кинотеатрлар;
• Театр және филармониялар;
• Қоғамдық тамақтану орындары;
• Облыс аралық және қалалық тұрақты емес тасымалдар;
• Бильярд клубтары;
• Концерттік залдар;
• Караоке;
• Банкет залдары;
• Көрмелер;
• Океанариум;
• Марафондар.
Әр мәртебенің анықтамасы мынадай:
Жасыл мәртебе – деректер базасында COVID-19-ға қарсы ПТР-тест тапсыру кезінде теріс көрсеткіш анықталған;
Көк мәртебе – ПТР-тест нәтижесі жоқ, контактіде болған адам ретінде есептелмейді;
Сары мәртебе – деректер базасында контактіге түскен адам ретінде есептеледі;
Қызыл мәртебе – деректер базасында COVID-19-ға қатысты оң нәтижемен тіркелген.
Жоғары оқу орындары Ashyq жобасына қашан қосылады?
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, бұл мәселемен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы айналысып жатыр.
«Қазіргі кезде оқу орындары әлі жобаға қосылған жоқ. «Атамекен» ҰКП білім мекемелерін осы қосымшаға енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр. Аталған мекемелер жоба қатысушысы болу үшін «Атамекенге» хабарласады. Оларға қатысу ережесі мен талаптары ұсынылады. Жалпы, Ashyq жобасы жұмыс істегелі бері коронавируспен ауырған, бірақ онысын аңғармаған 900 азамат анықталды. Сондай-ақ жақын контактіде болған 500 адамды анықтадық» деді министр.
Сонымен қатар Алексей Цой қоғамдық көліктерге де бұл жобаны қосу мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеді.
«Қазір біз бағдарлама аясын кеңейту мәселелерін қарастырудамыз. Бірақ негізінен азаматтар ұзақ уақыт аялдап қалатын және маскасыз жүретін ұйымдарға баса мән берілуде. Неліктен біз бірінші кезекте мейрамханаларға мән бердік? Өйткені адамдар үстелге жағалай отырып, маскаларын шешіп, бір-бірі үшін қауіпті адамға айналады. Ал автобустарда масканы міндетті түрде кию режимі бар. Және ол жерде азаматтардың автобуста аялдау ұзақтығы да көп емес. Дегенмен өзге нысандарды да Ashyq жобасына қосу жұмыстарын реттеп жатырмыз» деді ведомство басшысы.
Қазіргі кезде Ashyq қосымшасын вакциналау паспортымен интеграциялау мәселесі жүргізіліп жатыр. Интеграциядан соң барлық вакцина алған азаматтардың мәртебесі «жасыл» болып көрінеді.
Орта есеппен тәулігінеи 3 мың адам осы сервисті қолданады екен. Күніне 80-130 адамда «қызыл» мәртебе бар екені анықталады.
Осыған дейін қазақстандықтар Ashyq қосымшасын жүктеу және пайдалану кезінде туындаған қиындықтарға байланысты шағым білдірген еді. Азаматтардың айтуынша, мобилді қосымша App Store-дан жоғалып кетіп, жүктелінбей қалған. Алайда кейінірек техникалық кедергілер қайтадан ретке келтірілген.
Дәл қазіргі сәтте Ashyq жобасына қатысып жатқан компаниялар саны 1700-ге жуықтап қалған. Яғни, шамамен 380 мыңға жуық адам бұл қосымшаны пайдаланады деген сөз.