«Курсив» пен «Шеврон» компаниясының «Нағыз Қазақстан» жобасының авторы Шығыс Қазақстан облысы, Шемонаиха ауданындағы Первомайский кентінде болып, кезінде дүркіреп тұрған Ертіс химия-металлургия зауыт жабылған соң, ауылдың күйі кеткенін көріп қайтты.
Редакциядан: Жоба авторының пікірі немесе қалада болып жатқан қандай да бір үрдіске берген субъективті бағасы редакцияның немесе «Шеврон» компаниясының пікірін білдірмейді.
Первомайский елдімекені аудан орталығы Шемонаихадан 40 шақырым жерде орналасқан. 1996 жылға дейін бұл жергілікті инфрақұрылымы дамыған, тұрғындарын осындағы кәсіпорын түгел жұмыспен қамтыған мекен еді. Жергілікті химия-металлургия зауыты бүкіл Кеңес Одағындағы осы бағытта жұмыс істейтін жылғыз зауыт болатын, зауыт жоғары сапалы ниобий шығарды. Бұл кәсіпорында ауылдың еңбекке қабілетті бүкіл тұрғыны, яғни 4000-ға жуық адам жұмыс істейтін.
1997 жылы кәсіпорын жекеменшікке өтіп, бірнеше айдан кейін банкрот деп танылды. Одан кейінгі 15 жылда зауыт бірнеше рет қолдан-қолға сатылып, ақыр аяғы жабылып тынды.
Жетім қалған кент
Ел-жұртқа жұмыс беріп отырған жалғыз зауыт жабылған соң, елдімекеннен күй кетті: жұмыссыз қалған тұрғындар ауылдан көше бастады, инфрақұрылым құрыды, көппәтерлі үйлер қаңырап, қирап, үйіндіге айналды.
1999 жылдары бұл елдімекенді 7 693 адам мекен етсе, қазіргі тұрғындарының саны бес мыңға жетер-жетпес.
Жиырма жыл ішінде кент біршама қаңырап қалған: жарым-жартылай бос тұрған үйлер, қираған ғимарат, үйілген қоқыс пен қиранды, әр жерде жатқан арматура, осы қоқыс арасынан темір-терсек жиған бала-шаға.
Кенттің көптеген тұрғыны қора-қопсысындағы малы мен шағын бау-бақшасының арқасында тіршілік қылып келеді.
Ал 2 немесе 5 қабатты үйлерде тұратындарға мүлдем қиын тиіп тұр. Бұрын бүкіл көпқабатты үйлер кенттегі негізгі кәсіпорын қазандығы арқылы жылытылатын еді. Ал қазір не орталық жылу жүйесі, не ыстық су, не кәріз жүйесі жоқ.
Әркім өз бетінше жан бағып, амалдап отыр. Біреулер «буржуйка» пешін қойып алса, кейбірі қыс бойы электр пешін қосып шығады. Ал ол тоқты көп жейді. Көпшілігі баспанасын сатылымға қойған, алайда сатып алушы табылуы екіталай.
Әлі де болса тіршілік лебі сезілетін үйлер де бар. Сондай-ақ, тұрғындары көшіп кетіп, қаңырап тұрған көпқабатты үйлер де жетерлік.
Кент орталығындағы саябақты шөп басып кеткен.
Дегенмен жергілікті тұрғындар ештеңеге қарамастан, туған жерін тастап кеткісі жоқ. Ауылдағы әрбір өзгеріске шын қуанып, болашаққа сеніммен қарайды.
«Ақырындап еңсе тіктеп келеміз»…
«Иә, бос қаңырап тұрған үйлер көп, иелері көшіп кеткен, бұл жекенің меншігі болғандықтан, біздің қолдан келер қайран жоқ. Зауыт жұмысы тоқтағалы бері, кенттен ел амалсыз көшіп жатыр. Жылына бір 15-20 отбасы көшіп кетеді» дейді Первомайский кентінің әкімі Татьяна Моисеева.
Ал ауыл бюджеті әкім апппараты шығыны мен субвенцияға ғана жетеді.
