Жаңалықтар

Сатып алу құқығынсыз берілетін баспана алу үшін не істеу керек?

Бағдарлама бүгін басталады

Бүгін, яғни, 2021 жылдың 1 маусымынан бастап Нұр-Сұлтан қаласында «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары» санаты үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйге құжаттарды қабылдау басталады. Материалда арендалық үйлерді кімдердің ала алатыны, оларға қандай талаптар қойылатыны, басқа қандай факторларды ескеру керек екені туралы айтатын боламыз. 

Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына келесі санаттар жатады:

•    Жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
•    Басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
•    I және II топтағы мүгедектер;
•    Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар;
•    Кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар;
•    Жасына байланысты зейнеткерлер;
•    Жетім балалар;
•    Қандас;
•    Экологиялық зілзалалар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар;
•    Қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
•    Толық емес отбасылар.

Өтініш беру үшін:  

•    ЭЦҚ кілті;
•    Отбасының барлық мүшелеріне ҚР бойынша жылжымайтын мүліктің болмауы немесе болуы туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы;
•    Балалардың туу туралы куәліктерінің/отбасы мүшелерінің жеке куәлігі (болған жағдайда) сканерленген нұсқасы;
•    Неке қию /некені бұзу /әке болуды анықтау туралы куәліктің /№4 нысан /қайтыс болу туралы куәлік (болған жағдайда) сканерленген нұсқасы;
•    Жылжымайтын мүліктің құқық белгілейтін құжаттарының (болған жағдайда) сканерленген нұсқасы;
•    Мүгедектік туралы анықтаманың (болған жағдайда) сканерленген нұсқасы;
•    Созылмалы аурудың толық атауы, жеке бөлмеге мұқтаждығы және белгілі бір қабаты көрсетілген созылмалы аурудың медициналық қорытындысының (болған жағдайда) сканерленген нұсқасы болуы міндеттеледі. 

Бағдарлама шарты бойынша өтініш беруші «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары» санаты бойынша Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үй кезегінде тұруы керек. 

Жалпы, осы бағдарлама аясында 100 пәтер ұсынылып отыр. Оның 30-ы «Жетім балалар» санатына арналған: бір бөлмелі 12 пәтер және екі бөлмелі 18 пәтер. Қалған 70 үйдің 28-і бір бөлмелі болса, 42-сі екі бөлмелі пәтерлер. Пәтерлердің шаршы метрі 37,8 және 50 аралығында. 

Арендалық үйлер бес жылға ғана беріледі. Мерзім біткен соң әрі қарай сатып алу құқығы ұсынылмайды. Бірақ аталған тұрғын үйді берген кезде сізбен ұзарту құқығымен 5 жыл мерзімге жалдау шарты жасалады. Тиісінше, сіз әр 5 жыл сайын жалдау шартын қайта жасасу арқылы шексіз уақыт өмір сүре аласыз.

Пәтерлердің орналасқан жері – «Пригородный» тұрғын алабындағы кешен. Сарытоғай көшесінде орналасқан. 
 
Ай сайынғы жалдау ақысы – 5 000-нан 15 000 теңгеге дейін. Құжаттар 2021 жылдың 1 – 8 маусымы аралығында қабылданады. Құжаттарды қабылдау көрсетілген кезеңде, тек электронды түрде qatysu.zhilfond.kz порталы арқылы жүргізіледі. 

Өтініштерді қарастыру нәтижелері туралы кейінірек zhilfond.kz және zhil-astana.kz сайттарында және тұрғын үй орталығының әлеуметтік желілерінде жарияланатын болады.