Мақсұт Жұмаев тағы бір шыңды бағындырды

Жарияланды
Альпинист жетістігін ел тәуелсіздігінің отыз жылдығына арнады

Қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаев Гималай тауының шығысындағы шың – Лобученге шығып, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» Туын орнатты. Шыңның биіктігі – 6119 метр. Спортшы бұл шыңға шығу оңай болмағанын айтады. 

«Біз жолға шыққан түнгі сағат 3-те ауа райы жақсы болды. Бірақ таңғы 9-ға қарай күн күрт бұзылып, қар жауды. Қар көп жауғаны соншалық, жүрісімізге бөгет жасады. Бірақ біз тоқтаған жоқпыз» дейді Мақсұт Жұмаев. 

Альпинистер тобы шың биігінде ұзақ уақыт тұрған жоқ. Еліміздің егемендігін айшықтайтын туды бекітіп, фото, видео түсірілімдер жасаған соң бірден кері қайтты. Спортшы баяу жүріп, лагерьге кешке бір-ақ  жеткенін хабарлады. 

«Қазақстан құрамасындағы альпинистер қандай шыңды бағындырған кездерде мерейтойлық даталар көп болғанмен барлығын Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне арнайды. Себебі дәл осы тәуелсіздік ұғымы өмірдің және қоғамның біртұтастылығының мәнін анық ұғындырады» деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында альпинист. 

Алты  мың метрлік биіктіктің белесіне шыққан жерлесіміз Непалдағы эпидемиологиялық жағдай жақсарған соң, Отанына оралады. 
 

Сондай-ақ оқыңыз