Токио олимпиадасы биыл бола ма? Қазақстан қанша лицензия иеленді?
2020 жылы өтуі тиіс болған Токио олимпиадасы коронавирус пандемиясына байланысты бір жылға кері шегерілген еді. Сөйтіп, төрт жылдықтың басты додасы биыл өтеді деп жоспарланған. Алайда бүкіл әлемді дүр сілкіндірген пандемия бетінің әлі де қайтпағаны себепті олимпиада ойындары биыл да өтпей қалуы ықтимал болып тұр.
Токиода өтетін олимпиада және паралимпиада ойындарына қарсы петиция екі тәулік ішінде 191 мыңнан астам қол жинаған. Петицияны Жапонияның қоғам және саяси қайраткері Кэндзи Уцуномия 5 мамыр күні бастаған. Ол былтыр ел астанасының басшылығына сайлау түскен еді. «Өмірді құтқару үшін Токиодағы олимпиаданы болдырмауды талап етеміз» деген ұранды негіз еткен петиция Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) басшысы Томас Бах, Халықаралық паралимпиада комитетінің (ХПК) басшысы Эндрю Парсонса, олимпиада ісі жөніндегі министр Тамае Марукава, ұйымдастыру комитетінің басшысы Сэйко Хасимото және Токио губернаторы Юрико Коикэнің атына жолданған.
«ХОК және ХПК, үкімет пен Токио әкімшілігі олимпиада ойындарын күштеп өткізуге тырысып жатыр. Токиода ғана емес, өңірлерде, әлемнің барлық елдерінде пандемия қаупі толастаған жоқ. Былтыр жыл соңынан басталған вакциналау Еуропа мен АҚШ-та ғана ілгері жылжып жатыр және ол індеттің таралуын тоқтататын шешуші факторға айналып үлгерген жоқ» делінеді петицияда.
Онда Жапонияда медициналық кадр тапшылығының жоғары деңгейде екені айтылады.
«Егер адам ресурсы негізінен медициналық көмек көрсетуге, спортшылар мен олардың қасындағы команданың денсаулығына бақылау мен анализ жасауға жұмылдырылатын болса онда медициналық маман тапшылығы тіпті үдей түспек. Коронавирустың таралуы халықтың әлеуметтік төмен тобы – штаттан тыс жұмысшы, егде адамдар, жалғыз басты аналар, студенттердің өмір деңгейінің күрт төмендеуіне әсер етті. Ойындардың уақытын ауыстырудың өзі 300 млрд иен (2,75 млрд доллар) шығынға алып келеді, ал ойындарды өткізу шығыны 1,644 трлн иенді (15 млрд доллар) құрамақ. Осыншама қаражатты коронавируспен күреске және адамдарды құтқаруға жұмсауды ұсынамыз» делінеді петиция мәтінінде.
Қазір коронавирус індетінің тым қатты таралуына байланысты Токио, Осака қалаларында және үш прфектурада төтенше жағдай жарияланған. Аталған режим 31 мамырға дейін созылуы мүмкін.
Түрлі қарсылықтарға қарамастан Токио олимпиадасы бәрібір өтетін сияқты. Бірер күн бұрын ғана Халықаралық олимпиада комитеті Pfizer және BioNTech компанияларымен келісімшартқа отырған. Аталған компаниялар 2021 жылдың 23 шілдесі мен 8 тамызы аралығында өтетін олимпиада ойындары кезінде қатысушыларды вакцинамен қамтамасыз етпек.
Қазіргі таңда Қазақстан 24 спорт түрі бойынша 54 лицензия иеленіп үлгерді. Межелі уақытқа дейін жолдама саны көбейе түспек.
Қазақстан жеке команда ретінде олимпиада ойындарына 1994 жылдан бастап қатыса бастады. 1996 жылы Атланта олимпиадасына жалпы саны 96 спортшы алып барып, 3 алтын, 4 күміс, 4 қола иеленіп, жалпы командалық есепте 24-орын иеленген еді.
2000 жылы Сидней олимпиадасына Қазақстаннан 130 спортшы аттанды. Құрама 3 алтын, 4 күміс еншілеп, жалпы командалық есепте 22-орынға жайғасты. Әзірге дәл осы орын Қазақстан құрамасының жазғы олимпиадалар тарихындағы ең үздік көрсеткіш саналады.
2004 жылы Афины олимпиадасы керісінше, жалпы командалық есептегі ең нашар көрсеткішіміз тіркелген дода болып есте қалды. Қазақстан құрамасының қоржынына соңғы сәтке дейін бірде бір алтын жүлде түспей, бүкіл ел демін ішіне тартып, алтын медальді күткен еді. Тек сайыстың соңғы күнінде 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен боксшы Бақтияр Артаев финалда кубалық Лоренцо Арагонды айқын басымдықпен жеңіп, күллі қазақ халқы күткен алтынды алып берді. Сондай-ақ Артаев турнирдің үздік боксшысы ретінде әйгілі Вэл Баркер кубогын да иеленді. Одан бөлек біздің спортшылар 4 күміс, 3 қола жүлде жеңіп алып, ұлттық құрама 40-орынға табан тіреді.
2008 жылы Бейжің олимпиадасына да үлкен үмітпен барған едік. Бірақ бұл жолғы басты спорт бәсекесінде де біздің спортшылар ел-жұртты айран-асыр ететін сенсация жасай қойған жоқ. Әдеттегі саусағымыз үйренген медалдерді жұптап әперумен ғана шектелді. Төрт жыл бұрынғы додаға қарағандағы басты артықшылық – екі алтын медаль еншілей алдық. Тағы 3 күміс, 4 қола қоржынға түсті. Сөйтіп, жалпы командалық есепте 37-орынға тұрақтады.
2012 жылғы Лондон олимпиадасы алдыңғы ойындарға қарағанда біз үшін біршама табысты өтті деуге негіз бар: 3 алтын, 1 күміс, 7 қола. Жиынтығы – 11 жүлде. Жалпы командалық нәтиже бойынша да әлдеқайда ілгерілеу бар: 22-орын.
Осыдан бес жыл бұрын бүкіл әлеммен бірге күллі қазақ елі де Рио-де-Жанейроға көз тікті. Жер жүзіне атағы футболмен шыққан Бразилия олимпиада ойындарын абыроймен өткерді. Қазақстан құрамасы намысын қорғаған 104 спортшы 3 алтын, 5 күміс, 10 қола еншілеп, жалпы командалық есепте Сидней олимпиадасы кезіндегі деңгейіне оралып, 22-орынға шықты.