ЕАЭО-дағы экспорт, транзиттік тасымал, агроөнеркәсіп: Қазақстанның мүддесі қаншалықты қорғалып жатыр?

Жарияланды
Контейнерлік тасымал көлемі соңғы 5 жылда 15 есе артқан

Қазақстан соңғы уақытта агроөнеркәсіп өнімдерін өндіруге және оны белсенді экспорттауға көп көңіл бөліп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, пандемия кезінде экономикалық өсу қарқынының баяулап қалғанына қарамастан, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 5,6%-ға ұлғайған. 

«Ал Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері бойынша орташа алғанда бұл көрсеткіш бар болғаны 2,3%-ды құрады. 2020 жылы АӨК өнімдерінің экспорты 2016 жылмен салыстырғанда 1,5 еседен астам өсті және 2,7 млрд АҚШ долларын құрады. Одаққа мүше мемлекеттерге жеткізу көлемі 5 жылдың ішінде 26%-ға өсті» дейді ауыл шаруашылығы вице-министрі Руслан Манатаев. 

ЕАЭО туралы шартқа сәйкес келісілген агроөнеркәсіптік саясат іске асырылуда, оның мақсаты – мүше мемлекеттер субъектілері арасындағы әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету, ресурстық әлеуетті тиімді іске асыру, ортақ аграрлық нарыққа қол жеткізудің тең жағдайларын жасау. 

Барлығы 7 басым бағыт бар, олардың әрқайсысы бойынша белгілі бір атқарымдар бар. Мысалы, АӨК-те орта мерзімді перспективаға арналған тұтас болжамдау жүйесі қалыптасып, тұқым мен асыл тұқымды өнім өндіруге және айналысына қойылатын талаптарды біріздендіруге бағытталған екі салалық келісім қабылданған, экспортты дамыту саласында келісілген іс-қимылдарды қалыптастыру бойынша жұмыс жүруде екен. 6 техникалық регламент қабылданып, 2 техникалық регламент пысықтау сатысында қабылданған. Бұл қадамдар қазірдің өзінде оң нәтиже беруде дейді министрлік өкілі. Бес жылда Қазақстан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің нарығына көкөністер экспортының көлемін 4 есе, жемістер экспортын 2 есе, сүт өнімдерін 2,9 есе көбейткен. 

«Қазіргі уақытта аграрлық сектордың дамуына кері әсер ететін бірнеше кедергілер бар. Бұл кедергілердің негізгі көлемі фитосанитариялық және ветеринариялық-санитариялық бақылау, сондай-ақ техникалық реттеу салаларында туындаған. Алдағы жұмыс шеңберінде біз оларды жою жөніндегі жұмысты жандандырамыз, Қазақстанның экспорттық әлеуетін іске асыруды, оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ірі сауда желілерімен келіссөздер жүргізу және ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу және көтерме-тарату орталықтары жүйесін дамыту, сондай-ақ ғылыми-инновациялық қызмет саласындағы ынтымақтастықты дамытуды жоспарлап отырмыз» деп түйіндеді спикер. 

Ал контейнерлік тасымал көлемі соңғы 5 жылда 15 есе артқан. Рұқсатсыз негізде жүктерді автомобильмен транзиттік тасымалдау қазақстандық автотасымалдаушыларға Беларусь аумағы бойынша Еуропалық Одақ елдері бағытында кедергісіз транзитпен өтуге мүмкіндік бермек. 

Бұған дейін Беларусь тарапы өз аумағы бойынша транзиттік тасымалдарға квоталаған болатын. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглованың айтуынша, Ресеймен және Беларусьпен әріптестікте бірлескен көлік-логистикалық компания құрылған. Соның арқасында Қытайдан Еуропаға контейнерлерді жеткізу уақыты 12-15 күнді құрайды, ал контейнерлік тасымалдар көлемі соңғы 5 жылда 15 есе өскен. 

«Бұдан басқа, ЕАЭО цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесі іске асырылуда. Жобаны енгізу көліктік-логистикалық операцияларды қағазсыз сүйемелдеуді және мәліметтер алмасуға толық көшуді қамтамасыз етеді. Цифрлық көлік дәліздерінің экожүйелері басым сервистерінің тізбесіне жол бойындағы сервисті брондау, электрондық тауар-көлік жүкқұжаттары, жол парақтары, жолдардың цифрлық дерекқоры, өткізу пункттерінде кезекті брондау сервисі сияқты сервистер кірді» дейді ведомство өкілі.

Сонымен қатар Динара Щеглова ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үйлестірілген көлік саясатын іске асырудың 2021-2023 жылдарға арналған негізгі бағыттары мен кезеңдерін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленгенін айтты. 

«Құжатқа жыл соңына дейін қол қою жоспарланған. Азаматтық авиация саласындағы бұл жоспар әуе кеңістігі арқылы кедергісіз ұшып өтуді қамтамасыз етуді көздейді, ЕАЭО-ға мүше елдердің әуе кеңістігін кесіп өту кезінде қосымша төлемдер алудың болмауына қызмет етеді. Сондай-ақ, жоспар аясында 2021 жылы еуразиялық көлік дәліздері мен көлік байланыстылығын арттыру және тасымалдау үшін оңтайлы маршрутты айқындау үшін маршруттар тізбесі бекітілетін болады» деп атап өтті спикер.

2020 жылғы 17 қарашада Ресей Федерациясының Ішкі су жолдары арқылы Каспий теңізі порттарынан Қара және Жерорта теңіздерінің порттарына транзиттік өту тәртібін жеңілдетуге мүмкіндік беретін кеме қатынасы туралы келісім ратификацияланды. Өтінімді қарау мерзімі 6 айдан 10 күнге дейін қысқартылды.

Еуразиялық одақ шеңберінде Ақтау және Құрық теңіз өткізу пункттерінде электрондық құжат айналымы жүйесін құру жоспарлануда. Кейіннен оларды Еуразиялық одаққа қатысушы мемлекеттердің теңіз өткізу пункттерінің ұқсас жүйелерімен интеграциялау көзделген. Бұл шаралар теңіз қатынастарында жүктерді тасымалдау кезінде көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Тағы бір айта кетер жаңалық – 1 шілдеден бастап «Шекарасыз жұмыс» жобасы іске қосылмақ. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларының стратегиясы 2020 жылғы желтоқсандағы Жоғары Кеңестің отырысында бекітілді. Жоспар 523 іс-шараны қамтиды және 50 халықаралық шарт пен ЕАЭО органдарының 220 актісін әзірлеу көзделген.

«Бұл іс-шаралардың барлығы, бірінші кезекте, кедергілерді жоюға, еркін нарықты қалыптастыру жолындағы артық бюрократиялық, әкімшілік кедергілерден босатуға бағытталған. Бұл тек тауарларға ғана емес, сонымен қатар жұмыс күшінің қозғалысына да қатысты болады. 1 шілдеден бастап «Шекарасыз жұмыс» сияқты ақпараттық ресурс жұмыс істейтіндігі туралы шешімге қол қойылатын болады. Бұл еңбек биржасы, бірақ шекарасыз. Енді біз жұмыскерлерді Еуразиялық экономикалық одақ аясында азаматтығына қарамастан іздей аламыз» деді сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова. 
 

Сондай-ақ оқыңыз