Қаржы пирамиданың үш сатысы
Елімізде қаржылық алаяқтықтың және қаржы пирамидаларының жаңа түрлері қарқынды түрде күшейіп, жетілдірілуде. Өздерінің қылмыстық ойларын жүзеге асыру үшін алаяқтар көп жағдайда ең заманауи технологияларды пайдалануда. Қаржы пирамидаларының ұйымдастырушылары «жеңіл ақшаны» және жылдам табысты уәде етіп, өз құрбандарын интернетте, әлеуметтік желілерде, сондай-ақ мессенджерлерде құрықтарына түсіруде.Бұл туралы fingramota.kz сайты хабарлады.
Пирамиданың үш сатысы
Бірінші – құру кезеңі. Әдетте, бірінші қатысушылардың табысын қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы өз қаражаты есебінен төлейді, бұл ретте бірінші қатысушылар кішігірім жарна төлейді. Осылайша пирамиданың ұйымдастырушысы қатысушылар саны мен абыройын арттырады.
Екінші – даму кезеңі. Пирамида өздерінің үлкен табыстарына шабыттанған бірінші қатысушылар есебінен өте жылдам өсе бастайды. Бірақ жаңа қатысушылардың ендігі сыйақылары ұйымдастырушылардың, тиімді инвестициялардың немесе шынайы бизнес-жобалардың емес, жаңадан келген қатысушылар есебінен төленеді.
Үшінші – пирамиданың күйреуі. Бұл сөзсіз. Қатысушылардың белгілі бір саны және қомақты сома жиналғаннан кейін, ұйымдастырушы ақшаны алып тайып тұрады. Соңғы келген қатысушылар сыйақыдан да, өз қаражатынан да айырылып қалады.
Қаржы пирамидалары қаржы ұйымдарына жатпайды және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, банк шоттарын ашуға және жүргізуге арналған лицензиялары жоқ, тиісінше олар қаржы реттеушісінің бақылауында емес.