Жаңалықтар

Қоянды су қоймасында балықтандыру іс-шарасы жүргізілді

Алғаш рет пелядь, рипус балықтарының әрқайсысының 1 миллион дернәсілі жіберілді

​Нұр-Сұлтан қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы «Жаснұр» кәсіпорнымен бірлесіп, Қоянды су қоймасында көктемгі балықтандыру іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бұл — су қоймасында балық қорын сақтауға, ұстап тұруға және ұлғайтуға, сондай-ақ бағалы балық түрлерін шығаруға бағытталған.

Биыл су қоймасына алғаш рет пелядь, рипус балықтарының әрқайсысының 1 миллион дернәсілі жіберілді.

Балықтандыру үшін Зеренді балық қоймасының инкубациялық цехтарында өсірілген дернәсілдер пайдаланылды. Оларды тасымалдау үшін арнайы пластикалық пакет қолданылды. Әр пакетке 10-12 литр су құйылып, дернәсілдері орналастырылады, ал бос орын оттегімен толтырылады.

​Дернәсілдер жіберілгенде судың температурасы 18С болды. Олар күз мезгіліне дейін ет алып, үлкейеді.

Қазір су қоймасын балықтандыру үшін қолайлы уақыт, суда көптеген қоректік заттар мен балық қорегінің неше түрі бар.

​Балық жіберу ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің «Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ, «Солтүстік филиалы» ЖШС және Қоянды ауылдық округі әкімдігінің өкілдерінің қатысуымен өткізілді.