Қазақстанда жұмыс істейтін әйелдер жүктіліктің 30-аптасынан бастап, жұмысқа жарамсыздық парағын толтырып, декреттік демалысқа шығады. Бұрын бұл процесс үшін құжат толтыру қажет болған. Биылдан бастап жаңа функционал іске қосылды. Яғни соған сәйкес, жұмыс берушісі бар жүкті әйел енді ХҚКО-на барып құжат тапсырып жүрмейтін болды. Жүктілік пен босанғанына байланысты берілетін әлеуметтік төлемдер қашықтан әзірленеді. Бірақ ескеретін тұстары жоқ емес. Сондықтан бүгінгі материалымызда осы жайлы толығырақ айтып өткенді жөн көріп отырмыз.
ХҚКО-ға барып, сабылудың қажеті жоқ
Ресми жұмыс істейтін не өзін-өзі жұмыспен қамтитын әйелдердің босанғанға дейін әлеуметтік төлем алатыны белгілі. Яғни соңғы бір жылдағы табысына қарай, әркім әр түрлі көлемде алады. Ал енді сол төлемді рәсімдеу үшін бұрын біраз шаруа тындыру керек еді. Қазір болса, бұл іс біршама жеңілдеді. Атап айтқанда, Электронды еңбек биржасында осыған сәйкес функционал іске қосылды. Бір айта кетерлігі, бұрын жұмыс берушінің жүгірісі азырақ болған. Енді жүк көбейетін түрі бар. Мамыр айынан бастап, электронды еңбек биржасында Еңбек келісімшарттарының бірыңғай жүйесінде жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік демалысты тіркеуге мүмкіндік беріліп отыр. Бұл дегеніміз ендігіде тиісті әлеуметтік төлем проактив форматта іске асырылатын болады деген сөз. Жүкті әйелдер ХҚКО-на барып, кезек күтіп, құжатты бірнеше мәрте қайта қаратып жүрмейді.
Процесс қалай жүзеге асады?
Ол үшін жұмыс беруші Электронды еңбек биржасы порталындағы жеке кабинетте аталған фактіні тіркеуге тиіс. Кейіннен мәліметтер Еңбек келісімшарттарының бірыңғай жүйесіне жолданады. Ол жерде сұранымға байланысты әлеуметтік төлемді тағайындау үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жіберіледі. Жүкті әйелдерге енді тек хабарлама күту ғана қалады. Сөйтіп азаматтардың мобайл базасында тіркелген нөміріне тағайындауға келісім беру туралы SMS келуі керек. Аталған хабарламаға үш күн ішінде келісім беретініңізді білдіріп, жауап беру міндетті.
Егер хабарлама келмей қойса немесе жұмыс беруші қандай да бір себептермен Электронды еңбек биржасына сізді тіркемей қойса, бұрынғыша ХҚКО-ға барып, өздігіңізбен тапсыруыңызға да болады. Бір ескеретін жайт, уақыт жоғалтатын болдым деп уайымдамаңыз. Себебі әлеуметтік төлем өтінім берген күннен бастап емес, еңбекке жарамсыздық парағында көрсетілген күнге байланысты тағайындалады.
Кімдерге автомат түрде аударылмайды?
Айтқандай, бұл жеңілдік жұмыс берушісі бар әйелдерге ғана арналған. Яғни өзін-өзі жұмыспен қамтып, Бірыңғай жиынтық төлем төлеп отырған әйелдер бұл функционалды қолдана алмайды. Оның себебі мынада: бірыңғай жиынтық төлеушінің жұмыс берушісі болмайды. Демек, Электронды еңбек биржасында да тіркеле алмайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған қазақстандық әйелдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің өзге де қатысушылары секілді «Азаматтарға арналған үкіметке» өздігімен өтінім қалдырып, әлеуметтік төлем ала алады. Өтінішке қоса жеке куәлік, емханадан берілген жұмысқа уақытша жарамсыз екенін білдіретін анықтама, банк есепшотының реквизиттерін беру қажет.
