Ashyq мобилді қосымшасына қалай тіркелу керек?
Ashyq мобилді қосымшасы қазір түрлі нысандарда жаппай қолданылып жатыр. Ондағы төрт мәртебе (жасыл, көк, қызыл, сары) бойынша азаматтар нысандарға (сауда үйлері, әуежай, т.б.) кіре алу мүмкіндігін білетін болады. Осы орайда жобаға қатысты ең көп қойылатын сұрақтарды жинап көрген едік.
- Ерікті қатысушылар қалай өтініш бере алады? Салалық қауымдастық арқылы қалай өтініш беруге болады?
Салалық қауымдастық контактісін, өтініш беру тәртібін, оны толтыру форматын Infokazakhstan сайты арқылы жүзеге асыруға болады, соның ішінде ерікті қатысушылар қажетті деректі өңірлік кәсіпкерлер палатасынан ала алады.
- Клиент мәртебесін тексермей нысанға кіргізгені үшін жоба қатысушылары жауапкершілікке тартыла ма?
Иә, бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес 13 сәуірден бастап жобаға қосылған нысандарда, кәсіпкерлік субъектілерінде келушінің мәртебесі ЖСН бойынша немесе QR- код арқылы тексеріледі. Қандай да бір заң бұзушылықтар тіркелген жағдайда мониторингтік топ арнайы тексеру шарасын жүргізеді. Қазіргі жұмыс алгоритмін бұзған қатысушы (нысан, субъект) мониторингтік топ нәтижесі бойынша жобаға екі апта уақыт өтпей орала алмайды. Тәртіпті екінші мәрте бұзған қатысушы жобаға тек екі айдан соң ғана орала алады.
- Қосымшаға енгізілген жеке деректер қалай қорғалады? Бұл үшін кім жауапкершілік алады?
Ashyq қосымшасы қазіргі кезде бірыңғай талапқа сәйкес ақпараттық қауіпсіздік сынағынан өткізіліп жатыр. Сондай-ақ қосымшаның сервері «электронды үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы болып саналатын «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның қорғалған контурында тұр.
- Нысанға кіру үшін үнемі ПТР-тест тапсыру керек пе?
Жоқ, нысанға кіру үшін арнайылап ПТР-тест тапсыру қажет емес. Егер соңғы рет ПТР-тест тапсырған уақыттан бері 3 тәуліктен асып кетсе онда сізге «көк» мәртебесі беріледі. Ал бұл мәртебемен нысанға еш шектеусіз кіруге мүмкіндік бар.
- Нысанға Ashyq қосымшасы арқылы кіру азаматтардың еркін жүріп-тұруға қатысты конституциялық құқығын шектемей ме?
Азаматтардың конституциялық құқығы бұзылмайды. Қосымшаны кәсіпкерлік нысандары ерікті негізде енгізеді. Нысан иесі – Ashyq қосымшасының қатысушысы – келушілердің мәртебесін тексеру міндетін өзіне алады. Қазіргі таңда нысанға кіргісі келген 1236 азаматтан «қызыл» мәртебе, 541 азаматтан «сары» мәртебе анықталған. Мәртебені тексеру бірінші кезекте келушілердің өзіне басымдық береді. Өйткені Ashyq қосымшасы арқылы жұмыс істейтін нысанға кіру кезінде коронавирусқа шалдыққан адаммен контактіде болу тәуекелі азаяды.
- Қатысушылар мен тестілеуші қатысушылардың айырмашылығы неде?
QR алғаннан кейін алғашқы 7 күнде бизнес субъектісі тестік режимде жұмыс істеуге құқылы. Яғни, осы кезеңде процесті ыңғайлап, қызметкерлерді үйретіп, дайындалады. Тестік режимде жұмыс істейтін ұйымдарға Ashyq-та қарастырылған жеңілдетілген жұмыс режимі бойынша барлық артықшылықтар қолданылады. Тестілеу кезеңінде мониторингтік топтар қатысушыға ескерту жасай алады, алайда оларды жобадан шығарып тастамайды.
- Ashyq-қа қатысатын және қатыспайтын шағын және орта бизнес субъектісінің жұмыс уақытында айырмашылық бола ма?
Инфекция жұқтырған азаматтарды анықтауға мүмкіндік беретін функциясының арқасында жоба қатысушылары жұмыс графигі бойынша өзге субъектілермен салыстырғанда артықшылыққа ие. Мәселен, қызыл аймақта бильярд, компьютерлік клуб, караоке, көрме, тағы басқа нысандардың жұмысына тыйым салынған. Бірақ осы салада жұмыс істейтін кәсіпкер Ashyq қосымшасы бойынша жұмыс істесе және келушілердің мәртебесін тексерсе онда белгілі бір шектеулермен оның жұмысына рұқсат етіледі. Шектеулер мен артықшылықтар тізімі бас санитар дәрігердің 2021 жылдың 30 сәуіріндегі №18 қаулысына сәйкес анықталған.
- Ashyq жобасының ерікті қатысушылары деген кімдер?
Жоғары оқу орындары, банктер, өнеркәсіптік кәсіпорындар, жеке медициналық орталықтар және басқалар ерікті қатысушы атана алады. Оларға Ashyq қатысушыларына қарастырылғандай жеңілдіктер қарастырылмайды. Ерікті қатысушылар туралы ақпарат жергілікті әкімдіктер сайтында орналастырылады деп жоспарланған.
- Шетел азаматтарын тексеру қалай жүзеге асырылады?
Қазіргі сәтте резидент еместер үшін олардың деректерін (паспорт нөмірін) субъект қызметкері қолмен енгізеді. Өйткені шетел азаматы ПТР-тест тапсыру кезінде паспорт нөмірін көрсетеді.
- Мұндай практика әлемнің қай елдерінде енгізілген?
Қазіргі кезде QR-кодты қолдану практикасы Оңтүстік Шығыс Азияда – Гонконг, Сингапур, Малайзияда кеңінен таралды және өзінің жоғары нәтижеге ие екенін дәлелдеді. Өзге елдерде оның баламасы бар.
- Егер клиентте мобилді қосымша болмаған жағдайда бизнес клиентке қызмет көрсетуден бас тартуға құқылы ма?
Иә, мобилді қосымша жүктемеген адам ықтимал вирус таратушы болуыс мүмкін, сондықтан қасындағы азаматтар мен бизнес қызметкерлеріне қауіп төндіруі ықтимал.
- Әр мәртебенің анықтамасы мынадай:
Жасыл мәртебе – келуші деректер базасында COVID-19-ға қарсы ПТР-тест тапсыру кезінде теріс көрсеткішпен анықталған;
Көк мәртебе – ПТР-тест нәтижесі жоқ, контактіде болған адам ретінде есептелмейді;
Сары мәртебе – деректер базасында контактіге түскен адам ретінде есептеледі;
Қызыл мәртебе – деректер базасында COVID-19-ға қатысты оң нәтижемен тіркелген.