Жапония үкіметі вакцинация төлқұжаттарын шілде айынан бастап енгізуді жоспарлап отыр
Бангладеш билігі коронавирустық инфекция пандемиясына байланысты енгізілген шектеулердің күшін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл туралы ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК жұмысы туралы шұғыл ресми Telegram каналы хабарлады.
Республика үкіметі баспасөз қызметінің хабарлауынша, елде адамдардың қозғалысы мен қоғамдық көліктің жұмысына қойылған шектеулердің күші ұзартылды. Сондай-ақ, республикада туристік және ойын-сауық мекемелері мен курорттардың жұмысы тоқтатылған. Коронавирустық инфекцияны жұқтырудың жоғары деңгейі анықталған жағдайда, Бангладештің бірқатар аудандарында карантин талаптары қатаңдатылатын болады.
Жапония үкіметі вакцинация төлқұжаттарын 2021 жылдың шілдесінен бастап енгізуді жоспарлап отыр.
Жапондық бизнес-қоғамдастықтың өкілдері жұмысшылардың шетелдік сапарларға шығуын қамтамасыз ету мақсатында Еуропалық Одақ сияқты вакцинация паспорттарын енгізуді талап етіп отыр. Осыған орай Жапония үкіметі муниципалитеттерге коронавирустық инфекцияға қарсы екпені алған азаматтар үшін сертификаттарды шығаруды шілденің соңында бастауға мүмкіндік бермек. Вакцинаны қабылдағандардың паспорттары электронды түрде де шығарылуы мүмкін.
Швеция тұрғындарына COVID-19-ға қарсы вакцинаның үшінші компоненті ұсынылады.
Мемлекеттің Қоғамдық денсаулық сақтау агенттігінің хабарлауынша, коронавирустық инфекцияға қарсы екпенің үшінші дозасы осы қыста 80 жастан асқан азаматтар үшін қажет болуы мүмкін.
Вакцинаның үшінші компонентімен қарттар үйінде тұратын немесе иммундық жүйесі әлсіреген қарт адамдардың егілетіні атап өтілген. Қоғамдық денсаулық сақтау агенттігі алдағы екі жыл ішінде егу шараларының қажеттілігін бағалау барысында қосымша қайта вакцинациялау қажеттілігі туралы қорытындыға келді.