АҚШ-та 192 ИВЛ аппаратын ұрлаған қылмыскер қамауға алынды
АҚШ-та Йоэлвиса Эрнандес 192 ИВЛ аппаратын ұрлады деген айыппен қамауға алынды. Бұл туралы interfax.ru сайты хабарлады.
Эрнандес Техас штатының Дель-Рио қаласында ұсталды. Бұған дейін оның сыбайласы Луис Монтеро да қамауға алынған болатын. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің айтуынша, айыпталушылар 2020 жылы 9 тамызда Майами әуежайындағы автотұрақтан 192 ИВЛ аппараты бар тіркеме ұрлаған.
Ұрланған жабдық гуманитарлық көмек ретінде Сальвадордағы ауруханаға арналған. Оның құны 3 миллион долларға бағаланған.
Өткен жылдың қыркүйегінде ФБР Эрнандес туралы оны қамауға алуға көмектесетін ақпарат үшін 5000 доллар сыйақы тағайындады. Содан кейін күдікті өзі тұрған Флорида штатында жасырынуы мүмкін деген болжам жасалды. ФБР брифингі Эрнандестің Кубамен байланысы болғанын көрсетті.