Қазақстан қымбаттаған картоп пен сәбізді көрші елдерден тасиды
Ішкі нарықтағы сұранысты қанағаттандырып, баға тұрақтауы үшін Қазақстан көкөністі көрші мемлекеттерден тасиды. Бүгін сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Иран және Ресеймен арнайы келісім жасалып жатқанын айтты.
Министрдің айтуынша, осы мемлекеттермен жасалған форвардтық келісімнің арқасында нарықтағы көкөніс тапшылығы жойылады екен. Бұл келісімді пысықтауға министрдің өзі бармақ.
«Маусым аралығы мен жиын-терім кезінде картоп-сәбіз, пияз бен қырыққабат сынды көкөністерді өзара жеткізіп отыру жөнінде форвардтық келісім жасауды жоспарлап отырмыз. Жиын-терім кезінде біз 765 мың тонна көкөніс экспорттасақ, ерте көктемде біздің нарыққа ерте пісетін 280 мың тонна көкөніс түседі» деді министр.
Форвардтық келісімдер жергілікті нарыққа көкөніс тұрақты түсіп тұруына кепіл болмақ. Нақты тауар жеткізу тәртібі бекітіледі. Осы келісімдер толық жүзеге асса, көкөніс бағасы 2-3 есе шарықтап кетпей, бар-жоғы 7-10 пайызға қымбаттайды екен.