Қазақстан Үндістанға гуманитарлық көмек көрсетті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес және екі мемлекет арасындағы стратегиялық серіктестік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі Үндістанға COVID-19 пандемиясы жағдайындағы күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты гуманитарлық көмек көрсетті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрнлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тиісті жүктері бар екі қазақстандық ұшақтың біріншісі 2021 жылы 14 мамырда таңертең Нью-Делидегі Индира Ганди атындағы халықаралық әуежайға қонды. Екіншісі бірнеше сағаттан кейін келеді деп күтілуде.
Жалпы салмағы 40 тоннаға жуық гуманитарлық көмекке денсаулық сақтау саласындағы қазақстандық компанияларының медициналық маскалары, респираторлары, қорғаныш костюмдері және портативті желдеткіштері кіреді.
Әуежайда оны табыстау рәсіміне Қазақстанның Үндістандағы Елшісі Нұрлан Жалғасбаев, үнді тарапынан – Үндістан Сыртқы істер министрлігі Еуразиялық ынтымақтастық департаментінің директоры Бандару Вилсонбабу қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 4 мамырда Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Модиге жолдауымен жүгінді, онда «Үндістанда COVID-19 індетінің қатты өршуіне байланысты қалыптасқан қиын-қыстау кезеңде үнді елінің қайғы-қасіретіне ортақ екенін жеткізген» білдірді, ал 7 мамырда Қазақстан Үкіметіне үнді тарапына тиісті көмек көрсетуді тапсырды.
2020 жылы Үндістан Қазақстанға пандемиямен күресуге көмектесу үшін гидроксохлорохин таблеткасын жібергенін атап өткен жөн.