Еріншек болсаңыз, есепті былай жүргізіңіз
Есеп-қисап жүргізуді оңай не қызық процесс деуге келмейді. Өйткені сандар көбейген сайын ойыңыз шашырап, басыңыз ауырып кетуі мүмкін. Осы себепті көпшілігі бюджет жоспарлар мен есебін жүргізуге мән бергісі келмейді. Ақыры «айлықтың түскені кеше ғана сияқты еді, ақшаның бәрін қайда жұмсадым?» деп ойға шомып отырады. Сондықтан мұндай жағдайды реттеу үшін оқырмандарымызға арнап, есеп жүргізудің ең оңай тәсілдерін ұсынғанды жөн көріп отырмыз.
Ендеше, бұл тәсілдерді қолдана отырып, ең еріншек деген адамның өзі қаражатын басқаруды әп-сәтте үйреніп алады. Тіпті бұл әдісті күнделікті режим ретінде қалыптастырып алған соң, одан да күрделі тәсілдерге демде ауысып кеткеніңізді байқамай қалуыңыз да ғажап емес. Демек, бұл материал жұмыстан кейін шаршап келген соң күнделігін ашып, оған шығын біткеннің бәрін жазуға, тиын-тебенді түгел санап отыруға ерінетіндерге таптырмайтын лайфхактардан тұрады. Әрі әдеттегі есеп жоспары сияқты бір шығынды қалдырып кетсеңіз, қалғаныныңыз есебі шықпай қалатындай қиын механимз де жоқ.
Онсыз да міндеті мен жұмысы көп адам болсаңыз, қаржылық жағдайыңызды еш қиындықсыз бақылауда ұстауға көмектесетін бірнеше кеңес айтпақшымыз. Бұған тіпті қағаз бен қаламның да қажеті шамалы. Сондықтан оқып шықпас бұрын асығыс шешім қабылдап, «бұл әдіс те қиын екен» деуге асықпаңыз. Шындығында, бәрі жеңіл, қарапайым әрі оп-оңай. Бастысы, бірінші кезекте, өзіңіз үшін пайдалы. Үйдегі есепті жүргізуді күнделікті әдетке айналдыруды үйретеміз.
Смартфонға арналған мобайл қолданбалар
«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегенді бұл жағдайда да қолдануға болады. Өйткені технологиялық мүмкіндіктер дамыған заманда оны игілікке қолданбағанымыз жарамас. Ендеше, өз қаржылық есебімізді қолдануға қолымыздағы смарфтон таптырмайтын құрал бола алады. Біле білсеңіз, бүгінде есеп-қисап жүргізуге арналған мобайл қолданбаның мыңдаған түрі бар. Әр елдің құрастырушылары өзіндік ерекшеліктерімен жасап, бірінен-бірі асып түсуге тырысады. Сондықтан бұл ретте сізде таңдау өте көп. Тілі, интерфейс, функцияларына қарап, көңіліңізге ұнаған кез келгенін жүктеп, қолданып кете бересіз. Негізі қолданбалар жүктейтін «дүкеніңіздің» «Қаржы» деген бөліміне кіріп, ерінбей таңдап алуыңызға болады. Ал енді тым жалқаулық ұстап жатса, мобайл қосымшалар ішінде трендте тұрғандарын таңдай салу да — жақсы ұсыныс. Өйткені трендте тұрғаны — ол қолданбаны көп адамның жүктегенін білдіреді.
Мәселен, ең танымал түрі — «Дзен-мани» немесе KeepFinance. Мұндағы бір ерекшелік — банктен келген смс-терді де оқи алады. Сол арқылы сіздің орныңызға есеп-қисап жүргізе береді. Сонымен қатар, қолданбалар бюджетіңізді категорияларға бөліп қарастырады. Мысалы, «демалыс» немесе «азық-түлік» дегендей. Сондай-ақ, өзіңіз де қалауыңызға қарай түрлі санатқа бөліп қойсаңыз болады. Мұндай қолданбалар бірнеше банк картасымен бір уақытта жұмыс істейтін адамдарға ыңғайлы. Ал енді бір ғана банк картаңыз болса, онда мобайл банкинг те жарай береді. Өйткені бүгінде олардың басым бөлігінде категориялар бойынша бөлініп, статистика жасау мүмкіндігі берілген.
Карта не QR арқылы төлеуге әдеттену
Біздің бір ерінетіміз — чектерді сақтап, оны кешке дәптерге жазуға. Сондықтан қолма-қолсыз төлем жасағанда таңертеңнен бергі шығынды еске түсіруге қиналамыз. Ақыры қолымызды бір сілтеп, есеп жүргізу дегенді әдетке айналдырмаймыз. Ал бүгінде мобайл банкинг жақсы дамыған. Сондықтан бұл ретте сізге бірден-бір көмекші бола алады. Ендеше, шығындарыңызды түгел есте ұстап жүру үшін картамен немесе QR арқылы төлеуге әдеттеніңіз. Бір жақсысы, бәрін бақылай аласыз, қажет кезде түбіртегі де қолда тұрады. Сондай-ақ, категориялар бойынша жасалған статистикаға қарап, айына бір рет болсын өзіңізге есеп бере аласыз. Яғни сіз көбіне қаражатты қайда жұмсайсыз, қанша ақшаңыз кетеді, оны азайту керек пе, әлде норма ма — осы сұрақтарға жауап алуға болады. Егер картамен қабылдамайтын жер болып, аударым жасауды сұраса, ескертпе ретінде хабарлама жазатын жерге не үшін аударғаныңызды жазып қоюды әдетке айналдырыңыз. Мысалы, үйдің алдындағы дүңгіршектен жеміс-жидек алдыңыз. Дүкенші карта қабылдамайды. Қолма-қолсыз немесе картаға аударуды ғана ұсынып тұр делік. Мұндайда аударар кезде сол онлайн банкингте ескертпе ретінде жазып қойыңыз. Бір ескерту айта кетейік: негізі кез келген кәсіппен айналысатын тұлға заң бойынша карта қабылдап, чек беруге міндетті. Сондықтан ескерту жасап, терминал орнатуды талап етуіңізге әбден болады.
