Еуразиялық экономикалық одақ құрылып, Қазақстан оның құрамына қосылғалы, отандық сауда-саттыққа түрлі әкімшілік кедергілердің кері әсері туралы жиі айтылып келе жатыр. Үкімет ондай барьерлердің жойылып жатқанын немесе жою жолында белсенді еңбек етіп жатқандарын айтады.
Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукованың айтуынша, біз заңды түрде кеден шекарасын ашқанымызбен, іс жүзінде барлық ел өз өндірушілерін қорғауға тырысады және ішкі өндірушінің бәсекеге қабілетін қолдауға бағытталған белгілі бір тосқауылдар қояды дейді. Әрине, мұндай әрекеттердің ЕАЭО-ны құрудағы әу бастағы ізгі идеяға қайшы келетіні айтпаса да түсінікті.
«Енді барлық ел «сауда кедергісіз жүзеге асырылуы тиіс» деп қол қойғаннан кейін, еркін сауда үшін қандай да бір кедергі келтіруді міндеттеменің сақталмауы деп бағалауға және оларды Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында заңды түрде талқылап, жоюға қол жеткізуге болады. Ал ЕАЭО құрылмаса, бұл болмас еді. Біздің министрлік қазақстандық тауарлардың жолындағы кедергілерді анықтау және жою бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. 2016 жылдан бастап бұрыннан келе жатқан кедергілердің 83%-ы жойылды. 66 тосқауыл сараланды, оның ішінде 54 тосқауыл жойылды» дейді Кушукова.
Сарапшылардың бағалауынша, жойылған кедергілер құны шамамен 100 млн АҚШ долларын құраған.
«Министрлік мұндай жағымсыз әсерлерді азайту үшін бар күшін салуда. Бізге бизнесмендермен тікелей диалог орнату қажет. Осы мақсатта Қазақстанның ЕАЭО-ға қатысу мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау бөлмесі құрылуда, ол бізге кәсіпкерлермен, салалармен тікелей сөйлесуге және қандай проблемалар бар екенін сұрауға мүмкіндік береді. Мұндай отырыстар 6-14 сәуірде СҚО, БҚО, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында өткізілді. Кәсіпкерлер ЕАЭО кеңістігінде тап болған проблемаларын ортаға салады» деді спикер.
Ссындай кездесулердің нәтижесінде екі мәселе шешімін тауып, күн тәртібінен алынып тасталған.
Экономикалық одақ құрылған 2014 жылы отандық қайта өңдеу экспорты шетелге сатылған жалпы көлемнің 23,2 пайызын құраған. Былтыр тауар айналымының жалпы құлдырауының өзінде Қазақстанның шикізаттық емес экспорты 35 пайыздан асқан.
«Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктері бұған көп ықпал етті. Бізге ЕАЭО бойынша әріптес елдердің инфрақұрылымына қолжетімділік және теміржол көлігімен тасымалдау кезінде ішкі тарифтер ұсыну көмектеседі. Бұл экспортталатын өнімнің түпкілікті құнын айтарлықтай төмендетеді. Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші елдермен еркін сауда туралы келісімдерге қол қоюы қазақстандық кәсіпкерлер үшін маңызды басымдық болып отыр. Біздің кәсіпкерлерге осындай келісімдер аясында жеңілдік шарттары бойынша үлкен, ауқымды нарықтарға шығу мүмкіндігі беріледі. Яғни, олар кедендік баж төлемейді, немесе кедендік баж едәуір төмендетіледі, сондай-ақ негізсіз тарифтік кедергілер мен басқа да шектеулер қолданылмайды» деп түсіндірді вице-министр.
Атап айтқанда, Вьетнам, Сербия, Иран және Сингапурмен еркін сауда аймақтары туралы келісімдер бар. Бұл қазақстандық тауарлар экспортын 1 млрд долларға дейін қосымша арттыруға мүмкіндік берген. Қазақстанның Вьетнаммен тауар айналымының өзі 54%-ға өсті. Сонымен қатар, бұл ретте металлургия, химия, мұнай өңдеу және тамақ өнеркәсібі өнімдері сияқты өңделген тауарлар туралы айтылып отыр.
Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақ Израиль, Египет және Үндістанмен келісімдер жасасу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр екен. Министрлік дерегінше, еркін сауда аймағы шеңберінде қазақстандық экспортты ұлғайту әлеуеті шамамен 800 млн долларды құрайды. Айта кетейік, 2020 жылы ЕАЭО-ға үшінші елдерден тартылған инвестициялар 25,3 млрд долларды құраған. Олардың басым бөлігі Қазақстанға тиесілі – 17 млрд доллар.
Тағы бір жақсы жаңалық ЕАЭО нарығына негізінен өнім жеткізушілер – шағын және орта бизнес субъектілері екен.
«ЕАЭО-ның таяудағы жылдарға арналған даму стратегиясын талқылау кезінде Қазақстан бірлескен өнеркәсіптік кәсіпорындар құру және мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік субъектілері арасындағы байланыстарды нығайту ЕАЭО нарығындағы кедергілерді жою және өзара сауда көлемін ұлғайту үшін қосымша серпін беретінін бірнеше рет атап өтті. ЕАЭО жұмыс істеген кезеңде осы бағыттағы жұмыстар белсенді жүргізілді. Бірлескен кәсіпорындар саны 2015 жылдан бастап 6272-ден 13 503-ке дейін өсті» деді Кушукова.
Жалпы, алты жылда Қазақстанның ЕАЭО елдеріне экспорты 25 пайызға өскен. Бұл шамамен алғанда 5,1-ден 6,4 млрд долларға дейін өсу деген сөз. Жанель Кушукованың айтуынша, ЕАЭО-да өзара сауда көлемін ұлғайтуға кедендік декларациялауды, сәйкестік сертификаттарын, ветеринариялық және санитариялық құжаттарды өзара тануды алып тастау есебінен экспорт кезінде құжаттық жүктемені төмендету сияқты бизнес үшін шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Жалпы экспорттық тауарлардың ассортименті өзгерді және кеңейді.
«Егер тәуелсіздік алған алғашқы жылдары экспортта дәстүр бойынша шикізат тауарлары басым болса, қазіргі кезде біздің экспорттың 58%-ын өңделген өнім құрайды. 2015-2020 жылдары ЕАЭО елдеріне шикізаттық емес тауарлар экспортының өсуі 35%-ды, 2,8-ден 3,7 млрд долларды құрады. Ресейлік сауда желілеріне жеміс-көкөніс жеткізу 2,3 млрд доллардан асты» деп хабарлады вице-министр.