Қызылордада 14 жастағы бала суға батып кетті

Жарияланды
Ыстық күндердің басталуымен суда қайғылы оқиғалар жиілеп кетті

Қызылордада 14 жастағы бала суға батып кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz. 

Қызылордада ыстық күндердің басталуымен суда қайғылы оқиғалар жиілеп кетті. Тек осы жылы қаланың аумағында су апатынан үш кәмелетке толмаған баланың өмірі қиылды.

Қызылорда қаласының ПБ-на Тасбөгет кентінде 14 жасар кәмелетке толмаған бала суға батып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына Тасбөгет полиция бөлімінің және қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері дереу жетті. Тергеу барысында анықталғандай, сол күні 26 мамыр күні жасөспірім сағат 16:00-де үйден шомылуға шығып, қайтып оралмаған. Баланың денесін бірінші болып патрульдік полиция қызметкері тапты. Ол балаға алғашқы көмек көрсетті, бірақ, өкінішке орай, баланы құтқару мүмкін болмады. 

   «Жазғы демалыс балалар үшін жарақаттар мен басқа да жағдайларға толы болмас үшін, оларға су айдындары, көше, көлік жүретін жер, темір жол – бұл қауіптілігі жоғары аймақтар екенін айту керек. Сондай-ақ біз балаларға сақтық шараларына қатысты ескертулерді жиі айтып отыруымыз керек», – деді Қызылорда қалалық ПБ бастығы Нұрлан Ағаділов.

Қызылорда қалалық ПБ-ның полицейлері ата-аналар мен балалардан өзендер мен каналдардың жанында абай болуды сұрайды. Мұндай жағдайларда дереу жедел қызметтерге хабарласуыңыз керек.

Сондай-ақ оқыңыз