Банк картасына қатысты түрлі келеңсіз оқиға болып жатады. Ондайда бірер сәт не істеріңізді білмей қалуыңыз мүмкін. Сондай жағдай болмас үшін сізге бірнеше жағдаят түріндегі кеңестер әзірледік.
1. Картаңыз бұғатталған. Бірақ сіз не істеу керегін білмеген кезде
Егер картаны мобайл қолданба арқылы өзіңіз бұғаттаған болмасаңыз, демек мұны істеген банк деген сөз. Әлбетте, оның себебі болады. Мәселен, ақшаңыз қолды болуы мүмкін екені байқалған сәтте банк бірден осындай шешім қабылдайды. Яғни картаңызды біреу ұрлап кетсе, арасына аз ғана уақыт салып екі түрлі елде төлем жасалса дегендей. Сонымен қатар, төлем жүйесі де картаны автомат түрде бұғаттап тастауы мүмкін. Айталық, күмәнді құрылғылар базасында тіркелген банкоматтан ақша алынса немесе ақпарат қолды болған жерден төлем жасалса онындай шешім қабылданады. Банк тарапынан жасалатын мұндай қамқорлыққа ренжудің қажеті жоқ. Қайта ақшаңыздың қауіпсіздігіне алаңдағанына қуаныңыз. Карта бұғатталды делік. Енді не істейсіз? Біріншіден, банкке хабарласыңыз. Егер төлемнің бәрін өзіңіз жасағаныңызды телефон арқылы дәлелдей алсаңыз, бірден бұғаттан шешіп береді. Ал енді банк көңілінде күдік қалса, бөлімшеге барып, жаңасын жасатуға тура келеді. Бүгінде мобайл қолданба мүмкіндіктері әбден дамытылған. Яғни банкке бармастан осы жерде-ақ көп мәселені шешуге болады.
Картаның бұғатталғаны — ақырзаман орнағаны деп ойламаңыз. Өйткені сіздің есепшотыңыз істеп тұрады. Демек картадан шешіп ала алмасаңыз да, басқа жолмен ақша алуға әбден болады. Онлайн-банкинг көмегімен басқа картаға аударып алу — ең оңай тәсілі. Болмаса, жеке куәлігіңізді құшақтап, банкке барасыз да, кассадан шешіп аласыз. Сонымен бірге, мобайл қолданба арқылы қызметтер мен тауарларды кедергісіз төлей бересіз.
Айтпақшы, картаның бұғатталғаны туралы ақпаратты алаяқтар да жіберуі мүмкін. Сондықтан хабарламадағы телефонға қоңырау шалып не сілтеме бойынша өтпес бұрын, банктің ресми байланысы ма, соны анықтап алу маңызды. Олай етпеген жағдайда, күмәнді сілтеме арқылы өтіп деректеріңізді ұрлатып алуыңыз ғажап емес. Сондай-ақ, көрсетілген нөмір жалған болып шықса, алаяқтар сізді алдап, картаңыз туралы мәліметтерді біліп алуы мүмкін.
2. Пин-кодты үш рет қате терген жағдайда
Мұндай жағдайда да карта бірден бұғатталады. Өйткені жүйе нақты кімнің теріп жатқанын білмейді де, алаяқтар болуы мүмкін деген қауіппен картаны уақытша жарамсыз етеді. Осындай жағдай болса, банкке хабарласып, бұғаттан шешу мүмкін бе анықтау керек. Әр банктің саясаты әр түрлі. Айтпақшы, кей банк қолданбаларында құпиясөзді сол жерде өзгертуге болады. Яғни өзіңізге қолайлы комбинацияны жасап қоюға мүмкіндік бар. Егер сіздің банкіңізде де құпиясөзді қалауыңызға қарай өзгертуге болатын болса, есіңізден шықпайтын үш санды пин-код қылуға болады.
3. Банкомат картаны «жұтып» қойғанда
Мұндай жағдай жиі болуы мүмкін. Себебі де алуан түрлі: пин-кодты бірнеше рет қате тергенде, банкомат істен шығып қалғанда, бірдеңеге алаңдап, дер кезінде алуға үлгермеген кезде және т.б. Банкомат «қатып» қалса, «бас тарту» немесе cancel батырмасын бірнеше секунд басып тұрыңыз. Сонда картаңызды қайтарады. Ал егер соның өзінде шықпаса, банкке хабарласу керек. Қаржы ұйымының қызметкерлері сізге не істеу керегін түсіндіреді. Банкомат жұтып қойды екен деп бірден кетіп қалмаңыз. Кейде құрылғы «тіріліп», картаңызды шығарып қалуы мүмкін. Соның өзінде карта банкоматтың ішінде қалып қойса, картаны бұғаттап тастаған абзал. Өйткені сіз кетіп қалған соң, карта шықса, оны тауып алған адам төлем жасап, ақшаңызды жаратуы ғажап емес. Ал енді құпия кодты үш рет қате теріп не күдікті операция жасасаңыз, әдетте, банкомат түбіртек шығарады. Ол жерде бұғатталған себеп көрсетіледі. Мұндай жағдайда банк бөлімшесіне барып, жаңасына тапсырыс беру қажет болады.
