Акцияның да естісі бар, есері бар

Жарияланды
Дүкендегі акциялардың қайсысы тиімді екенін талдаймыз

Дүкенге бас сұға қалсаңыз, акцияның түр-түрін көруге болады. Кейбірі жаппай тауардың бәрінен «құтылып» жатса, енді бірі «екеуден үшеу жақсы» деген сыңайда неше түрлі әдіспен сізді «сындыруға» тырысады. Әрине, кейде акциялардың ішінде шын мәнінде тиімдісі болады. Ал енді кейбірі бос шығынның өзі болып шығады. Маркетологтардың құрған тұзағына түзген балық болып қалмас үшін не білуіңіз керек? Бүгін осы туралы бірер кеңес бергенді жөн көріп отырмыз. 

Жарамдылық мерзіміне мән беріңіз

Кейде дүкендер сөреде шаң басып қалған, өтпей тұрған тауарды қалайда өткізу үшін акциялар ойлап тауып, тықпалағанды жақсы көреді. Әрине, олар да ақшаға алған дүниенің өткенін ойлайды. Нағыз сізге қажет дүниеге жақсы жеңілдік жасалып тұрса, неге алмасқа? Мұндай мүмкіндікті қалт жібермеген жақсы. Әйтсе де, есте ұстайтын бірер фактор бар. Егер назарға алатын болсаңыз, тіпті керемет. Үнемдегеніңіздің хошын келтірмеуі мүмкін жағдайлар:

•    Қаптама тым үлкен болса. Егер үйде екі адам ғана тұратын болса, ондай үлкен қораптағы азық-түлікті тауыса алмауыңыз мүмкін. Ал жарамдылық мерзімі болса, күні ертең аяқталатын түрі бар. Мұндайда көзді жұмып тұрып сатып ала салған жөн болмайды. Ақыры барар жері қоқыс болуы мүмкін болса, дұрыстап ойланыңыз. Бекерден-бекер ысырап болмасын. Десек те, үлкен отбасы үшін мұндай акциялар құба-құп. 

•    Жарамдылық мерзімінің бітуіне санаулы күн қалса. Бұл да алдыңғы кеңеске қосымша. Өйткені ертең жеуге жарамсыз болып қалатын тамақты бүгін жеп үлгермейтін болсаңыз, сатып алудың қандай қажеті бар?

•    Тауар дұрыс сақталмаса. Біле білсеңіз, әр тауардың қалай сақталуы керегіне қатысты шарттар болады. Оны қаптамадан оқып ала аласыз. Яғни жарық не қараңғы, суық не жылы жерде тұруы оның сапасына, жеуге жарамды болу-болмауына әсер етеді. Сондықтан дүкеннің өзінде тиісті шарттар сақталмаған жерде тұрғанын көрсеңіз, алмағаныңыз жөн. Болмаса, үйде сол шарттарды сақтай аласыз ба, соны да ойланыңыз. Тоңазытқышта орын болмай, «тез тауысып тастаймын» деп бөлме температурасында сақтап, ауырып қалып жүрмеңіз. 

Бұдан шығатын қорытынды: тауар бұзылмаған, жарамдылық мерзімі әлі бітпеген әрі тауысып үлгеретініңізге сенімді болсаңыз, мұндай акциялар өте жақсы үнем болады. Бастысы, жеңілдік соңынан жүгірем деп, ысырапқа жол бермеңіз. 

«1+1=3» сынды акциялар жайлы

Әдетте, киім дүкендерінен көретін акция түрі. Сол сияқты «үшеуін екеуінің бағасына ал» деп еліктіреді. Мұндайда, әлбетте, көп затты азырақ сомаға алғыңыз келіп, көзіңіз жайнап, салқын сана жөніне кетіп қалуы мүмкін. Осыны талдайық. Үш затты екеуінің бағасына алатын акцияны көрдіңіз делік. Кірген бетте жарнамасы көз қызықтырған соң, дүкеннен қалайда кемі үш зат алып шығуда ойлай бастайсыз. Сөйтіп өзіңізге ұнайтын көйлек пен қалпақты бірден тауып аласыз. Ақыры үш тауар алуға болады деген оймен «енді не алсам?» деп бас қатырасыз. Есіңізде болсын, мұндай акциялардың схемасы үнемі мынадай болады: үш заттың ішіндегі ең арзаны қайсы болса, соны тегін береді. Қош, сонымен үшінші тауарды әрі іздеп, бері іздеп, әлгі екеуінен арзандау болуын ескеріп, біраз жүресіз. Содан ақыры жөнді зат таппай, жай күні алу тұрмақ, мән бермейтін бір тауарды алуыңыз ықтимал. Демек, сіз бұл жағдайда кейін киілмейтін киім не суы татымайтын арзан затқа ұрынуыңыз ғажап емес. 

