Квазимемлекеттік сектордағы сатып алулар бір заңмен реттелетін болды

Жарияланды
Сенат депутаттары арнайы заңды мақұлдады

Бүгін сенат депутаттары «Квазимемлекеттік сектор жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» заңды қабылдады. 

Бұл құжат «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Бәйтерек», «Зерде» сынды ұлттық холдингтер мен компаниялардың сатып алуларын реттейді.

Заңда сатып алуды жүзеге асыру қағидаттары, тәсілдері, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуға қатысуына байланысты шектеулер және әлеуетті өнім берушіге қойылатын талаптар белгіленген. Бұған дейін бұл процедуралар түрлі заңмен реттеліп келген.

«Қазіргі уақытта квазимемлекеттік сектордың сатып алулары әртүрлі нормативтік құқықтық актілермен реттеліп келеді. Мәселен, «Самұрық-Қазына» қорының сатып алулары «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Заңмен және Қордың директорлар кеңесі бекіткен сатып алу қағидаларымен реттеледі. «Самұрық-Қазына» қорының құрамына кірмейтін «Бәйтерек», «Зерде» сияқты ұлттық компаниялардың сатып алулары «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңмен және Қаржы министрлігі бекіткен Сатып алу қағидаларымен реттеледі. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың жанында жұмыс істейтін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алулары «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңмен және Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларымен реттеледі»  деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Бұл құжатта сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі енгізіліп, оны қалыптастыру, жүргізу тәртібі, тірзімге енгізу және одан шығару үшін негіздер айқындалған. Сонымен қатар тапсырыс берушінің және сатып алуды ұйымдастырушының әрекеттері мен шешімдеріне шағым жасау жөніндегі нормалар енгізілді.

«Әзірленген заң жобасымен Самұрық-Қазына қорының және өзге де ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың сатып алуларын реттеу ұсынылады. Осылайша, заң жобасы сатып алулары шамамен 3,4 трлн теңге сомасындағы 250-ден аса ұлттық компания мен олардың еншілес ұйымдарын қамтиды. Бұл ретте орталық және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы мемлекеттік кәсіпорындардың, акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің сатып алуларын «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңының шеңберінде қалдыру ұсынылады» деді министр.

Сонымен қатар сатып алу процесін нақтылайтын нормалар ереже секілді бекітілмек. Бұдан бөлек сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Аталған құжат кейбір заңнамалық актілерді қабылданған «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» заңға сәйкестендіруді көздейді.
 

Сондай-ақ оқыңыз