Елімізде фармацевтика, жеңіл және химия өнеркәсібінде тұрақты өсім бар

Жарияланды
Өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс саласында өсім бар

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысында 2021 жылдың 4 айының қорытындысы туралы баяндады. Өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 107,7% құрады. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналы хабарлады.

Қазақстанда 2021 жылғы қаңтар-сәуірде өнеркәсіп өндірісі көлемі 100,8% болды.

12 өңірде оң динамика сақталды.

Машина жасау саласы: өндіріс көлемі тұрақты түрде артып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда 120,6% құрады. Автокөлік құралдары, трейлерлер мен жартылай тіркемелер (+25,4%), машиналар мен жабдықтар (+42,5%), өзге көлік құралдары (+49,7%), компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар (+52,3%), электр жабдықтары (+10,2%) өндірісі, жөндеу мен орнату (+5,3%) көлемі ұлғайды.

Түсті металлургия: саладағы өсім +3%. Тазартылған алтын (+9%), тазартылған күміс (+19%), құймалардағы алтын (+26%), катодты мыс (+52%) шығару көлемі ұлғайды.

Қара металлургия: өткен жылдың көрсеткішінен 2,7% артты. Шойын (+12%), көміртекті болат (+8,4%) және ферросиликомарганец (+15%) өндірісінің көлемі артты.

Фармацевтика өнеркәсібі: өндіріс көлемі 26,2% өсті. Саладағы өсімге негізінен халықтың дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға сұранысының артуы есебінен қол жеткізілді.

Жеңіл өнеркәсіп: киім (+23,6%) және былғары өнімдерін (+29,6%) өндіру көлемінің артуы есебінен саладағы өсім 4,9% құрады.

Химия өнеркәсібі: өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 11,2% артты. Өндіріс көлемі дезинфекциялық құралдар мен минералдық тыңайтқыштарға сұраныстың артуы есебінен ұлғайды.

Құрылыс материалдары өндірісі: +26,5%. Жылу оқшаулағыш материалдар (НКИ 2,5 есе), кірпіш (2,9 есе), портландцемент (+17,6%), гипс (+21,8%) және құрылыс ерітінділері (+22,2%) өндірісі саладағы өсімнің негізгі драйвері болды.

Көлік: есепті кезеңде нақты көлем индексі (НКИ) 91% құрады. Транзиттік контейнерлік тасымал саласында оң динамика сақталды (+52%). Қаңтар-сәуір айларында 337,5 мың ЖФЭ тасымалданды (2020 жылы – 222 мың ЖФЭ). Көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемі 1,07 млрд. тонна немесе өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 97,8% болды.

Құрылыс: салада нақты көлем индексі 112,5% болды. Батыс Қазақстан облысынан (88,1%) басқа 16 өңірде оң динамика байқалады.

Тұрғын үй құрылысы: 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 113,3% жетті.

Министр Бейбіт Атамқұлов биылғы қаңтар-сәуір айларында 3 528 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін атап көрсетті. Бұл дегеніміз 28 874 баспана, оның ішінде 10 938 жеке үй. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі Алматы (95%) және Павлодар облысынан (87,6%) басқа еліміздің 15 өңірінде байқалады.

Министр жалпы қабылданған шаралардың нәтижесінде жыл соңына дейін ҚР ИИДМ жетекшілік ететін салалар бойынша барлық көрсеткіштерге қол жеткізіп, 17 млн. шаршы метр баспана салу жоспарланып отырғанын атап өтті.
 

Сондай-ақ оқыңыз