Ипотека алсам ба, жоқ па?

Жарияланды
Өзіңізге осы он сауалды қойып көріңіз де, бір байламға келіңіз

Шыны керек, бүгінде баспана — басты мәселелердің бірі. Қолма-қол ақшаға, қалаған жерден шертіп жүріп таңдап алатын мүмкіндік екінің бірінде бола бермейді. Тіпті ипотекалық бағдарламалардың талаптарына да сәйкес келу оңай емес. Осы ретте үй алу үшін рәсімделетін кредитті алуға әзірсіз бе — соны анықтауға көмектесетін 10 сауалға өзіңіз шынайы жауап беріп көріңіз. Ұзақ жылдарға созылатын ипотека міндетін мойынға алмас бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кескен жөн. 

Табысыңыз қандай?

Әлбетте, бірінші кезекте табысыңыз жайлы ойлану керек. Ресми жерде жұмыс істеуіңіз қарызды мақұлдауда маңызды фактор саналады. Өйткені тиісті төлемдердің жүргізіліп тұрғаны айғақталса, сізге тиімді шарттармен әрі сенімді түрде кредит алуға мүмкіндік туады. Олай дейтініміз, кем дегенде соңғы жарты жылда зейнетақы жарнасы аударылып тұруға тиіс. Десе де, ресми табысты көрсетпей-ақ ипотека рәсімдеуге болатын жағдайлар да бар. Бірақ ондай кезде жеңілдігіне пара-пар ауырлық, яғни пайыздық мөлшерлемесі жоғары болатынына дайын болыңыз. Сондай-ақ, табыстың тұрақты болуы қаржы ұйымы үшін ғана емес, өзіңіз үшін де маңызды.

Өзіңізге іштей мына сұрақтарды қойыңыз:  
•    Қаншалықты құнды қызметкерсіз? Алмағайып заман бола қалса, қысқартуға ұшырайтындардың алғашқы легінде емессіз бе?
•    Жұмыс орныңыз маңызды әрі сұранысы жоғары іспен айналыса ма? Яғни жабылып қалу қаупі қаншалықты?
•    Ал енді жұмыстан шығып қалған жағдайда басқасын тез таба аласыз ба?
•    Өзге де табыс көздері бар ма? Жұмыстан айырылып қалсаңыз, басқа табысыңыз өмір сүруге, ипотека төлеуге жете ме?

Егер жақсы жерде, құнды қызметкер болсаңыз тіпті жақсы. Кәсібилігіңіз бір төбе болып, басқа жұмыс табу тіпті проблема болмаса, керемет. Сол сияқты отбасында сізден басқа адамдардың табыс тапқаны да жүкті жеңілдетеді. Бір айда күректеп тауып, бірнеше ай дымсыз қалатын болсаңыз, ақшасыз қалғанда ипотеканы қалай жабатыныңызды ойластырыңыз. Өйткені әр төлемеген күн үшін өсімпұл барын, қосымша күйзеліс екенін ескеріңіз. 

Бір айда қанша ақша жаратасыз?

Сізге үнемі бюджетті басқарудың маңызы жайлы айтудан жалықпаймыз. Бұл жолы да сол кеңестен айналып өтуге болмас. Өйткені ипотека алмас бұрын шынайы есеп жүргізу керек. Ол үшін айына табатын табыстың нақты көлемін анықтап, шығынның бәрін тізіп шығыңыз. Сонда үйді кредитке алғанда ай сайынғы төлемін еш бас қатырусыз төлей аласыз ба, жоқ па — айқындалады. Тапқан-таянғанның бәрін ипотекаға беріп тастап, келесі айға дейін апта не күн санаған жақсы емес. Болмаса, басқа міндеттемелерге төлеп тастап, ипотеканы төлей алмай, сенімсіз клиентке айналған да жаман. Негізі көпшілігі ипотеканың ұзақ жылынан қорқып, барынша тез жауып тастау үшін аз мерзімге рәсімдеуге тырысады. Бірақ ескеру керек жайт: мерзімі аз болса, айлық төлемі көп болады. Ал оны төлеу сізге тым қиын болып кетпей ме? Бәлкім, кей жағдайда барынша ай сайынғы төлемді азайтып, уақытын ұзартқан жөн шығар. Әркімде жеке қарастырылатын мәселе болғандықтан, осы сауалға барынша шынайы жауап берген дұрыс. 

Бастапқы жарна буылып-түйіліп, дайын тұр ма?

Қазақстандағы мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар үйдің 20, 50 пайызын бастапқы жарна ретінде төлеп, алуға мүмкіндік береді. Жеңілдігі бар бағдарламалар белгілі бір санаттағы адамдарға кейде жарнасыз, кейде 10 пайызбен де беретінін білетін боларсыз. Әрине, ипотека аларда он ойланып, жүз толғану керек. Қанша ақша құя аласыз? Тағы біраз ай ақша жинап, бастапқы жарнаны көбірек құйсаңыз қалай болады? Әлде қазіргі тұрып жатқан жалдамалы пәтерден тезірек кеткен дұрыс па? Осыны ойланыңыз.  

Қандай пәтер керек?

