Банк пен қаржы

Микроқаржы ұйымдары енді ортақ қағидаға бағынбақ. Қаржы нарығында қандай жаңалықтар?

Агенттік төрағасы кеңінен тарқата айтып берді

Елімізде 2021 жылдың 1 қаңтары мен 1 сәуірі аралығында микроқаржылық қызметті лицензиялау аяқталды. Жыл басынан бері микрокредиттеу нарығының 1012 субъектісі, оның ішінде 593 ломбард, 205 кредиттік серіктестік, 214 микроқаржы ұйымы (МҚҰ), оның ішінде 20 онлайн-кредит компаниясы лицензия алған. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, қазіргі кезде 3659 микронесие ұйымы таратылып жатыр. Оның ішінде 1761 ломбард, 1222 кредиттік серіктестік, 676 МҚҰ, оның ішінде 7 онлайн-кредиттеу компаниясы қызметін доғармақ. 
 
«Микрокредиттеудің шектен тыс өсімін шектеу және қарыз алушылардың құқығын қорғау мақсатында сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлемесі және борыш жүктемесі коэффициенті енгізілді. Микроқаржы ұйымдары капиталының ең төмен мөлшеріне қатысты пруденциялық стандарттар көтерілді. Жұмыс істейтін субъектілерге капиталдың ең төмен мәндерін  2023 жылға дейін  МҚҰ үшін  – 30 млн теңгеден 100 млн теңгеге дейін, кредиттік серіктестіктер үшін –  10 млн теңгеден 50 млн теңгеге дейін, ломбардтар үшін  – 10 млн теңгеден 70 млн теңгеге дейін кезең-кезеңімен  көтеру көзделеді. Бұл ретте жаңадан құрылатын ұйымдар жарғылық және меншікті капиталды көтерілген ең төмен мәндер деңгейінде қалыптастыруға тиіс» дейді агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова. 

Сонымен қатар кәсіпкерлерге берілетін микронесие деңгейін арттыру үшін шалғай аудандарда «Бастау Бизнес» жобасының түлектеріне несие беретін 15 жаңа ұйым құрылған. 

Әбілқасымованың айтуынша, жеке тұлғалардың тұтынушылық несиесі 7,9 трлн теңгеге дейін өскен. Ипотека портфелі 2,4 трлн теңгеге дейін өскен. 

Сонымен қатар соңғы екі жылда жұмыс істемейтін кредиттердің деңгейі 7,4%-дан 6,9%-ға дейін төмендеген. Алайда 2021 жыл басталғалы төленбегеніне 90 күннен асып кеткен несие деңгейі 6,9-дан 7,6 пайызға көтерілген. Жүйе бойынша жұмыс істемейтін қарыздың 132 млрд теңгеге өсуі жекелеген банктердегі провизиялармен 100% өтелген және банк секторына қауіп төндірмейтін NPL өсімімен байланысты екен. 

«Биыл жыл басынан бері банк секторы көрсеткіштері оң өсім көрсеткен. Банктердің активтері – 5,9%-ға,  экономикаға берген кредиті 3,3%-ға өсті. Корпоративтік секторға  берілген несие 0,8%-ға өскен, бұл банктерде шығындарды тану және жұмыс істемейтін кредиттерді есептен шығару процестеріне байланысты. Банктерді қадағалау саласындағы заманауи және тиімді халықаралық тәжірибені қолдану мақсатында агенттік банктердің тәуекелдерін бағалаудың статистикалық модельдері негізінде қадағалап стресс-тестілеу әдіснамасын кеңейтуді жоспарлап отыр» дейді Мәдина Әбілқасымова.