Отандық цемент – қосылған құны бар және жергілікті құрамы 90%-дан асатын жоғары сапалы, өңделген түпкілікті өнім. Бүгінгі таңда салада 15 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың жобалық қуаты жылына 16,5 млн тонна және 20-дан астам цемент түрін шығарады.Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстанда цемент тапшылығы жоқ. 2021 жылдың бірінші тоқсанында 2,13 млн тонна өндірілді, бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі өндіріс деңгейінен 18% жоғары (1,8 млн тонна). Биылғы І тоқсанда тұтыну көлемі 1,8 млн тоннаны құрады, яғни өндірілген көлемнен 350 мың тоннаға аз.
Бүгінгі таңда зауыттарда цементтің (М400, М450, М500 маркалары) орташа сату бағасы тоннасына 21-23 мың теңге (ҚҚС қоса алғанда). Мұндай бағамен өнімді сатып алу үшін нарықтағы бағаны көтеретін сатушыларды айналып өтіп, зауыттарға тікелей хабарласуға болады.
Қазақстанда цемент өндірісінің толық жүктелмеу проблемасы бар. ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегінше республика бойынша цементке деген жылдық қажеттілік 2020 жылы 9,6 млн тоннаны құрады. Бұл саланың жалпы қуатының 58% құрады.
Отандық өндірушілерді қолдау үшін Қазақстанда цементтің жекелеген түрлерін үшінші елдерден (ЕАЭО-дан басқа) әкелуге алты ай мерзімге тыйым салынды. Тиісті ұйрыққа 2021 жылғы 30 сәуірде қол қойылып, 24 мамырда қолданысқа енгізілді.
Мұндай тыйым өткен жылы да енгізілді. Бұл экономикалық тұрғыдан оң нәтижесін берді. Тәуелсіздік жылдарындағы тарихи рекордқа қол жеткізіп, 10,8 млн тонна цемент өндірілді. Сондай-ақ, отандық кәсіпорындар 100 млн долларға 2 млн тоннаға жуық цемент экспорттады. Сала бюджетке қосымша 5,6 млрд теңге салық төледі.