«Қираған үйінділерді шығарып тастау үшін қаржы керек. Былтыр мәдениет үйінің қираған ғимаратын қолға алдық. Ғимаратты бұзып, рекультивация жасау үлкен қаражатты қажет етеді. Сондықтан бұл мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Ал көпқабатты үйлерге келер болсақ, әрине, қыстың күні тұрғындарға қиын. Жапсарлас пәтер бос болса, үйді жылыту тіптен оңай емес. Шешілмеген түйткіл көп, адамдарға қиын, бірақ біздің қолдан келер қайран жоқ, бөтеннің жеке меншігіне кіруге құқығымыз жоқ» дейді кент әкімі.
Дегенмен, біршама оң өзгерістер де бар екенін айтып өтті.
«Жол картасы аясында мектептің шатырын жөндедік, бұл – біз үшін үлкен қадам. Биыл жолға асфаль төсегелі отырмыз, бұл да біз үшін қуаныш. 12 жолды орташа жөндеуге 189 млн теңге бөліген. Зауыт тоқтап тұрған 20 жылдан бері кент көшелері бұндай жөндеу көрген жоқ. Былтыр көшеге жарық шамдарын орнаттық. Оған 10 млн теңге жұмсалды. Жыл сайын ақырындап 90- жылдардың тоқырауынан ақырындап ес жиып, еңсе тіктеп келеміз. 4 жыл бұрын 4 көшеге орташа жөндеу жүргізілді» дейді Татьяна Моисеева.
Одан бөлек, ұзақ уақыттан кейін алғаш рет шағын демалыс ошағы ашылған. Бұрынғы балабақша ғимараты осы мақсатта сатып алынып, мемлекет меншігіне өткен.
«Әрине, бұл сәні мен салтанаты келіскен ғимарат емес, есесіне енді шағын мәдени орталығымыз бар. Бюджет қаржысына шатыры мен бір бөлігін жөндедік. Зал мен 3 кабинет бар. Үйірме ұйымдастырып, іс-шара өткізуге жарайды. Биыл су мен кәріз жүйесін жүргізуге ақша сұрадық. Жылу жүйесін жүргізіп қойдық. Енді қалған бөлігін жөндеуге ақша сұраймыз. Оған әр жерде көшіп-қонып жүрген кітапхананы орналастырсақ па деген жоспар бар» дейді ол.
Ауыл тұрғындарының мақтанышы мен үміті
Кент тұрғындары өсімдік майын шығатын кәсіпорын – «Востосельхозпродукт» ЖШС-ын мақтан тұтады. Кәсіпорын 2000 жылы тіркелген, тазартылған және тазартылмаған сұйық май мен тоңмай өндіреді. Ірі өндірістік кешен ауылдың кіре берісінде орналасқан.
Май зауытында 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Бұл – қазіргі кенттің еңбекке қабілетті халқы. Кент тұрғындары, ауыл әкімшілігімен қоса, май зауытының басшысы туралы жақсы пікірде.
«Май зауытының директоры Сергей Глушков баяғыдан осында тұрады, ауылға көмек қолын көп созды. Шаңғы үйірмесіне қаржылай қолдау көрсетіп, шаңғышылар базасына жөндеу жүргізіп, керек-жарағын алып беріп тұрады. Қажет кезінде техника да тауып береді» деді әкім.
Тұрғындар жұмысы 20 жыл тоқтап тұрған зауытты 2018 жылы сатып алған инвесторларға үлкен үміт артып отыр.
Жаңа инвестор бір ғана цехты қалпына келтіруге 2,5 миллион доллар жұмсаған. Аталмыш цехтан алғашқы өнім үлгілері шығарылыпты. Сирек кездесетін металдардан өнім шығаратын тағы екі цех салу жоспарланған болатын. Жоба құны – $120 млн. Алайда зауыт жұмысшыларының айтуынша, коронавирус пандемиясы бұл зауыттың да жұмысына кедергі келтіріп, өндіріс уақытша тоқтап тұр.