Әлеуметтік төлемнің көлемі әлеуметтік аударымдарға байланысты автомат түрде есептеледі. Ал еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама әдетте, 126 күнге беріледі. Бұл дегеніміз — 4,2 ай. Жүктілік пен босанға байланысты берілетін бір реттік әлеуметтік төлем еңбек демалысы ретінде жазылып, соңғы жылдағы айлық жалақының 4,2 бөлігін құрайды. Тағы бір айта кететін дайт, орташа айлық жалақы мөлшері жеті ең төменгі жалақы мөлшерінен асып кетпеуі керек. Оның биылғы көлемі — 297 500 теңге. Ал енді бірыңғай жиынтық төлем төлейтін әйелдерге айлық табыс көлемі ең төменгі жалақымен бірдей деп есептеледі. Биыл — 42 500 теңге. Мұндай жағдайда, бір реттік әлеуметтік төлемнің мөлшері 178 500 теңгені құрайды.
Жүкті әйелдердің құжат жүгінен аз да болсын құтылғаны жақсы болды. Мұны жағымды өзгеріс деп қабылдауға әбден болады. Егер сіз де жүкті болсаңыз, жұмыс берушіңізбен алдын-ала сөйлесіп, мән-жайды анықтап алыңыз. Электронды еңбек биржасына тіркеп, проактив форматта төлем тағайындау жолына қамданған жөн.
Декреттік төлем қалай есептеледі?
Жүктіліктің 30-аптасына келгенде сіз жұмыстан уақытша демалыс аласыз. Яғни алдымен гинекологтан жұмысқа жарамсыз екенін білдіретін парақ алу керек. Елімізде декреттік демалыстың үш түрі болады. Оның біріншісі — 126 күнге созылатын жүктілікке және босануға дейінгі демалыс. Атап айтқанда, босанғанша 70 және одан кейін 56 күнге беріледі. Ал қиын босанған жағдайда, егіз не үшемді өмірге әкелсе, 56 күн емес, 70 күнге ұзартылады. Сондай-ақ, жаңа туған баланы асырап алса да 56 күнге демалыс беріледі. Ол үшін, әлбетте, барлық құжат сақадай сақ болуға тиіс. Үшіншісі — бала үшке толғанша оның күтіміне байланысты берілетін, жұмыс орны сақталғанымен, айлығы сақталмайтын демалыс.
Ең қызығы, босанғанға дейінгі бір реттік төлем. Өйткені көпшілігі «декреттік төлем қанша түсер екен?» деп арагідік ойлайтыны жасырын емес. Есептеу әдісіне келсек, жұмысқа жарамсыздығын білдіретін парақты кадр бөліміне апарып, оның бір данасын ХҚКО-ға тапсырасыз. Төлемнің көлемі жалақыңызға тікелей байланысты. Бұл ретте 1 жылдағы табысыңыз есепке алынады. Жұмысқа жарамсыздық парағы 126 күнге берілсе, коэффициент мынадай болады: 126/30=4,2. Мысал үшін есептеп көрелік. Табысы 7 ең төменгі жалақы мөлшерінен аспайтын, яғни 297 500 теңгеге дейін делік. Айталық, міндетті зейнетақы жарнасын шегергенде бір жылдағы табысыңыз 1 944 000 теңге болсын. Осы соманы 12 айға бөлеміз де, бір айдағы орташа табысыңызды табамыз. 1 944 000 теңге / 12 = 162 000 теңге. Осы бір айлық табысты әлгі 4,2 коэффициентке көбейтеміз. Сонда 680 400 теңге болады. Бұдан 10% міндетті зейнетақы жарнасы ұсталады. Сөйтіп біздің қолға алатын сомамыз 612 360 теңге болады. Ескере кететін жайт, әлеуметтік аударым табыстан МЗЖ ұсталып, 3,5% мөлшерлесімен төленеді. Мейлі соңғы 6 айда ғана жұмысқа кіріскен болсаңыз да, жалпы сома 12 айға бөлінеді.