Көбіміз экологиялық мәселелерге жиі алаңдаушылық білдіріп, әлеуметтік желіде осы тақырыпқа қатысты жаңалықтарды жиі бөлісеміз. Кейбір белсенділер қол жинап, үкіметке арыз айтып та жатады. Мәселен, «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарлар мен аңдарды, талдарды, ағаштарды қорғау деген сияқты. Алайда кей ұсыныстар мен дау-дамайлар шеңберден шығып, шамадан тыс болып та жатады. Себебі, шынында біз жан-жүрегімізбен алаңдап жүрген кейбір мәселелер экологиялық тұрғыда тіпті де зиянсыз болып шығуы ықтимал.
Жасанды тон кию арқылы сіз планетаны құтқарып қаласыз.
Бұл негізінде ақылға сыймайтын қисын. Керісінше, жасанды тонның табиғатқа келтірер зияны орасан. Жасанды ішікті тігіп шығу үшін көп көлемде электр энергиясы мен су жұмсалады. Ал мұндай өндірістен тарайтын зиянды түтіннің мөлшері өте көп. Екіншіден, тонның жасанды түктері полимер талшықтарынан жасалған. Ал сол киім әркез жуылып, кептірілген кезде микропластика талшықтары ауаға тарап, қоршаған ортаны ластайды. Киімді тоздырып қоқысқа лақтырғанның өзінде тон жойылып кетпей, қоқыста жүздеген жылдар бойы жата беруі мүмкін.
Жасанды шырша – дұрыс нұсқа
Бұл байламды да түбегейлі орынды деп айтуға келмес. Сатылымға арнап өсірілген шыршаларды сатып алу, оның жасанды нұсқасын сатып алуға қарағанда әлдеқайда пайдалы. Кейде базарларда түбірімен тұрған шыршаларды көреміз. Пайдаланылып болған соң оларды қайта отырғызуға жібереді. Алайда көбісі қайтадан тамыр жайып кете алмайды. Дегенмен кесілген шыршаларды жаңа жылдық мерекеден соң қайта өңдеуге жіберуге болады. Жасанды шыршадан табиғатқа келетін залал табиғи шыршадан келетін залалдан 3,5 есе көп екен. Сондықтан мерекені тойлау үшін шынайы шыршаны сатып алғанның әбестігі жоқ. Тек сатып алу кезінде тауардың құжатын сұрауды ұмытпау керек.
Аңшылар – табиғаттың жауы
Шын мәнінде аңшылар – табиғаттың жауы емес. Жабайы табиғатқа шыққан мезетте барлық талап-тәртіпті белінен басатын браконьерлер ғана – басты жау. Солардың оңды-солды оқ атуынан мыңдаған елік, бұғылар өліп, жоғалып кетіп жатады. Соңғы кезде елімізде тіпті браконьерлер қолынан адамның да қаза табуы, жаралануы жиілеп кеті. Ал аң атуға рұқсаты бар аңшылар керісінше, жабайы табиғатқа пайда әкеледі. Мәселен, АҚШ-та аңшылардың арқасында көптеген қалың ормандар жойылып кетуден аман қалған. Сонымен қатар аңшылардан алынатын алым-салық ормандар мен аңдардың игілігіне жұмсалады.
Зообақты жабу керек
Егер зообақ жануарларға қажетті жағдай жасап отырса, онда оны жауып тастаудың қажеті бар ма? Негізінен зообақтарда жоғалып бара жатқан аңдар болады. Соның арқасында жануарлар популяциясы қайтадан дамиды. Сонымен бірге зообақтар арқасында түрлі ғылыми зерттеулер жүргізіліп, біздің олар туралы таным-түсінігіміз кеңейе түседі.
Ну ормандардағы ағашты кесіп, олардың орнына жас көшет егу
ТМД аумағындағы ормандардың көбі игеріліп кетті. Қазір тек солардың аз бөлігі ғана өзінің алғашқы бет-бейнесін сақтап тұр. Мұндай ормандарды әлемде саусақпен санап алуға болар. Онда біз біле бермейтін ағаштар өседі, аз сақталған, біз естімеген жануарлар мекендейді. Ондай ормандар біздің планетамыздың биологиялық алуан түрлілігін сақтап қана қоймай, су режимін реттеуге, топырақты қорғауға көмектеседі. Ал жас отырғызылған ағаштар осыған дейін жайқалып, ну жыныс болып өскен орманның орнын толтыра алмайды. Бірнеше жүздеген жылдар бойы қалыптасқан экожүйені қалыпқа келтіре алмайды.
Адамдарға келген жабайы жануарларды тамақтандыру керек
Әсіресе, Ресей жақта адаммен достасқан аюлар туралы жиі естіп қалып жатамыз. Жыртқыш жануарлар әлі қонжық кезінде адамдардан тамақ дәметіп келеді. Әрине, адам баласы аяп, жанашырлық танытып оны асырап та жатады. Алайда жоны күдірейіп, салмағы 300 келіге жеткен соң аю адам үшін қауіпті болмақ. Кейбіреулер сонда да аю асырауын жалғастырғысы келеді. Бұндай ахуал біріншіден адам өміріне қауіп төндірсе, екіншіден жыртқыштың өз бетімен жемтігін іздеу қабілетін кемітіп тастауы ықтимал.
Мен көшеде қоқыс лақтырмаймын – экологияға көмектесемін
Егер сіз көшеде қоқыс лақтырмайтын болсаңыз, сіз бірінші кезекте аула сыпырушыларға көмектесесіз және көшенің эстетикалық тартымдылығына үлес қосасыз. Яғни, бұл әрекетіңіздің экологияға үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Егер сіз пластикалық бөтелкені қоқыс жәшігіне лақтырсаңыз, ол буланбайды. Басқа қоқыстармен бірге арнайы аймаққа жеткізіліп, бәлкім ондаған, бәлкім жүздеген жылдар бойы жата береді. Ал егер қолыңыздағы қоқысты тура қайта өңделетін зауытқа жеткізіп берер болсаңыз, сонда ғана ептеп экологияға үлес қосасыз – қоқыстың екінші өміріне жол ашасыз. Ең дұрысы – артық қоқыстан арылу. Ол үшін өзіңіз тұтынатын қай затты да таңдап, саралап барып алу керек.
Экожүйені сақтау үшін – оған қолжетімділікті жойып, кез келген әрекетке тосқауыл қою керек.
Мұндай радикалды шараларды бәлкім, жасар амал қалмаған мезетте іске асыру керек шығар. Әйтпесе, радикализмнің жақсылыққа жетелеуі тым сирек ұшырасады. Елімізде ерекше қорғауға алынған арнайы өлкелер, территориялар бар. Тіпті қатаң бақылауға алынған қорықтардың өзінде белгілі бір қызмет түрі мен әрекеттер жүзеге асырылатын аймақтар болады.