Бұдан шығатын қорытынды: үш зат та көңіліңізден шығып тұрса, расында қажет болса, бұл акция сізге тиімді. Айтпақшы, үш құрбы бірігіп алатын болсаңыз, тіпті жақсы. Үшеуіңіз де қалаған затты аласыздар. Сөйтіп шыққан соманы теңге бөлсеңіздер, жекелей алғаннан арзандау шығады. 
Балама тауарлардың құнымен салыстырыңыз

Ұқсас тауарлармен салыстыра білген дұрыс

Бұл әдіс көбіне азық-түлікке жүреді. Киім не белгілі бір фирманың бұйымын аларда келіңкіремеуі мүмкін. Әйтсе де, бұл тәсілді де біліп жүрген абзал. Айталық, консервіленген жүгеріге жеңілдік болып жатыр. Бағасы жеңілдік есебімен 400 теңге болсын. Ал өндірушісі басқа, бірақ дәмі одан кем түспейтін, еш акциясы жоқ жүгері банкасы 320 теңге болуы мүмкін. Әрине, баламаның ішінде де баламасы бар. Кейбір арзан тауарлар, шынында, дәмсіз болып шығады. 

Бұдан шығатын қорытынды: арзандау баламасы болмаса, акция тиімді десе болады. Сондай-ақ, акцияға дейінгі құны қандай болғанын білген артық болмайды. Өйткені кей жағдайда анықтай келе, жеңілдік деген құр сөз болып шығады. Яғни жеңілдік жасағандай түр таныту былай жүргізілуі мүмкін: осыдан бес күн бұрын бағасы 2000 теңге тұрған, күні кеше 3000 теңгеден сатылған, бүгін жеңілдік жасалып, 2500 теңгеден сатылады. Сонда бес күн бұрынғы баға қазіргі акциядан да арзан болған деген сөз. Мұндай көзбояушылық жиі кездеседі. Әсіресе, киім дүкендерінде баға жапсырмасын бірінің үстіне бірін жабыстырып қояды. Аша берсеңіз, түпкі бағасы тіпті арзан болып шығатын кездер кездеседі. Тобықтай түйін сол — бағасы бастапқымен салыстырғанда расында арзан болса, алыңыз. 

Жапсырмадағы сөздерде жасырынатын мән

Маркетинг тәсілінің қулығы сол — еліктіріп, көзге көрсетіп, назар аудартады. Бірақ тереңірек үңіле қалсаңыз, акцияның белгілі бір шарттары болып шығады. Мәселен, жапсырмада үлкен қаріппен жазылған бағамен алу үшін сіз клуб картасын сатып алуыңыз керек болуы мүмкін. Болмаса, басқа бір тауарды қоса алуға міндеттейтіндері де бар. Егер оларды алғыңыз келмесе, біршама қымбат бағаға алуға тура келеді. Яғни жеңілдік жалпақ жұртқа арналмаған болып шығуы ықтимал. 

Электроника сататын дүкендерде жаңа смартфонды сұмдық жеңілдікпен, арзанға беріп жатқаны туралы хабарлап жатады. Бірақ анықтай келе, ол акцияны пайдалану үшін жеңілдік сомасның 90 пайызына тең болатын құлаққапты қоса алу керек дейді. Әрине, онсыз да құлаққап алуды жоспарлап жүргендерге, шынында, тиімді. Бірақ жақында ғана жаңасын алған адамға қажет болмауы да мүмкін. 
Бұдан шығатын қорытынды: егер сізде онсыз да клуб картасы болса, не алу керек тауар қажет болса, акция сіз үшін тиімді болады.

Әр граммды өлшегенде тұрған ештеңе жоқ

Мұны ұсақтық деп қабылдауыңыз мүмкін. Әйтсе де, қаптаманың үлкен болғаны оның ішіндегі тауардың дәл сондай көп екенін білдіре бермейді. Сондықтан аздаған есеп жүргізуген артық болмас. Айталық, косметика дүкеніне крем алуға бардыңыз. 15, 30 және 50 мл банкалардағы түрлері бар екен. 30 мл — 1250 теңге, 50 мл — 2200 теңге, ал кішкентайы 600 теңге болсын. Ал енді мектептегі математика сабағы осындайда қажет болады. Болмай бара жатса, калькуляторды қосып, есептеңіз. Граммен өлшейтін болсақ: 15 мл банкадағы өнімнің 1 граммы — 40 теңгеден, 30 мл —41,6 теңгеден, 50 мл — 44 теңгеден. Соның бәрін есептеп тұруға ерінуіңіз мүмкін. Әйтсе де, мұның гигиеналық тұрғысын да ойланыңыз. Яғни неғұрлым кішкентай болған сайын, оның таусылуы тез болады. Демек, бактериялар көбейіп үлгергенше бітіп қалуы ықтимал. Ал үлкенін алып біраз ай бойы қолданғаныңызбен, бұл гигиеналық тұрғыдан жақсы болмауы мүмкін. 

Бұдан шығатын қорытынды: Өнімнің граммы мен келісін есептегенде тұрған ештеңе жоқ. Егер көлемі басқа қаптамалармен салыстырғанда тиімді екеніне көз жеткізсеңіз, акция расында тиімді деген сөз.   
 

 
Сондай-ақ оқыңыз