Жаңалықтар

Bek Air ұшағы апаты: Заңсыз жер сатқан риелтор мен шенеуніктерге үкім шықты

Бұрынғы үш шенеунікке 3 жыл беріліп, қалғандары 2,5 жылдан 4 жылға дейін сотталды

Алматы облысының Талғар аудандық соты бұрынғы шенеуніктер мен риелторға Bek Air ұшағы апат болған Алматы әуежайының жанынан жерді заңсыз бөліп беру ісі бойынша үкім шығарды. Бұрынғы үш шенеунікке 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Қалғандары 2,5 жылдан 4 жылға дейін сотталды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

2019 жылы желтоқсанда Алматы әуежайы маңында Bek Air ұшағының апатынан кейін әуежайға тым жақын орналасқан жер учаскелерінің заңдылығы тексерілген болатын. Тергеу барысында 5 шенеунік пен 1 риэлтор күдікке ілінді. Атап айтар болсақ, Рустам Тұрысбеков, Жарас Машимбаев, Медеу Қалыбеков, Берік Абдуллаев, Қайрат Алтынбекұлы, сондай-ақ делдал – риелтор Нұрайым Алданыш. 

Бүгін, 12 мамырда сот үкімі шықты.

Жер регистрі ғылыми-өндірістік орталығы Талғар аудандық бөлімінің бұрынғы бастығы Жарас Мәшімбаевқа 4 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шықты. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған рақымшылыққа байланысты оның мерзімі бір жылға дейін қысқартылды. Нәтижиесінде 3 жыл шартты жаза тағайындалды.

Талғар аудандық жер қатынастары бөлімінің бұрынғы бастығы Рустам Тұрысбеков кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметтегі лауазымдарды атқару құқығынан 7 жылға айыра отырып, 5,6 жыл берді. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған рақымшылыққа байланысты оның мерзімі қысқартылды. Нәтижесінде ол 4,1 жылды қауіпсіздігі шектеулі колонияда өтеуі керек болады.

Бұрынғы Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы аймақтық бөлімі бастығының міндетін атқарушы Медеу Қалыбековке де 4 жылға бас бостандығын шектеу туралы сот үкімі шықты. Рақымшылыққа байланысты ол 3 жыл шартты жаза арқалады. Басқарманың Жерге орналастыру секторының бұрынғы бастығы міндетін атқарушы Берік Абдуллаевқа 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Рақымшылықтың арқасында оған 3 жыл шартты жаза қолданылды.

Талғар аудандық жер қатынастары бөлімінің бұрынғы бастығы Қайрат Алтынбекұлы кінәлі деп танылды. Сот оны 6 жыл мерзімге мемлекеттік қызметтегі лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, қауіпсіздігі шектеулі колонияда 4 жылын өткізуді бұйырды. Рақымшылыққа байланысты оның мерзімі қысқарып, колониядағы мерзімі 3 жыл деп тағайындалды.

Риелтор Нұрайым Алданыш 5 жылға бас бостандығынан айырылып, қауіпсіздігі орташа колонияға жіберілетін болды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған рақымшылыққа байланысты оның мерзімі 2,6 жылға қысқарды. Айта кетейік, бұған дейінгі процесте прокурор экс-шенеуніктерді, яғни, барлық сотталушыларды 4 жылдан 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсаныңда «Bek Air» әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады.

Алматы – Нұр-Сұлтан бағытындағы ұшақ биіктікті сақтай алмай, бетон қоршауын бұзып өткен.

Артынша екі қабатты тұрғын үйге соғылды, 12 адам мерт болды, 69 адам зардап шекті. Оның 51-і ауруханаға түсті.