Жаңалықтар

Қырғызстан Сovid-19-ға қарсы егілген шетелдік туристерді қабылдауға дайын

Канадада COVID-19-ға қарсы вакциналарды араластыра қолдану мақұлданды

Перу билігі Сovid-19-дан болатын өлім-жітім көрсеткішін 2,5 есе арттырып, қайта қарады. Осының нәтижесінде ел жан басына шаққандағы коронавирустық инфекциядан болатын өлім көрсеткіші бойынша әлемде бірінші орынға шықты. 

Мемлекеттің премьер-министрі Виолета Бермудестің мәлімдеуінше, көрсеткіштер Перу және халықаралық сарапшылардың ұсынысы бойынша қайта қаралып, онда елдегі артық өлім жағдайлары ескерілді.

Жаңа мәліметтерге сәйкес, Перуде пандемия басталғаннан бері 180 764 адам қайтыс болған. Ескі есеп бойынша бұл көрсеткіш 69,3 мыңнан асқан болатын.

Канададағы Иммундау жөніндегі ұлттық консультативтік комитеттің хабарлауынша, AstraZeneca вакцинасының алғашқы компонентін салдырған азаматтар екпенің екінші дозасы ретінде осы препаратты немесе Moderna және Pfizer екпелерін қабылдай алады. Егер бірінші екпе Moderna немесе Pfizer препаратымен жасалса, екінші компонент тек осы екі компанияның препараттарымен жасалуы қажет. Бұл ұсыныстар Испания мен Ұлыбританияда жүргізілген жаңа зерттеулерге негізделген. Зерттеу нәтижелері AstraZeneca және Pfizer вакциналарын араластыру COVID-19-дың алдын-алу үшін қауіпсіз және тиімді екендігін көрсетті. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Тереза Тэмның айтуынша, бұл тарихта алғаш рет қабылданып жатқан шешім емес.  Ол бұрын мұндай шараның әртүрлі вакциналарға, соның ішінде тұмау мен А гепатитіне қарсы егілетін вакциналарға қолданылғанын атап өтті.

Германияның әрбір екінші тұрғыны пандемия аяқталғаннан кейін бетперде киюді жалғастырғысы келеді. Civey социологиялық институты жариялаған сауалнаманың  нәтижелері міне осындай. Институттың деректеріне қарағанда, бұл көрсеткіш 44,7% жетеді. Респонденттердің 41,9% алдағы уақытта аталмыш қорғаныс құралынан бас тартуды жоспарлап отыр. Сауалнамаға қатысушылардың қалған бөлігі өз таңдауын әлі жасаған жоқ.

Қырғызстан Сovid-19-ға қарсы егілген шетелдік туристерді қабылдауға дайын.
Бұл туралы Қырғызстанның Экономика және қаржы министрлігі жанындағы туризм департаменті директорының орынбасары Кыял Кенжематова хабарлады.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда елдің туризм департаменті коронавирустық пандемиядан кейін Қырғызстандағы туризм саласын дамытуға бағытталған алгоритмді әзірледі. Ол шетелдік туристердің санитарлық нормаларды міндетті түрде сақтауын көздейді. Сондай-ақ, құжатта туристер  Қырғызстанға Covid-19-ға қарсы екпені алған жағдайда  келе алатындығы көрсетілген. 
Қазіргі уақытта аталмыш алгоритм Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігінің қарауында жатыр.