Мәжіліс Жер кодексіне енгізілген түзетулерді мақұлдады

Жарияланды
Заң жобасының мақсаты –жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды күшейту

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары пленарлық отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.Бұл туралы ҚР АШМ баспасөз қызметі хабарлады.

Құжатты ҚР Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров таныстырды. Ол әзірленген заң жобасының мақсаты – жер заңнамасын жетілдіру, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беру институтын реттеу және жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды күшейту деп атап өтті.

 «Заң жобасында қазақстандықтар мен қазақстандық заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 49 жылға дейінгі ұзақ мерзімді жалға беру, жалдау мерзімі аяқталғанда оның мерзімін қайтадан ұзартудың басым құқығы, жер пайдаланушылар арасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану құқығын мемлекеттен сатып алмай иеліктен шығару қарастырылады. Бұл ретте пайдалану мерзімі кемінде 5 жыл және жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органды хабардар етуге міндетті болады», – деді Заң жобасын депутаттарға таныстырған бірінші вице-министр.

Бұдан бөлек, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумақтық бөлімшелері құрылып, жерді пайдалану мен қорғаудың мемлекеттік бақылау қызметтері орталық уәкілетті орган ведомствосына қайтарылатын болды.

Сонымен бірге, Заң жобасында «бау-бақша шаруашылығына» және «саяжай құрылысына» ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің нысаналы мақсатын өзгертуге тыйым салу, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке беру жөніндегі мораторийдің мерзімін 2026 жылдың 31-желтоқсанына дейін ұзарту, берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері туралы мәліметтерді ашық әрі қолжетімді болу үшін Мемлекеттік жер кадастры автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің интернет-ресурсында жариялау мәселелері қарастырылған.

Айдарбек Сапаров әзірленген заң жобасын қабылдау нәтижесінде жалға алынған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді экономикалық айналымға тартылады, жергілікті халықтың жайылымдық жерлерге деген қажеттілігін қанағаттандырылады, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері бойынша ақпараттың қолжетімділігі мен ашықтығы қамтамасыз етіліп, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тиімді болатынын айтты.

 «Сөз жоқ, жер заңнамасына талқыланған түзетулерді енгізу агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытуға берік негіз болады. Өйткені, Жер мәселелері – ауыл шаруашылығы экономикасын дамытудың негізгі факторы. Ел Президенті Үкімет алдына бірқатар міндеттер қойды. Ол міндеттерді біз агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 10 жылға арналған ұзақмерзімді тұжырымдамасын және АӨК дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобаны қабылдау арқылы іске асыруды жоспарлап отырмыз», – деді бірінші вице-министр Айдарбек Сапаров.
 

Сондай-ақ оқыңыз