Ипотеканы мерзімінен бұрын жабу. Қалай істеген дұрыс?
Зейнетақы жинақтарының шектілік деңгейінен асатын бөлігін үй жағдайын жақсартуға рұқсат берілгеннен бастап, көптеген отандастарымыз осыны пайдаланып, ипотеканы жартылай немесе толықтай жауып тастау туралы ойлана бастады.
Осы орайда ipotekablog.kz сайты ипотеканы ерте жауып тастаған дұрыс па деген сауалға жауап іздеген.
Несие құпиялары
Бұл — Сізге банк менеджері айта бермейтін несие құпиялары. Егер мықты қаржыгер досыңыз болса, оның несиелік дағдысын саралап көрсеңіз болады. Ондай жандар пайызы төмен, теңгелей берілген несиені алдын-ала жауып тастауға ешқашан асықпайды. Керісінше, микронесие, онлайн несие, экспресс-кредит сынды проценті үлкен қарыз түріне ешқашан жоламайды. Неге?
Ипотеканы алдын ала жауып тастау қай кезде тиімді?
Жалпы, қаржыгерлер қауымы мұндай шешім қабылдамас бұрын, мәселенің оң және теріс жақтарын таразылауға кеңес береді.
Ипотекалық несиені мерзімінен бұрын жабу — егер сіз ипотека алған кезден бастап көп уақыт өтпесе өте тиімді болады. Осылайша, сіз болашақта банкке сыйақы төлеуден аулақ боласыз. Бұл жағдайда сізге несиені дереу жабуға кеңес береміз, өйткені пайыздар әр күн үшін алынады.
Мысалы, Қазақстандағы ең танымал ипотека «7-20-25» және бастапқы үймен қатар қолданыста болған үйлерге де ипотека беретін, сондай-ақ тіпті салынып жатқан үйді алуға мүмкіндік беріп отырған «Баспана Хит» бағдарламасында қарызды кез-келген уақытта жауып тастауға болады. Бұл бағдарламаларда оған айыппұл, комиссия салынбайды. Сонысымен өте ыңғайлы.
Қай кезде ипотеканы жауып тастауға асықпау керек?
Егер сіздің қарызыңыздың төлем түрі аннуитет болса және ипотека мерзімінің жартысынан астамы өтіп кетсе, демек сіз банк проценттерінің көп бөлігін төлеп үлгердіңіз.
Бұл жағдайда мамандар асықпауға кеңес береді. Себебі дәл қазір бұл несие сіз үшін арзан болып тұр. Оданша сіздің зейнетақы жинағыңызды басқа үй сатып алуға пайдалану мүмкіндігін қарастырған жөн. Өйткені бәрімізде бала-шаға өсіп келе жатыр. Оларға да баспана қарастыра беру артық болмайды.
Қортынды
Бүгін айтылған кеңестер Сізге дұрыс таңдау жасауға көмек береді деп ойлаймын. Қалай болғанда да, қаржылық сауаттылық өз ақшаңызды үнемді әрі тиімді жұмсауға жол ашады, алаяқтардан сақтайды және сіздің материалдық қауыпсіздігіңізді сақтайды.