Пандемия салдарынан қазіргі кезде дүние жүзінде әрбір бесінші адам қашықтан жұмыс істеуге көшкен. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ сарапшыларының дерегіне сүйенсек, Қазақстанда 2021 жылдың І тоқсан қорытындысы бойынша, 73,7 мың адам қашықтан жұмыс істеген, олардың 70,2%-ы – негізінен қалада тұратын әйел адамдар.
2020 жылы COVID-19 салдарынан жұмыстың икемді түрлеріне көшу процесі жеделдеген. Қазақстанда да қашықтан жұмыспен қамту қарқын алған.
«Мысалы, елдегі әрбір үшінші ауыл тұрғыны қашықтан жұмыс істейді және жұмыс берушілер қашықтан жұмыс істейтін ызметкерлердің тек 14%-ына ғана коммуникация құралдарын берген» деп атап өтті ЕРДО Стратегия және жобалық басқару департаментінің директоры Александра Молчановская.
Пандемияның қазақстандық еңбек нарығына тигізген тағы бір әсері – уақытша жұмыспен қамтылмағандар санының өзгеруі. Жұмыс берушінің бастамасымен қағаз жүзінде ғана еңбек етіп жүргендердің қатары былтыр жыл ортасында қатты көбейген. Ал жағдай біршама тұрақтағалы, 74 пайызға қысқарып, 7,1 мың адамды құраған.
Мамандардың айтуынша, биыл еңбек нарығындағы жағдай тұрақтанып, коронадағдарыстың теріс әсері баршама бәсеңдеген. Қазақстандағы жұмыс күші былтырғы соңғы тоқсанмен салыстырғанда 35 мыңға артып, 9 млн 232 мың адамды құраған. Соның ішінде жалдамалы жұмыс істейтіндер 6,7 млн болса, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 2 миллионнан сәл асады.
Сонымен қатар, 2020 жылғы IV тоқсанмен салыстырғанда, жұмыссыздар саны 1,7 мың адамға қысқарып, 451,3 мың адамды құраған, ал жұмыссыздық 4,9% деңгейінде сақталып тұр.
Жұмыссыздық деңгейі елдің оңтүстігінде: Алматы қаласы мен Түркістан облысында (екі өңірде де 5,2%), сондай-ақ Шымкент қаласында (5,1%) жоғары. Қарағанды облысы (4,5%) мен Нұр-Сұлтан қаласында (4,6%) жұмыссыз жүргендердің саны аз.
Жұмыспен қамту органдарында есепте тұрған жұмыссыздар саны 2021 жылғы сәуір айының соңында 215 мың адамды құрап, жалпы республика бойынша тіркелген жұмыссыздық деңгейі 2,3% болған.