Инвестиция

Ипотекалық бағдарламалар нарықтан шығады. Баспана бағасының күйі қандай болмақ?

Азаматтар бір реттік зейнетақы төлемін белсенді пайдалануда

БЖЗҚ игілігін қанша адам көрді?

Елімізде 200 мыңдай адам тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жалпы сомасы 950 млрд теңгеге бір реттік зейнетақы төлемін алған. Олардың әрбір үшіншісі немесе салымшылардың 70 пайызы тұрғын үйді толықтай сатып алған. Оған 700 млрд теңге жұмсалған. 

Бұл туралы «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова Алматыда өткен VIII CFO Summit Idea Exchange & Networking Even саммитінде айтты. Оның айтуынша, банк ипотеканы мерзімінен бұрын өтеуге 55 мың адам ақша жіберген. Оның сомасы – 200 млрд теңге. Сонымен қатар 11 мың адам жаңа ипотека алуға тәуекел еткен. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры олардың шотына 70 млрд теңге аударған. 

«Ақпан, наурыз және сәуір айында жылжымайтын мүлік нарығындағы келісімдер бойынша деректерді ауытқымалы деп айта аламын. Сондай-ақ ол деректер ұлттық статистика бюросы деректерінен басқаша болуы да мүмкін. Салыстыру үшін алсақ бір жылда отандық жылжымайтын мүлік нарығында 300 мыңға жуық келісім жасалады. Қазір жасалған қосымша 80 мың келісімді есепке алсақ онда нарық 70 пайызға дейін өсім (2020 жылдың қаңтар, наурыз, сәуірімен салыстырғанда) көрсетеді. Бірақ шын мәнінде бұл келісімдер нарықта ешқандай төңкеріс тудырмайды. Жылдың екінші жартысында, маусымнан бастап бірқалыпты коррекция басталады» дейді Ибрагимова. 

Басқарма төрағасы баспана бағасының өсуіне байланысты да пікір білдірген. 

«Жылжымайтын мүлік бағасының жоғарылауы тұрғын үй жинақ жүйесіне қауіп төндіреді. Бұл жерде қазақстандықтардың табыс қарқынының баспана бағасының өсім қарқынынан төмен болмауы маңызды. Басқалай болса, қазақстандықтар жылдар бойы ақша жинап, содан соң тек пәтердің «асүйін» ғана сатып ала алады» дейді ол.  

Сонымен қатар Ибрагимова мемлекеттік субсидиялау бағдарламалары есебінен ипотека портфелінің өсіп жатқанын да мәлімдеді. «Бізді портфелдің әртараптануы құтқарып тұр. Клиенттеріміздің орташа чегі – айлық төлемі 200 мың теңгеден кем емес 10 млн теңге» деді спикер. 

Қандай бағдарламалар жойылады?

Дәл осы жиынға қатысқан қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова 2021 және 2022 жылдары «Баспана хит» пен «7-20-25» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларын қаржыландыру тоқтатылатынын мәлімдеді. 

«Экономикадағы дағдарыс деңгейін төмендету үшін мемлекет нарықтық ұстанымдарға орын босатып, несиелеу бағдарламаларынан біртіндеп шыға бастауы қажет. Осыған байланысты Ұлттық банк 2023 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыруды тоқтатады» деді Әбілқасымова. 

Еске салсақ, «Баспана хит» бағдарламасы арқылы азаматтар екінші нарықтан жылдық 10,75 пайызбен, 20 пайыз көлемде алғашқы төлем жасау арқылы 15 жылға дейін тұрғын үй ипотекасын рәсімдей алатын. Ал «7-20-25» арқылы ел тұрғындарына жылдық 7 пайыз, алғашқы жарна 20 пайызбен, 25 жылға дейін ипотека алу мүмкіндігі ұсынылып келді. 

«Дағдарысқа қарсы шаралар бизнес пен халық үшін қарыз жүктемесін азайтуға көмектесті. Нәтижесінде, 2020 жылғы дағдарысқа қарамастан несие портфелі сапасының төмендемегенін байқап отырмыз. Жеке тұлғалар бойынша жұмыс істемей тұрған (төленбей тұрған) несие деңгейі 2021 жылдың басында 5,4 пайызды құрады. Оның ішінде тұтынушылық несие бойынша – 6,5 пайыз. Заңды тұлғалар бойынша жұмыс істемей тұрған несие – 8,6 пайыз деңгейінде» деді Әбілқасымова. 

Баспана бағасы қашан тұрақталады?

«Арбат Риэл Эстейт» агенттігінің директоры Марина Грушина тамызға таман баспана нарығындағы баға тұрақталады дейді. 

«Алматыда екінші нарықтағы үйлердің шаршы метрі шамамен 420 мың теңгені құрайды. БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемін алу кампаниясы ықпалымен баға 20 пайызға қымбаттады. Сұраныстың тым қатты өсуі осыған алып келді. Сатып алушылар негізінен жаңа құрылыстарға мән берді. Өйткені жерді қазу сатысындағы бастапқы баға екінші нарықтағы үйлердің құнымен тең. Адамдар бірінші кезекте бірінші нарықтағы үйлерді қарайды, ыңғайлы нұсқа таппаса ғана екінші нарыққа ауысады» дейді сарапшы. 

Оның айтуынша, клиенттерді екі категорияға бөліп қарастыруға болады. Олардың алғашқылары зейнетақы қаржысын капитализациялау үшін ғана жылжымайтын мүлік алғысы келеді. Ондай азаматтар алынатын ақшаға қолжетімді нысандарды қарастырады. Қаржы әркімнің шотында әртүрлі көрініс табады. Бірақ негізінен көбінің қаржысы орталықтан жаңа баспана сатып алу үшін жеткіліксіз екені де жасырын емес. 

«Мұндай сатып алушылар бұрын тұрғын үй сатып алуға құлықсыз болған перифериялық нарықты жандандырды. Олар кейін жалға беремін немесе сатамын деген мақсатпен кез келген баспананы сатып алады. Зейнетақы қаржысымен тұрғын үй жағдайын жақсартуды ойлаған немесе ипотекасын жапқысы келген азаматтардың бәрін екінші категорияға жатқыза аламыз. Пандемиядан соң мұндай бастаманың қолға алынуы нағыз өз уақытында істеген жұмыс болды. Дегенмен бастама үй салушылардың бағаны көтеріп жіберуіне де әсер етті. Тамызға таман баспана бағасы тұрақталуы тиіс. Оған дейін сұраныс құбылып тұрады. Көктемде сатып алуды жүзеге асыра алмаған клиенттер нарыққа шығады. Дегенмен осы уақытта сатып алушылардың жаппай нарықтан кетуіне де куә боламыз. Қазірдің өзінде белсенділік 30 пайызға азайды, ол әрі қарай тек төмендей береді. Егер жыл соңына дейін айтарлықтай экономикалық дүмпу орын алмаса онда желтоқсанда үй бағасы табиғи қалпына оралып, зейнетақы кампаниясына дейінгі деңгейіне келеді» дейді Марина Грушина.