Қаржы нарығының ахуалы қандай?
Алматыда өткен «Cfo Idea exchange & networking» саммитіне қатысқан қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова қаржы нарығын дамытудың негізгі міндеттері мен оны дамытудың негізгі бағыттары жайында айтып берді.
Агенттік басшысының айтуынша, агенттіктің, үкіметтің және Ұлттық Банктің пандемия кезеңіндегі әрекеттері күйзелістердің экономикаға және қаржы жүйесіне әсерін жеңілдету мақсатында дағдарысқа қарсы шаралар кешенін іске асыруға шоғырландырылды. Дағдарысқа қарсы шаралардың жалпы топтамасы еліміздің ІЖӨ-нің 9%-н құрады, оның 4,3 трлн теңгесі республикалық бюджет қаражатының есебінен және 2,1 трлн теңгесі Ұлттық Банк қаражатының есебінен бөлінді.
«Пандемия мен карантиннің кезекті толқынын ескере отырып мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы жекелеген шаралардың мерзімін ұзартуды тапсырды. 2021 жылғы 1 сәуір-1 шілде аралығындағы кезеңге экономиканың зардап шеккен секторларындағы ШОБ субъектілері үшін кредиттер бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігі берілді. Енді микро және шағын бизнес субъектілері үшін төлем мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігі олардың қаржылық жағдайы бағаланғаннан кейін автоматты түрде беріледі. Экономиканың зардап шеккен секторларындағы ШОБ барлық кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді жылдық 6%-ға дейін субсидиялау да 1 шілдеге дейін ұзартылды және зардап шеккен салалардың тізімі ұлғайтылды. Ол үшін бюджеттен қосымша 18,4 млрд теңге бөлінді» деді Мәдина Әбілқасымова.
Қаржы реттеушісі басшысының айтуынша, қабылданған шаралардың арқасында дағдарыс салдары қаржы секторына теріс әсер еткен жоқ. Жағымсыз болжамдарға қарамастан, кредиттік портфель оң серпін көрсеткен. Экономикаға кредиттер 2020 жылы 5,5%-ға, 14,6 трлн теңгеге дейін өсті.
«Дағдарыстың экономикаға әсерінің азайғанын ескерсек, мемлекеттің нарықтық қағидаттарға орын беріп, кредиттеу бағдарламаларынан біртіндеп шығуын қамтамасыз ету маңызды. Осыған байланысты ағымдағы жылдың басында қол қойылған үкімет, Ұлттық Банк және агенттік арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім шеңберінде Ұлттық Банктің 2023 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландырудан шығуы көзделген. Жеңілдікпен кредиттеу, ҚЗЭ, «Баспана хит» бағдарламаларын қаржыландыру 2021 жылы, ал «7-20-25» бағдарламасын қаржыландыру 2022 жылы аяқталады деп жоспарлануда» деді Әбілқасымова.
Агенттік төрағасы ағымдағы жылы банк секторында негізінен кредиттерді берудің жаңартылған процестерін іс жүзіне енгізуге, кепілдердің құнын дұрыс бағалауға және қарыз алушылардың төлем қабілетін талдауға көңіл бөлінетінін жеке атап өтті. Келесі жылы банктердің бизнес-жоспарлау, бюджеттеу процестерін, даму және баға белгілеу стратегияларын қайта қарау күтіледі. ЕОБ, Англия Банкінің тәжірибесі бойынша қадағалап стресс-тестілеудің толыққанды модельдері жасалады, Bottom-up әдісімен стресс-тестілеу өткізу үшін қажетті бизнес-процестер және банктермен өзара іс-қимыл қалыптастырылады.
«Қор нарығына жеке инвесторларды тартуға мемлекет басшысының «Халықтық ІРО» бағдарламасын қайта жаңғырту және ұлттық компаниялардың акцияларын, ең алдымен, Қазақстан азаматтары – жеке тұлғаларға сату жөніндегі тапсырмаларын іске асыру ықпал ететін болады. Қор нарығына шығу компаниялардан корпоративтік басқару және жария етілетін есептілік деңгейін арттыруды талап етеді. Осы мақсаттарда агенттік «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп Ұлттық корпоративтік басқару кодексін қабылдап, енгізеді» деді Мәдина Әбілқасымова.
Әбілқасымова сақтандыру секторының әлеуетін іске асыру жайында да айтып берді. Болашақта Unit-linked сияқты өнімдерді дамыту күтіледі, бұл Қазақстанның қор нарығында институционалдық инвесторлар ретінде өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардың рөлін арттыруға мүмкіндік береді.
«Жалпы сақтандыру саласын дамыту шараларының ішінен кәсіпкерлік субъектілерінің үшінші тұлғалар алдындағы кәсіби жауапкершілігін міндеттелген сақтандырудың дамуына жағдай жасауды ерекше атап өтуге болады. Егер қазір заңнамада кәсіптік жауапкершілікті сақтандырудың 8 түрі көзделген болса, онда заң жобасы кәсіпкерлердің халыққа қызмет көрсетуі кезінде туындайтын кәсіби тәуекелдер аясын кеңейтуге мүмкіндік береді» деді қаржы реттеушісінің басшысы.
Мәдина Әбілқасымова ашық микроқаржыландыру нарығын құру туралы айтты. Нарықты одан әрі дамыту үшін «БЖК-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ШОБ микрокредиттерін портфельдік субсидиялау көзделген. Сонымен қатар, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша жаңа бастаған кәсіпкерлерге кредит беру үшін өңірлік МҚҰ құруды көздейтін Қазақстан Республикасының өңірлерінде микроқаржы ұйымдарын дамыту тұжырымдамасы әзірленді.
«Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша заң қабылданды. Қарыздарды төлеу кезінде қиындықтарға тап болған қарыз алушыларды қолдау үшін проблемалық қарыздарды сотқа дейін реттеудің міндетті рәсімі енгізілуде. Сонымен қатар, борышкерлерді қайта құрылымдау және оңалту, кепіл мүлкі сатылған жағдайда тұрғын үй ипотекалық қарызы бойынша өтелмеген қарызды кешіру шарттарының тізбесі кеңейтілуде. Коллекторлық қызметке арнайы блок арналған. Коллектордың борышкермен өзара әрекет ету тәртібі қатаңдатылды, Агенттіктің коллекторлық қызметті бақылау жөніндегі өкілеттіктері кеңейтілді. Заңнаманың барлық талаптарын орындау үшін жарғылық капиталдың ең аз мөлшеріне қойылатын талаптар енгізілуде» деді Әбілқасымова.