Жаңалықтар

Еңбекке жарамсыздық парағы жайлы толық ақпарат

Ол не және қалай төленеді?

Қазақша атауы күрделі көрінгенімен, ел арасында мұны «больничный» деп атап кеткен. Аты айтып тұрғандай, жұмыс істеуге уақытша мүмкіндігіңіз болмай, ауырып қалған жағдайда еңбекке жарамсыздық парағын аштырасыз. Оны алу үшін бірінші кезекте дәрігердің қарауына барасыз. Одан соң, дәрігер сізге парақ ашып береді. Ол қағаздың ішінде қай мерзім аралығына ашылғаны, себебі — бәрі көрсетіледі. Аталған тақырып қызық болса, сіз үшін әзірлеген материалдан ала отырыңыздар. 

Еңбек кодексінің 133-бабына сәйкес, жұмыс берушіні өз қаржысы есебінен уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақыны төлеуге міндеттеледі. Ол үшін жұмыскер есеп-қисап бөліміне еңбекке жарамсыздық парағын, оны жоғалтып алған жағдайда — көшірмесін ұсынуы қажет.

Жәрдемақы қандай жағдайда төленеді?

Жұмыс беруші өз қаржысы есебінен жұмыскерлерге еңбекке жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақыны төлеуге міндетті екенін айтып өттік. Еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге арналған негіз — денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіпте берілген еңбекке жарамсыздық парақтары. Еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақылар жұмыскерлерге еңбекке жарамсыздықтың бірінші күнінен еңбек қабілетін қалпына келтіру күніне дейін немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедектікті анықтағанға дейін төленеді.

Қандай жағдайда төленбейді?

•    заңды күшіне енген сот үкімімен айыптылығы анықталған жағдайда, олардың қылмыстық құқық бұзушылығын жасауда алынған жарақаттары салдарынан еңбекке жарамсыздық орын алған қызметкерге;
•    соттың анықтауы бойынша мәжбүрлі емдеу кезінде (психикалық науқастардан басқа);
•    жұмыскер заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен оның айыптылығы анықталған жағдайда сот-медициналық сараптамасы кезінде және қамауда  болған кезде;
•    алкоголь, есірткі немесе уытты заттарды пайдалану салдарынан орын алған жарақаттар немесе аурулардан жұмыскердің уақытша еңбекке жарамсыздығында;
•    жыл сайын төленетін еңбек демалысына келген уақытша еңбекке жарамсыздық күндері үшін.

Әлеуметтік жәрдемақының мөлшері қалай анықталады?

Еңбекақы мөлшері айлық есептік көрсеткіштің онбес есе шамасынан аспайды. Нақты қызметкердің жәрдемақы мөлшері уақытша еңбекке жарамсыздық парағына сәйкес төленуге жататын жұмыс күндерінің санына оның орташа күндізгі еңбекақысын көбейту жолымен анықталады. Егер уақытша еңбекке жарамсыздық алдыңғы жылы басталып, биыл аяқталса, онда жәрдемақыны есептеу және оның мөлшерін айлық шектеу тиісті жылдағы айлық есептік көрсеткішті қолданумен, екі тәсіл арқылы жүргізіледі.

Белігілі бір санаттағы адамдарға еңбекке жарамсыздық парағы  бойынша жәрдемақы төлеу

Ұлы Отан соғысының жұмыс істейтін қатысушылары және оларға теңестірілген адамдарға орташа еңбекақының жүз пайызы мөлшерінде еңбекке жарамсыздықтың бірінші күнінен бастап жәрдемақы төленеді. Жұмыскердің жұмыста мертігуі немесе кәсіби ауруымен байланысты жәрдемақыны жұмыс беруші еңбекке жарамсыздық орын алған бірінші күннен бастап жұмысқа шыққанға дейін және мүгедектікті анықтағанға дейін төлейді. Дәрігерлердің қорытындысы бойынша  қосымша күтімге мұқтаж үш жасқа дейінгі балаларға күтімді стационарлық емдеуде анасына (әкесіне) немесе басқа адамға немесе үш жасқа дейінгі дәрігердің қорытындысы бойынша қосымша күтімге мұқтаж балаларға тікелей күтім көрсеткен анасына (әкесіне) немесе өзге адамға жәрдемақы жұмыскердің уақытша еңбекке жарамсыздығы орын алғандағыдай тәртіпте беріледі. Кезекті немесе қосымша демалыста, еңбекақының сақталуынсыз демалыста болатын жұмыскерлерге отбасының уақытша еңбекке жарамсыз мүшелеріне күтім бойынша жәрдемақы берілмейді.

Дипломатиялық қызмет қызметкеріне уақытша еңбекке қабілетсіздігі бойынша жәрдемақы төлеу

Дипломатиялық қызмет қызметкері шетелде болған кезде ауырған жағдайда жәрдемақы алады:
•    Ұлттық валютада – аурудың барлық кезеңінде.
•    Шетелдік валютада – орташа айлық еңбекақы есебінен шетелдік валютада, бірақ екі айдан артық емес мерзімде.
Егер ауру екі айдан артық уақытқа созылса және науқас денсаулық жағдайы бойынша Қазақстан Республикасына шыға алмаса (тасымалға қабілетсіз болса), онда шетелдік валютадағы жәрдемақы оған Қазақстан Республикасына эвакуация мүмкіндігі туралы дәрігерлердің шешіміне дейін емдеу мекемесінде болу кезеңі бойына беріледі.