Қазіргі заманда көпшілігі салық жеңілдігінен айырылып қалмас үшін картаға аудару тәсілін ұсынатыны жасырын емес. Ал негізі саудаға ашықтық керек. Еш қысылмай, тиісті төлем тәсілін қолжетімді етіп сұрау керек. Соның өзінде жылы жауып қоя салатындар барын ескерсек, қолма-қолсыз ақша ұстап жүруге не картаға аударуға тура келетін кездер жиі болады. Ал қолма-қолсыз төлегенде ол шығынды әлгі мобайл қолбандалар өздігімен есепке кіргізе алмайды. Соның өзінде сізге екі түрлі әдіс ұсынамыз: біріншіден, шамалы ғана қаражат шығарып алып, оны категориясыз бөлімге енгізіп отыруға болады. Яғни нақты қайда жұмсағаныңызды көрсетпейсіз. Бастысы, сомасы жазылып тұрса болғаны. Сол сияқты бірден көлемді сома шешіп алып, оны әр шығын сайын жазып тұрмай, аптасына бір әмиянда қалған соманы алып тастау арқылы категориясыз бөлімге қолмен енгізіп отыруға болады.
Кей шығынды естен шығарып алсаңыз, қапа болмаңыз
Көпшілігіміз есеп жүргізу десе, әр тиынның есебі болғанын қалаймыз. Сондай перфекционизммен кіріскенде бір күні шығындарды ұмытып қалғанда, есептен жаңылдым деп қолды бір сілтей салуыңыз мүмкін. Қолданбаға бір-екі шығынның нақты қайда жұмсалғанын жазбай қойғанда тұрған ештеңе жоқ. Мүлдем қойып кетсеңіз, сонда зиян болар еді. Бар болғаны, соңғы жазған шығыннан кейін қолда қалған қаражатты есептеп, екі ортада кеткен ақшаны категориясыз бөлімге қоса салыңыз. Нақты не алғаныңыз есіңізде болмаса да, бастысы, айлық алғалы бері қанша қаражат кеткенін, есепшотыңызда енді қанша қалғанын бақылап отыруға кедергі жоқ. Яғни әр тиын-тебенді санаймын деп басыңызды ауыртпаңыз. Күрделендіру арқылы бұл әдетті бойға сіңіргенше шығарып тастау ықтималы жоғарырақ болып кетуі мүмкін. Шамамен болсын бюджет есебін жүргізсеңіз де, еріншек адам үшін бұл — әжептәуір жетістік.
Ұсақ-түйектің бәріне мән беріп қажет емес
Теңге тиыннан құралады десек те, тиындарды есепке алмағаннан бюджетіңізге кері әсері тимейді. Өйткені әу баста біз жалқау адамдарға арналған тәсілдерді бөлісеміз деген едік. Ал өзі тумысынан еріншек адамға 5-10 теңгені санап отыру — өте қиын. Ендеше, не істеу керек? Айталық, дүкенге кіріп, 480 теңгеге зат алдыңыз. 500 теңге бердіңіз, сатушы 20 теңге қайтарды. Мобайл қолданбаға 480 теңге деп емес, 500 теңге шығын деп көрсеткенде тұрған ештеңе жоқ. Сол сияқты қайтарып берген сондай тиындарды бюджет есебіне кіргізбесеңіз де болады. Мәселен, әлгі қайтқан 20 теңгеге 2 литр су құйып алуыңыз мүмкін. Былай қарасаңыз, ақшаңыз бекер кеткен жоқ. Әрі әр ұсақ-түйекті жазып отырудың да аса үлкен қажеті шамалы. Айтпақшы, сөмкенің түбінде сылдырлап жүрген көп тиын жиналып қалса, бәрін қосып, ірі ақшаға айырбастап алуға болады. Ондайды дүкеншілер қуана қабылдайды. Оған керегі — тиын, сізге — ірі ақша. Екі жаққа да тиімді.
Біртіндеп күрделендіре беріңіз
Осы айтылған кеңестерді бірнеше ай бойы қайталап, бойға сіңіріп алыңыз. Сонда сіздің бойыңызда жеңілдік пайда болады. Әрі әдеттене бастайсыз. Сәл ақша жарата қалсаңыз, оның есебін уақытылы тіркеп отырудың қанға қалай сіңгенін байқамай да қаласыз. Бастысы, бұл ретте бәрін идеал жасаймын деп шаршап қалмау ғана. Негігі бюджет есебін жүргізу кіріс пен шығынды бақылап отырумен шектелмейді. Сол арқылы шығынды жоспарлау, өзіңізге есеп беруді де көздейді. Әйтсе де, мұндай дүние бірден қалыпқа түсе қоймайды. Ә дегеннен шығынды да, кірісті де, статистиканы да, болашаққа жоспарды да қолға аламын деп тез жалығып кетуіңіз ғажап емес. Ондай болмас үшін жүктемені біртіндеп күрделендіру керек. Алдымен шығынды бақылау, одан біртіндеп қай категория бойынша қаражат тым көп кетеді, қанша ақша қалды, кімге қарызсыз, кім сізге қарыз — бәрін біртіндеп әдетке айналдыра бастаңыз. Сонда бойға сіңіру жеңілдей түседі.