Алдағы 5 жылда 12 зауыт салынбақ
Экономика министрлігі «Қазақстан Республикасының мұнай-газ-химия саласын дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын» әзірлеген. Осы құжат аясында алдағы 5 жылда мұнай-газ-химия өндірісі саласында 12 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Оған 3,39 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған.
Мәлімделген жобаларды іске асыру үшін тартылатын ( қарыз қаражаты мен шетелдік инвесторлардың қаражатын қоса алғанда) инвестиция көлемі шамамен 3,9 трлн. тг. құрайды. Соның ішінде республикалық бюджеттен 241,5 млрд теңге бөлінбек.
Бұл жоспарды жүзеге асыру нәтижесінде, 2025 жылға қарай мұнай-газ-химия өнімі өндірісінің көлемін 2020 жылмен салыстырғанда 5 есе артып, өндірілген өнім 2 млн тоннаны құрайтын болады
Экономика министрлігінің жоспары бойынша, 2025 жылға қарай, мұнай-газ-химия өнімінің экспорты 2020 жылмен салыстырғанда 8 есе ұлғайып, 1,336 млрд АҚШ долларын құрауы тиіс.
Ұлттық жоба аясында негізгі 3 міндет айқындалған:
1-міндет. Жобаларды шикізатпен қамтамасыз ету үшін шикізат базасын кеңейту;
2-міндет. Инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдай жасау;
3-міндет. Мұнай-газ-химия кластерін құру;
Бірінші міндет – шикізат базасын кеңейту үшін 2022-2023 жылдары Теңізде құрғақ газ шығаратын газ сепарация қондырғысы мен Теңіз – Қарабатан этан құбыры салынады. Жылына 9,1 млрд м3 құрғақ газ шығаратын газ қондырғысы мен 205 шақырыдық этан құбырын салуға 691 млрд теңге жұмсалмақ.
Қашаған кен орнының шикізаты базасында газ өңдеу зауытын салу жоспарланған. Оның қуаты жылына 1,15 млрд. м3 құрайтын болады. Бұл зауыт құрылысына 378,3 млрд теңге қажет.
Сонымен қатар, жылдық қуаты 560 мың тонна газ фракциялауға жететін зауыт та салынбақ. Оған қажет қаржы – 52 млрд теңге.
Екінші міндет – инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында:
• полипропилен,
• полиэтилен,
• бутадиен және оның туындыларын,
• полиэтилентерефталат,
• олефиндер,
• метил-трет-бутил эфирі мен полипропилен,
• метанол,
• карбамид,
• базалық май өндіретін 9 зауыт алынып, «ҰИМТ» АЭА инфрақұрылымын дамыту жоспарланған.