Қазақстанда цемент импортына рұқсат берілуі мүмкін
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі үшінші елдерден цемент импортына тыйым салу туралы бұрын енгізілген бұйрықтың күшін жоюды қарастырып жатыр. Ол шешім отандық цемент өндірушілерді қолдау және кәсіпорындарды қосымша жүктеу мақсатында алты ай мерзімге енгізілген еді. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналы хабарлады.
Қазіргі уақытта зауыттарда цементтің (М400, М450, М500 маркалы) орташа сату бағасы қосымша құн салығын қосқанда 22,4 мың теңгені құрайды. Брендіне қарай бір тоннасы үшін 21-23 мың теңге шегінде. Нарықта цементтің қымбаттауы дилерлер мен алыпсатарлардың әрекеттеріне байланысты болып отыр.
Бүгінгі таңда Министрлік құрылыс материалдарына бағаның одан әрі негізсіз өсуіне, өндірушілер мен жеткізушілер арасында сөз байласу мен алыпсатарлыққа жол бермеу үшін Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне тексеру жүргізу және шаралар қабылдау үшін ресми хат жолдады.
Осыған байланысты Министрлік цемент өндірушілеріне ірі құрылыс компанияларымен және бетон өндірушілерімен тікелей жұмыс істеуді ұсынады.
Айта кету керек, Қазақстанда жалпы жобалық қуаты жылына 16,5 млн тонна болатын 15 цемент өндіруші жұмыс істейді. 2020 жылдың қорытындысында ел нарығының қажеттілігі 9,6 млн тоннаны құрады. Яғни, отандық өндірушілердің қуаты ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге жеткілікті.