4. Картаны жоғалтып алдыңыз, біреулер ақшаңызды жұмсап үлгеріп жатса
Егер сізден басқа адам төлем жасағанын байқасаңыз, бірден бұғаттау керек. Бір жақсысы, қазір мобайл қолданба мен интернет қосылып тұрса, ондай ақпаратты дереу аласыз. Ендеше, картаны бұғаттау бірінші қадамыңыз болсын. Одан кейін банкпен байланысып, бөгде біреулердің төлем жасап жатқанын айтыңыз. Көбіне банктер бұл мәселемен бас қатырғысы келмей, кінәні өзіңізге жаба салғысы келеді. Бірақ табандылық танытып, соңына дейін баруға ерінбесеңіз, мәселенің ақ-қарасын ажыратуға болады. Ол үшін банкке барып, шағым қалдырып, біраз жүгіру керек. Сондай-ақ, әлгі төлемдерді өзіңіз жасамағаныңызды да дәлелдеу оңай болмайды. Бірақ бұл мүлдем мүмкін емес деген сөз емес.
5. Бір төлем үшін екі рет төлеген кезде
Арагідік мұндай мәселе де туындауы мүмкін. Айталық, супермаркеттен зат алдыңыз. Картаны бердіңіз, бірақ касса қызметкері төлем жасалмады деді. Сөйтіп аппаратқа тағы бір рет тигізіп, төлем жасайсыз. Тексеріп қарасаңыз, бір емес, екі рет төлеген болып шығасыз. Әбден көз жеткізсеңіз, әкімшілікке барып, мәселеніңізді түсіндіріңіз. Әдетте, ақшаңызды еш сөзге келместен қайтаруға келіседі. Ал енді мойындамай қойса, чектерді алып, банкке транзацияға қатысты мәселені шешуге бару керек.
6. Операция жасалды, бірақ банкоматтан ақша шықпай қалса
Пин-кодты енгізіп, қажет соманы көрсетіп, алақаныңызды уқалап, ақшаңызды күтіп тұрсыз. Бірақ кенеттен банкомат экранында операция дәл қазіргі сәтте жасалмайтыны туралы ақпарат шықты. Ал телефоныңызға қолма-қол ақша шешіп алынғаны жайлы хабарлама келіп қойды. Мұндайда ақшаңыздың шоттан алынғанына, смс-тің рас екеніне көз жеткізу керек. Егер расында, ақшаңыз азайып қалса, банкоматтан жырақтамай тұра тұрыңыз. Кейде құрылғылар «қатып» қалады да, ақшаны біраздан соң шығарады. Бос тұрмай, осы сәтте банкке хабарласып, мән-жайды айтыңыз. Айта кететін жайт, басқа банктің банкоматынан алып жатсаңыз да, картаны шығарған ұйымға хабарласу керек. Негізі мұндайда жүйедегі қателікті анықтап, ақшаңызды шотқа кері қайтару процесі жылдам болады. Сонда да банкоматтың экранын, номерін, өзін суретке түсіріп алыңыз. Жаныңызда адам болса, ол куәгер бола алады. Таныс емес адам болса, нөмірін алып алсаңыз артық емес. Қоңырау шалу арқылы мәселе шешілмей, күрделеніп кетсе, бөлімшеге барып арыз-шағым жазыңыз. Түбіртектегі ақпаратты инкассация деректерімен салыстырып, ақшаңызды қайтаруға тиіс.
7. Картаны бір жерде қалдырып кетсеңіз
Кейде картаңызды жоғалтып алғаныңызды кейіннен байқауыңыз мүмкін. Ойлана келе, бірнеше сағат бұрын тамақтанған жерде қалдырып кеткеніңіз есіңізге түсті делік. Ол жерге барып не хабарласып, сұрастырыңыз. Егер сол жерде екеніне көз жеткізсеңіз, банк қолданбасына кіріп, соңғы операцияларды тексеріп алыңыз. Сондай-ақ, көңіліңіз күпті болып жүрмес үшін жаңа карта жасатқан дұрыс. Өйткені картаның беткі жағындағы деректер мен артындағы CVV-код интернет арқылы төлем жасауға толық мүмкіндік береді. Адамға сенгенде тұрған ештеңе жоқ. Бірақ сол сенімге селкеу түсіп кетуі мүмкін екенін де ұмытпаған жөн.