«COVID-19-сыз саяхат» қосымшасы қашан іске қосылады?

Жарияланды (жаңартылды )
Жоба ЕАЭО аясында жүзеге аспақ

Елімізде цифрланудың бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүзеге асып жатқанын байқап отырмыз. Дәл бұлай күш алуымызға пандемия да себепкер болды. Қазір тіпті кез келген нысан мен мекемеге «Ashyq» мобилді қосымшасы арқылы кіріп, құжаттарымызды да цифрлы нұсқада ұсына алатын болдық. 

Цифрлық даму министрлігінің мәлімдеуінше, жақын арада қазақстандықтар үшін «COVID-19-сыз саяхат» қосымшасы қолжетімді болмақ. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында саяхаттауды қолайлы етпек. Министр Бағдат Мусин сондай-ақ вакцинация паспорты электрондық үкіметтің мобильді платформасында орналастырылғанын, елшіліктердің немесе басқа ведомстволардың өтініші бойынша құжатты емханаларда басып шығаруға болатынын мәлімдеді. 

Осыған дейін Ресей үкіметінің басшысы Михаил Мишустин Алматыда өткен «Digital Almaty 2021» форумында аталған мобилді қосымша туралы айтқан болатын.

«1 ақпаннан бастап Ресейде «COVID-19-сыз саяхат» мобилді қосымшасы пайдаланыла бастады. Бұл қосымша барлық елде қолданысқа енгізіледі және елдер арасындағы байланысты нығайтады деп сенемін. Ресей, Армения, Беларусь азаматтары қазір осы қызметке көшті және оны табысты пайдаланып жатыр» деген еді Мишустин. 

Қосымша тәртібіне сәйкес бір жаққа ұшардан 72 сағат бұрын лабораториялардың бірінде тексеру жүргізіледі. Егер тест нәтижесі теріс болып шықса онда жауап мобилді қосымшада көрініп, әуежайда QR-код-пен расталады. Ол адам әрі қарай еш кедергісіз саяхаттай алады. 

Біраз уақыт бұрын сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікова аталған қосымша шілденің соңына дейін Қазақстанда қолданысқа енгізіледі деп хабарлаған. 

«Вакцина  салдырған, ПТР-тест тапсырған азаматтар туралы ақпарат сақталған бірыңғай порталды интеграциялау жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы жұмыс біткеннен кейін мобилді қосымшаны пайдалана аламыз. Менің білуімше, ол уақыт – 2021 жылдың екінші тоқсаны, яғни, осы жартылдық соңына дейін бұл сұрақ шешілуі тиіс» деген еді Күшікова. 

Осыдан бірнеше күн бұрын ғана Бағдат Мусин твиттердегі парақшасында аталған ресейлік қосымшаның еліміздің аумағында ресми түрде іске қосылғанын жариялады. 

Әрине, кез келген мобилді қосымшаны ел аумағында және шекарада еркін қолдана алу үшін елдегі интернет сапасы жоғары болуы тиіс. Министр Бағдат Мусин бұл тарапта іргелі жұмыстардың атқарылып жатқанын айтады. Оның айтуынша, «speedtest»-тің қорытындысы бойынша соңғы бір айда Қазақстан басқа мемлекеттерге қарағанда он сатыға көтерілген. 

«Интернет сапасы мүлдем төмен деп айту қиын, оның сапасы артып келеді. Пандемия олқылықтарды көрсетті, бүгінде олар жойылып жатыр. Шалғай елдімекендерде интернет сапасы нашар, тіпті, жоқ екенін де білеміз. Бұған қатысты тиісті жоспарлар бар. Мысалы, 510 елді мекенде интернет сапасын көтеру бойынша жұмыстар қолға алынды. Тиісті операторлармен келісімшарт жасалып, 86 елді мекенге жаңадан құрылғылар орнатылды. Сондай-ақ, интернет мүлдем болмаған 1200 ауыл интернетпен спутник арқылы қамтамасыз етілмек. Ол үшін «OneWeb» және «Starlink» компанияларымен ынтымақтастық орнатып, серіктес ретінде қызмет көрсететін кәсіпорындар ашу көзделген» деді министр өз жауабында.

Сонымен қатар, ведомство басшысы бұл салада бәсеке барын атап өтті. Елімізде, «Қазақтелеком», «Транстелеком», «Қазтранском» және тағы басқа мекемелер өз қызметтерін көрсетуде. Ал мобильдік интернет тарифтері әлемдік рейтингте ең арзандардың бірі болып табылады.

 

Сондай-ақ оқыңыз