Инвестиция

Көлік иелерінің ақылы жолдарға қатысты наразылығы. Министр қандай уәж айтады?

Қазақстанда қазіргі кезде 4 ақылы жол бар

Осыдан санаулы күн бұры алыс жолға жүк көлігін айдайтын жүргізушілер ақылы жолдардың енгізілуіне қарсылық танытып, наразылық білдірген еді. Олар әуелі жолдарды сапалы етіп төсеп, интернет жүргізіп, сосын барып ақша талап етсін дейді. Жақында бұл мәселеге орай индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пікір білдірді. 

Министрдің айтуынша, біздің елде төрт ақылы жол учаскесі бар: Нұр-Сұлтан-Щучинск, Нұр-Сұлтан – Теміртау, Алматы-Қапшағай, Алматы-Қорғас. 680 шақырым жолдан 5,7 млрд теңге табыс түсіпті. Ведомство басшысы біздің елді Еуропамен салыстыра беру орынсыз дейді. 

«Еуропадағы халық тығыздығына, автомобиль ағынының тығыздығына қараңыздар, кірісі өте жоғары. Бізде 500 шақырым жолда бірнеше шағын елді мекен бар, қызмет көрсету және техникалық қызмет көрсету өте қиын. Қыста қар басады, техника ондаған шақырым жерге барады. Климаттық жағдай әртүрлі, еліміздің жолдар өте ұзақ, елді мекендер аз және машиналар саны, тығыздығы көптеген елдерге қарағанда әлдеқайда төмен. Сондықтан бұл коэффициент жолдың табыстылығына өте қатты әсер етеді» дейді спикер.

Атамқұлов 1 маусымнан бастап енгізілуі керек болған ақылы жолдардың кейінге шегерілгенін мәлімдеді. 

«Ол үшін автоматикалық желіні дайындау керек. 5800 шақырым жерде сол жүйе монтажы жасалып, тесттен өтті. Ашылатын жолдардың сапасы қайта тексерілуде. Бұл жұмыстар мамыр айында басталып, әлі аяқталған жоқ. Біраз жерді жөндеп, есептеу қажет. Жолдарды жөндеу біткен соң әр учаскені арнайы актімен қабылдап, ашамыз. Министрлік бұл шешімді өз нормативтік-құқықтық актісімен, яғни бұйрығымен әлі қабылдаған жоқ. Ақылы жолдарды шілде айына дейін іске қосу керек, сапасы жағынан өтсе, учаскелер автоматикасы жұмыс істесе, жолдар ашылады» деді министр.

Бізде жолдардың сапасына әсер ететін проблемалар бар: білікті кадрлар жетіспейді, мемлекеттік сатып алу жүйесі ақсап тұр, ал кейбір жобаларда техникалық қадағалаушылар мен аккредиттелген зертханалар жоқ. Міне, осыдан келіп ақылы жолдарды енгізу механизмі туындайды. Министр сөзінен осыны түсіндік. 

«3-4 күн бұрын жүк көлігі жүргізушілері жаңа учаскелерде ақылы жүйе енгізуге наразылық білдірген жағдайлар болды. Аталған мәселені шешу үшін министрлік, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «Атамекен» ҰКП және «Казлогистикс» қауымдастығы өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл мәселе соңғы 2 жыл бойы талқыланды. Ақылы жолдар – бұл әлемдік тәжірибе. Көптеген елдерде ақылы жүйе «Жолды кім пайдаланса, сол оны күтіп-ұстау үшін төлейді» деген әділ қағиданы ұстанады. Өйткені көбінесе пайда тапқысы келетін, инертті материалдар тасымалдайтын ауыр жүк көлігі жол төсемін бұзады. Сонымен қатар, Қазақстан аумағы арқылы үшінші елдерден он мыңдаған транзиттік жүк көлігі өтеді. Олар жолдарымызды тоздырады, ал біздің тасымалдаушылар шет елдердің аумағы арқылы өткенде, тиісті алымдар төлейді. Жалпы, 2025 жылға дейін автомобиль жолдарының 11 мың шақырымына ақылы жүйені енгізу жоспарланған. Бірінші кезеңде 2021 жылы 5,8 мың шақырым жолда ақылы қозғалыс ашу көзделген. Бұл жөнделмеген жолдарға әсер етпейтінін бірден атап өткім келеді. Бірінші кезекте, ақаусыз учаскелері бар жөнделген жолдар іске қосылатын болады. Бұл бірінші санаттағы жолдар болады» деді Атамқұлов. 

Министр мұндай тиімді әлемдік тәжірибені тоқтатуға болмайды, жыл сайын республикалық жолдардың 25 мың шақырымына мемлекет 40-42 млрд теңге бөлуге тиіс деді. 

«Болашақта ақылы жүйені біртіндеп енгізуді жоспарлап отырмыз, бірінші кезекте бірінші санаттағы ақаусыз учаскелер анықталды. «ҚазАвтоЖол» ақаулар актісін жасайды, бүгінгі таңда 5 800 км жолға автоматтандырылған жүйе орнатылды, ол жүйелі түрде енгізіледі. Атап өтерлік жайт, бұл процесс біртіндеп жүзеге асырылады, оны тоқтатпаймыз. Жүргізушілердің айтқан тарифтері және олар алған ақпарат – инсайдерлік болар, бұл көрсеткіштерді осы жолдардың рентабельділігін, өзін-өзі ақтауын есептеумен айналысқан Қазақ жол зерттеу институты қарастырған. Ресейде «Платон» арқылы төлем жасауға болатын жолдар бар, федералды жолдар бар, олар жол төсемін іс жүзінде істен шығаратын ауыр жүк көліктері үшін әртүрлі тарифтер қарастырған. Бірақ министрлік ұсынылған деректерді немесе есептік көрсеткіштерді әлі қабылдаған жоқ. Қазіргі кезде республикада 2013 жылы Үкімет белгілеген тарифтер қолданылады, олар өзгерген жоқ және бұл тарифтер одан әрі жұмыс істейтін болады» деп сендірді министр.

Сондай-ақ, ол екінші санаттағы жолдарда тарифтер төмен болатынын, бірақ нақты сома кейінірек белгіленетінін айтты. Ақаулы жолдар үшін төлем қабылданбайды. Мұндай екі учаске бар – Павлодар мен елорданың арасында және оңтүстікте Қызылорда ауданында. Жолдарды тұрақты түрде күтіп-ұстауға бюджеттен жұмсалатын қаржыны басқа да әлеуметтік проблемаларды шешуге бағыттауға болатыны маңызды. 

Қазіргі таңда әкімдіктердің коммуналдық меншігінде 132 мың шақырым жол бар, оның 71 мың шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар автожолдар. Әкімдіктердің өтінімі бойынша жергілікті желіні дамытуға министрлік республикалық бюджеттен 50/50 нысаналы трансферттер бөлмек. Биыл 229,9 млрд теңге бөлініп, оның 75,9 млрд теңгесі Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент көшелерінің көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталмақ. 

Атамқұлов айтқандай, елімізде 8 жыл бұрын бекітілген тарифтер әлі де сақталып отыр. Жеңіл көлік үшін – бір шақырым үшін 1 теңге, жақын маңдағы үйлердің тұрғындары үшін – абонемент жылына мың теңгені құрайды. Бұл жағдайда тек 40 тонналық көлік иелері ғана «шығын» көреді.