Ұзақмерзімдік қарызды мойынға алып отырған соң, пәтер таңдағанда асықпаңыз. Бірден бас салып, алғашқы кезіккеніне қызыға кетпеңіз. Өйткені кемшілігін кейін байқап немесе ұнамай қалуы мүмкін. Кейде орналасқан ауданы, кейде пәтердің жоспары көңілден шықпай, өкініп, артқа қайтар жол жоқ болып қалады. Сол себепті барынша ойланыңыз: қандай пәтер керек? Аумағы қанша, инфрақұрылымы қандай, автотұрақ не аялдама бар ма, жаңасын аласыз ба, жоқ әлде иесі бар үйді сатып аласыз ба? Ой елегінен өткізіп, нақтылап алу маңызды. Сөйтіп, соған сәйкес нұсқаларды іздесеңіз, дұрысырақ. 

Қиялдағы нұсқа мен реалдағысы сәйкес келе ме?

Бұдан кейінгі шығатын мәселе — осы. Әрине, кім болса да кең, жарық, қаланың қақ ортасында, бизнес-класстағы үй алғысы-ақ келеді. Дегенмен оған жағдай жете ме? Маңыздысы, мүмкіндігіңізді шынайы, боямасыз бағалай білу. Көрпеге қарай көсілуге тура келетіні де белгілі. Мысалы, жолыңыз болып, үлкен үйді тиімді бағаға алатын мүмкіндік туды делік. Бірақ шаршы метріне байланысты коммуналдық төлем төленетінін де ұмытпау керек. Оған шамаңыз анық жете ме? Сол сияқты элит санаттағы үйді алып алып, оны «асырай алмай» қалатын қауіп жоқ па? Бастысы, баспаналы болу керек деп міндеттемеге кіріп алып, ондаған жылдар бойы қатаң үнем режимінде өмір сүру оңай емес.

 Жөндеу жұмыстарына қанша қаражат кетеді?

Әркім қалауына қарай жаңа не қожайыны бар үйді таңдайды. Мысалы, жаңа үй алғанда жөндеу жасалмағанын таңдадыңыз делік. Ештеңесі істелмеген пәтерді қанша уақытта тұруға ыңғайлай аласыз? Мамандарға қанша кетеді? Өзіңіздің жөндеу жасай алатыныңызға сенімдісіз бе? Жалпы алғанда бұл жұмысқа қанша қаражат бөлуге дайынсыз? Ол ақша жеткілікті ме? Құрылыс дүкендеріне барып, шамамен болсын есептеп көріңіз. Өйткені «есікті 20 мың теңгеге ала саламын» деп жүріп, іс жүзінде ең арзаны 50 мың теңге тұратын болып шығуы ғажап емес. Жақсылап ойлану керегін бұл жағдайда да маңызды. Бәлкім, үй салған компанияның жөндеу жасау қызметін пайдаланып, қымбатырақ бағаға алған дұрыс болар? Оны енді әркім қалтасы мен қалауы, мүмкіндігіне қарай шешеді. 

Жинаған қорыңыз бар ма?

Айлықтан айлыққа өмір сүрмей, артыңызға қор жинаған дұрыс. Мұны талай адам айтқан да болар. Дегенмен ипотека сынды маңызды қадамды ойға алсаңыз, қор тіпті керек. Өйткені кім біледі, күні ертең жұмыссыз қалсаңыз, қалай болады? Сол үшін кемінде үш айлық төлемді төлей алатындай қаражатты түйіп қойыңыз. Сонда сенімді жүре аласыз.   

Балалы болуға қатысты жоспарыңыз қандай?

Қазақстан сынды дамушы елге демографиялық көрсеткіштің көтерілгені жақсы-ақ. Бірақ ипотека аларда алдағы жоспарды бір шолып шықпасаңыз, шығынға шығын қосып алуыңыз мүмкін. Өйткені балалы болу деген сізге бұдан да көбірек табыс табу керек дегенді білдіреді. Бір түп жусан артық шығуы үшін айға қарап отыру жеткіліксіз. Жұмыс істеп, табысты арттыру керек. Сондықтан бұл мәселеге де бей-жай қарамаңыз.   

Мерзімінен бұрын төлеп тастауға мүмкіндік бар ма?

Нағыз мақсат етіп қоятын дүниелердің бірі — уақытынан бұрын жауып тастау. Бір күні жолдан бір қап алтын тауып алуыңыз екіталай. Сондықтан сізге керегі — табысты арттыру. Қаржыны дұрыс басқаруды үйреніп, қызметкер ретінде беделіңізді көтеруден бастаңыз.  

Бес жылдан кейінгі өзіңізді қалай елестетесіз?

Сәл-пәл пәлсапаға салып көрейік. Бұл сұрақ та маңызды. Ертеңін ойламайтын адам қауіпті. Сондықтан бұл сауалға да жауап іздеңіз. Бес жылдан кейін қандай қызметте істеп, қандай үйде тұрасыз? Қиялға ерік беріңіз. Ипотеканы ауыр жүк деп қабылдап, үнемдеп, терең күйзелісте, айлықтан айлыққа өмір сүре беремін деп ойлап, болашаққа жоспар құрмасаңыз, солай болады. Жақсылап ойланыңыз!   

Сондай-ақ оқыңыз